Мирас • 25 Сәуір, 2025

Бесқаланың атақты бес жырауы

350 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Әмудария бойын, Бесқала атанған өлкені ежелден жайлаған қазақтардың арасынан ірі жыршы-жыраулар көптеп шыққаны мәлім. Анығырақ айтсақ, бұл аймақтағы қазақтар арасынан елге кең танылған, шығармашылық қоржыны мол жүзден астам ақын-жырау жыраулық өнердің дамуына ерекше үлес қосты. Кеңестік кезеңде жалпы қазақта жыраулық өнер көмескіленіп бара жатқан тұста Бесқала жыршыларынан өнеге алуға Қазақстаннан жас өнерпаздар көптеп барса, музыкатанушы, фольклоршы-ғалымдар да арнайы экспедиция ұйымдастырып, бірнеше рет аралап, көл-көсір дүниелерді хатқа түсірді.

Бесқаланың атақты бес жырауы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бұл жөнінде ҰҒА академигі Рақманқұл Бердібай: «Қазақ ауыз әдебиетінің өте бай өлкесі – Қарақалпақстан. Бұл елді фольклор материгі десе де артық емес. Қарақалпақстан аймағындағы қазақ­тардың фольклоры мен халық поэ­зиясы көлем жағынан ондаған том құрарлық екеніне көз жетеді», деп жазды («Қ.А.Ясауи университетінің хабаршысы», №1, 2009). Халық өнеріне қырын қараған кеңестік кезеңнің өзінде Бесқала жырауларының даңқы дүркіреп, олардың мақам-саздары күллі қазаққа танымал болды. Жазушы, зерттеуші Әнес Сарай 1982 жылы жариялаған «Тағы да жыраулық өнер хақында» ма­қаласында: «Жыраулық дәстүрдің ежелгі өнегесін үзбей жалғастырып келе жатқан – Маңғыстау, Қарақалпақ, Түрікменстан қазақтары. Неше алуан жыр, әуендер сонда жатыр. Сол жақтарға да құлақ түргеніміз теріс болмайды» («Қазақ әдебиеті» газеті,1.01. 1982), деп көпшілікке ой тастаған еді. Алқаға түссе бірнеше күндеп жырлайтын әйгілі Наурызбек жырауды кеңес заманында Қазақстаннан Жақсылық Сәрсенғалиев (1944–2001), Қаламқас Орашева (1953–1988), Болатбек Ердәулетов, (1947–2016), Бақтыгерей Сандыбаевтар арнайы іздеп барып, шәкірті болды. ХХ ғасырда Бесқалада Өтім Балтуғанұлы, Әбдімұрат Қоңырбайұлы, Теңізбай Есенбайұлы, Жақсылық Мамытұлы, Алдаберген Тасқынбайұлы сынды жыраулар өткен.

Бесқала жыраулық дәстүрінің дамуы­на ерекше үлес қосқан ақын-жырау­лардың бірі – Өтім Балтуғанұлы. Ол Тақтакөпір өңіріндегі Балапан ауылында туып, сол аймақта дүниеден өткен. Профессорлар О.Нұрмағамбетова­ның («Қазақтың қаһармандық эпосы – «Қобыланды батыр») Қ.Жұмажанов­тың («Қарақалпақ аймағындағы қазақ әдебиеті») М.Әбілұлының («Дәуқара өңірінің діни-ағартушы қазақ ақын-жыраулары») зерттеу-еңбектерінде Өтім жыраудың өмірі мен шығармашылығына қатысты біршама дерек кездеседі. 1989 жылы Әжінияз атындағы Қарақалпақ педагогикалық институты қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының студенттері фоль­клорлық экспедициямен Тақтакөпір ауданына барып, Өтім жыраудың мұра­ларын жинастырса, әдебиетші-ғалым М.Әбілұлы да көнекөздерден жыраудың өлеңдерін, өміріне қатысты біршама ­дерек жинастырған. Өтім жыраудың өлең, термелері Нөкіс қала­сынан шығып тұрған қазақ басылымдары – «Достық үні» газеті, «Өркен» журналында, еліміздегі «Қазақ Елі» газетінде жарық көрді. Қ.Жұмажанов «Қарақалпақ аймағындағы қазақ әдебиеті» монографиясында Өтімнің ұстазы Қазан жырау (1846–1918) деген дерек келтірсе, жыршы Өсербай Сәрсенбайұлы көнекөз қарттардан естіген әңгімелеріне сүйеніп, Өтімге Қосым жырау да (1816–1890) ұстаз болғанын айтады. Ескі әңгімелерді көп білетін Тәжетдин Алдажарұлынан естіген бір оқиғаны былайша баяндайды: «Қосым жыраудың қартайған, Өтімнің жастау кезі екен. Тауелібай жерінде үлкен той болатын болып, шартарапқа хабар жіберіледі. Ат бәйгісі, балуандар күресі тәрізді са­йыстармен қатар, жырауларға «он бір күн бір айтқанын қайталамай жырласын» деген талап қойылыпты. Тойдың хабарын есітіп, Қосым жыраудың барғысы келеді. Өтім Қосымға келіп, «ұстаз, жасың үлкейді, мен барайын» дейді. Ұстазы оған «сенің сөзің аздау ғой, жетер ме екен» деген күдігін айтса да, «тәуекел, бата берсең барайын» деп Өтім ұстазының рұқсатын алады. Тойда айтылған уақытқа аз ғана қалғанда жыраудың сөзі, шынында, тау­сылыпты. Сөйтіп, не айтарын білмей қысыла бастағанда қатар-қатар тігілген киіз үйлердің бірінен той беріп жатқан байдың сән-салтанаты келіскен бәйбішесі шыға келеді. Содан ақындығы да басым Өтім жырау дереу сол байдың бәйбішесін суреттеп, жырлай бастайды. Ақ көйлегін, қамзолын, сыңғырлаған сырғасын, күміс шашбауларын, қолындағы сақина-білезігін бәрін жырына қосыпты. Ет пісірім уақыт осылай жырлап, соңында жырауларға арналған сый-сияпатты алады. Бәйбіше де Өтімге ырза болып, «жыршыға менің де беретін сыйым бар» деп өзінің ықылас-бәйгесін беріпті».

1962 жылы музыкатанушы Т.Бекхо­жина Нөкіс қаласында тұратын әнші-жыршы Қуанышбай Досымбаевтан (1908–1996) Өтімнің «Кіріспе сөз», «Әй, кеулім, көп ойланба, тоқта-тоқта» деген екі толғауын жазып алады. Ол бұл туындыларды Өтімнің шәкірті Се­реке жырау Есбайұлынан (1899–1969) үйренген. Фольклортанушы ғалым О.Нұрмағамбетова Өтім жыраудың 1860–1920 жылдар аралығында өмір сүргенін айта келіп: «Негізінен, батырлар жырын жырлаған. Өтім жырлауындағы жырлар: «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Шора батыр», «Қобыланды», «Едіге», «Қарасай-Қази», «Айман-Шолпан», «Ер Сайын», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ер Тарғын», деп жазады («Қазақтың қаhармандық эпосы «Қобыланды батыр». А., 2003. 246-б.).

Бесқала аймағынан шыққан әйгілі жыраулардың бірі – Әбдімұрат Қоңыр­байұлы (1897–1943).

Бөршітаудың Белтау деген жерінде туған. Әбдімұрат жаманша Серікбай жырауға шәкірт болады, Әйімбет ишан­ның медресесінде оқыған. Өзіне дейінгі ақын-жыраулардың мұра­ларын көп білетін Әбдімұрат өз жанынан да көптеген жыр-толғау мен мақам шығарады. Қ.Жұмажановтың «Қара­қалпақ аймағындағы қазақ әде­биеті» монографиясында Әбдімұрат жыраудың 1938–1939 жылдары Шымбай қаласындағы халық театрында Аббаз Дабылов, Садық Нұрымбетов, Есжан Қосболатов сынды қарақалпақтың атақ­ты ақын-жырауларымен қызметтес болғаны айтылады. Әбдімұрат жырау «Мұңлық-Зарлық», «Бозұғлан», «Ал­памыс», «Қобыланды», «Шәкір-Шә­кірат», «Едіге», «Қарасай, Қази», т.б. жыр-дастандарды жырлаған. Әбдімұрат жырау жырлаған «Бозұғлан» жыры жүз томдық «Бабалар сөзінің» 47-томында жарияланды. Бұл эпос­ты профессор Қ.Жұмажанов 1970 жылы Қара­өзек қыстағында тұратын Аймұрат Әбдімұратұлынан жазып алып, 2007 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорына тапсырған. Филология ғылымдары­ның кандидаты С.Қосан Әбдімұрат жырау жырлаған бұл эпос жөнінде: «Бозұғланды» айтушы Аймұраттың әкесі Әб­дімұрат бұл шығарманы 30 жыл бойы жырлап, халық құрметіне бөленсе керек. Жырдың сюжетіне келсек, тақырыбы бір бол­ғанмен, негізгі оқиғалары «Боз­ұғлан­ның» бізге белгілі нұсқаларының ешбі­реуіне ұқсамайды. Бар болғаны бас­ты кейіп­керлерінің есімдері – Бозұғлан. Жыр­­дың басқа нұсқаларындағы сюжеттер негізі туысқан түрікмен халқының тари­хи аңыздарынан бастау алады әрі кейіп­­керлер де сол елдің тумалары. Ал қара­­қалпақ қазақ­тары арасына таралған «Бозұғлан» эпосының сюжеті орта ғасыр­лар­дағы қазақ тарихының оқиғаларын мең­зейтін жергілікті жыр-аңыздарға құрыл­ғанын көреміз. Жырау эпоста сирек ұшы­райтын әдемі де әсерлі лирикалық тол­ғауға орын беріп, ақындық дарынының күш­ті­лігін аңғартады» («Бабалар сөзі»: Жүз томдық, 2008. Т. 47. 375-б), – деп жазады.

Әбдімұрат жырау Екінші дүниежү­зілік соғыста жараланып, туған жері­не оралған. 1943 жылы дүниеден өтіп, Төртінші ауылдағы Жыланды қоры­мын­да жерленген. Әбдімұрат жы­рау­дың жолын Мыңбай, Теңізбай, Жұмамұрат, Аймұрат, Қарасай жыраулар жалғастырған.

Әбдімұрат жыраумен замандас, әйгілі жыраулардың бірі – Теңізбай Есенбайұлы (1905–1968).

Тақтакөпір ауданындағы 4-ауылда туып-өсіп, Әйімбет ишан Қаймақ­байұлының (1855–1937) «Қамысты» медресесінде оқыған. Профессор Қ.Жұ­мажанов: «Атасы Қонақбай ақын­дығы бар серілеу кісі екен. Теңіз­байдың анасы Наурызбике әнші, әңгі­мешіл, ойын-сауықты жаны сүйе­тін, жайдары мінезді жан болған. Теңізбайдың ән-жырға құмарлығы Қонақбай мен Наурызбике арқылы оянған. 1933 жылы Қонақбай қайтыс болғанда, атасының кітаптарына Теңізбай мұрагер болып қалады. Ата жолын жалғастырады. Жаттағандарын домбырамен айтуға төселеді», деп жазады. («Қарақалпақ аймағындағы қазақ әдебиеті», 49-50-б.). Теңізбай жырау Бесқала, Түрікменстан қазақтарын және еліміздің батыс өңірлерін аралап жырлап, халыққа кеңінен танымал болды, көптеген жыршы-жырауларға ұстаздық етті. Әйгілі жырау Сүгір Беген­дікұлы «Теңізбай – екі дүниенің жырауы» деп бағалаған. Теңізбай жыраудан – Жұмамұрат, Махамбет, Хайролла, Тұрғанбай, Сарыбай, Алдаберген, Қарасай тағы басқа да жыраулар өнеге алған. Бүгінгі жыршылардың репер­туарында «Теңізбайдың толғауы», «Теңіз­байдың жолы», «Теңізбайдың жыр-күйі» сияқты туындылар бар.

Бесқала аймағындағы жыраулық, әншілік дәстүрдің дамуына зор үлесін қосқан өнер иесінің бірі – Жақсылық Мамытұлы (1899–1961).

Ол Қоңырат ауданының Қарабура деген жерінде туып-өскен. «Үлкен Жақсылық», «Жоли Жақсылық» атымен танылған ол «Қобыланды», «Қыз Жібек», «Қарасай Қази», т.б. желілі жырларды жырлап, өз жанынан «Толғау-толғау сөз келді», «Менің атым Жақсылық», «Дом­быра қолға ала­йын», «Құдайым сөз беріпті тілге лайық» сияқты терме-толғаулары мен «Ән басы», «Көк айна», «Іңгәй-ау», «Жақсылықтың әні» сияқты т.б. мұралары көзінің тірісінде хатқа және дыбыс таспасына түсірілген.

Жақсылық 1926 жылы Шымбай өңірінің Жалғызқұм деген жерінде өткен Қосназар деген кісінің тойында қарақалпақтың Әбдірасулі, Бегмұрат, Ерполат және қазақтың Әбдімұрат, Серімбет (Сереке), Дариябай жырауларымен бірге жырлап, ерекше көзге түсіп, ел аузына ілінеді. 1955 жылға дейін үлкен тойларда жырлап келген Жақсылық 1961 жылы дүниеден өтіп, туған жеріндегі «Ешім ақұн» қорымына жерленеді.

Бұрынғы өткен үлкен жыраулардың мұраларын кейінге жеткізіп, насихаттаған жыраулардың бірі – Алдаберген Тас­қын­байұлы (1926–2007) еді.

Жыршылық өнерде өзіндік із бен мол мұра қалдырған оның есімі тыңдаушы қауымға жақсы таныс. Оның орында­уында «Асау-Барақ» жыры тұңғыш рет күйтабаққа жазылып, күллі қазаққа тарады. Ол Арал теңізінің оңтүстік жаға­лауындағы Мойнақ өңірінің Үшсай ауылында туып, Нөкіс шаһарында дүние салды. Бала күнінен Сапарбай, Құдайберген, Ерқожа сияқты жыршыларды тыңдап өскен Алдаберген ертеден келе жатқан насихат терме мен толғауларды, көлемді эпостарды жырлаумен шектелмей, өз жанынан да көптеген терме-толғау шығар­ды. Наурызбек жыраудан өнеге көрді. 1980 жылы өткен халық ақындарының бүкілқазақстандық айтысына қатысып өнер көрсетті. Бұл жөнінде «Мәдениет және тұрмыс» журналында: «Аталған мерекеге туысқан Қарақалпақ АССР-інен келген жыраулар Жалғасбай Аралбаев, Хайролла Иманғалиев, Алдаберген Тасқынбаев жыраулық өнер жайында әңгіме айтып, өз шығармаларын орындап берді», деген дерек кездеседі (№9. 1980). А.Тасқынбайұлының қолжазбаларын жүйелеп, кітап етіп бастыруда әдебиетші-ғалым Қайыржан Аралбаев көп еңбек сіңірді. Жыраудың өмір жолы мен шығармашылығына қатысты «Жыршы мерейі» атты зерттеу-еңбек пен бірнеше мақала жазып жариялады. Академик Р.Бердібай Алдабергеннің жыршылық шеберлігін сөз ете келіп: «...Алдаберген Алматыға келіп, халық университеті тыңдаушылары алдында термелетті. Көптен бері мұндай нағыз жыршыны көрмеген халайық ерекше бір серпіліске түсіп, рақатқа кенелгені көз алдымызда», деп жазса («Жыршылық дәстүр», 1980. 33-б), филология ғылымдарының кандидаты Қ.Аралбаев: «Алдаберген ағаның жыршылық репертуары өте бай, сан-салалы. Ол эпикалық дастандардан «Асау-Барақ», «Қарасай, Қази», «Едіге», «Төреханды» орындаумен бірге, көптеген терме-толғауды да шебер орындайды. Алдекең тек жыршы ғана емес, ақын да. Оның әр жылдарда шығарған туындылары да мол», дейді («Жайылсын елге әр сөзім», Нөкіс, 1998. 3-б.). А.Тасқынбайұлы орындауындағы «Асау-Барақ» жыры ғана емес, терме-толғаулары да күйтабаққа жазылып, халық арасына кеңінен таралды. Ұзақ жыл бойы тыңдаушысын жырымен сусындатқан өнерпаз «Қара­қалпақстанның халық жырауы» деген атаққа ие болды. Алдаберген жыраудан Еркінбай Бабақұлов, Аманжол Есмыр­заев, Бауыржан Ермекбаев, Бақтыбай Елеусінов сияқты шәкірттері өнеге көріп, батасын алған. Ол шәкірттері бүгінгі күнде ел арасында жыр жырлап, ұс­тазының мұраларын насихаттап келеді.

Сөзімізді түйіндесек, Бесқала жыршы-жыраулары ұлттық өнерді сақтап қалуға зор еңбек сіңірді. Бүгінде біз сол қазыналы мұраны жинақтап, мақам-саздарын нотаға түсіріп, терме-дастандарды кітап етіп шығару жолында еңбектеніп келеміз. Ұлттық өнеріміздің үлкен бір арнасы – жыршы-жыраулық дәстүр болса, ол жан-жақты насихат­талуға тиіс.

 

Күнқожа ҚАЙРУЛЛА,

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы,

Мәдениет саласының үздігі