Қазақстан • 24 Сәуір, 2025

Әділдік пен келісім қағидаттарын нығайтамыз - депутат

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында Сенат депутаты, ҚХА Журналистер клубының төрағасы Әлішер Сатвалдиев сөз сөйледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әділдік пен келісім қағидаттарын нығайтамыз - депутат

Парламент пен мәслихаттар депутаттары атынан мерейтоймен құттықтаған Әлішер Ғапиржанұлы жалпы, ұлттық тұтастық тақырыбы қашанда өзекті екенін атап, өзбек қауымдастығының өкілі, Мемлекет басшысы тағайындаған сенатор ретінде сөз сөйлеу зор бақыт екенін тілге тиек етті.

«Бұл тұрғыдан Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін ерекше атап өтуіміз қажет. 30 жылдық тәжірибе елімізде жалпыхалықтық бірлікті нығайтуға бағытталған тиімді заңнамалық, басқарушылық және институционалды тетіктердің толық орныққанын көрсетті», деді Ә.Сатвалдиев.

Депутаттың айтуынша Ата Заңымыз – этносаралық қатынастардағы үйлесімділікті қамтамасыз ететін нақты әрі толыққанды нормаларды қамтитын, яғни, барша азаматтардың теңдігін, ұлттық бірлік идеясын білдіретін символдық тұғырымыз.

«2008 жылы қабылданған «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң – этносаралық қарым-қатынасты, келісім және ынтымақтастықты қамтамасыз етудің кепілі екенін дәлелдеді. 30 жыл ішінде Ассамблея қызметіне қатысты Президенттің 10-нан астам Жарлығы жарияланды. Ассамблея стратегиясы, мерзімді тұжырымдамалар және бірқатар салалық бағдарламалар қабылданды. Бұның барлығы жүйелі жұмыстың көрінісі», деді Ә.Ғапиржанұлы.

Сенатордың айтуынша 2007 жылы қабылданған саяси өзгерістерден кейін Мәжіліске 9 ассамблеялық депутаттың сайлануы басталды. Ал, жаңа кезеңдегі конституциялық реформа, Сенатқа 5 депутат тағайындау арқылы, Қазақстандағы этникалық топтардың барлық мүддесін тиімді қарастыруға жол ашып, Ассамблея өкілдерінің мәртебесін арттырды.

«Бұл – еліміздегі тұрақтылық пен әділеттілік қағидатын іске асырудың нақты көрінісі. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының нақты іске асуы. «Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар» жобасы және «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобы – халықтың тыныс-тіршілігін зерделейтін тиімді құралға айналды. Облыстық мәслихаттарда «Бірлік», «Ынтымақ» сынды депутаттық топтар құрылды», деді Сенат депутаты.

Сенатор өз сөзінде бұның барлығы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жыл ішінде қол жеткізген, ешкім таласа алмайтын, тарихи мәні зор төл жетістігі екенін атап өтті.

«Ассамблеядан сайланған депутаттар ретінде біздің басты міндетіміз – тек өкіл болу ғана емес, заңнамалық деңгейде теңдік, әділдік пен келісім қағидаттарын нығайту», деді депутат.

Сөзінің соңын сенатор Ә.Сатвалдиев Қазақстандағы барлық саяси күштерге және әріптестеріне арнаған үндеумен аяқтады.

«Этносаралық қатынастар бүгінде жаһандық саясаттың жүйелі факторына айналды. Біз – бұндай үдерістерге өркениетті жауап беріп, «Заң мен тәртіп» қағидатын берік ұстанып, саяси арандатуларға жол бермеуіміз қажет. Біз – біртұтас халықтың бөлшегіміз. Бізге – сенім, мандаты берілген. Бұл сенімді абыроймен ақтау – біздің ар-намысымыз бен саяси жауапкершілігіміздің ісі. Біз – Ассамблея мүшелері үшін қасиетті жерімізде бейбітшілік пен келісімді нығайтудан, Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды қастерлеуден асқан миссия да, міндет те жоқ!», деді ҚХА Журналистер клубының төрағасы Әлішер Ғапиржанұлы.