Саясат • 28 Сәуір, 2025

Қырым кімге бұйырады?

100 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Украина төңірегі туралы дау тағы да күн тәртібіне көтерілді. АҚШ президенті Дональд Трамптың Қырымға қатысты айтқан батыл пікірі жаһандық сарапшылардың назарын аударды. Трамптың айтуынша, Украина көшбасшысы Владимир Зеленский бейбіт келісім үшін Қырымды Ресейге беру мүмкіндігін қарастырып отырған көрінеді. Бұған дейін Киев тарапынан мұндай ұсыныстар үзілді-кесілді қабылданбағаны белгілі. Сонымен В. Зеленский «бастан құлақ садақа» деп халықтың бейбітшілігі үшін жерінен бас тартуы мүмкін бе әлде соғысты жалғастыра бермек пе? Осы мәселені әлемдік БАҚ жүйесі арқылы саралап, арнайы зерделеп көрдік.

Қырым кімге бұйырады?

Фото: Украина президентінің баспасөз қызметі

АҚШ Президенті Дональд Трамп украиналық әріптесі Владимир Зеленскийдің бейбіт келісім аясында Қырымды Ресейге беруге дайын екенін мәлімдеп отыр. Оның айтуынша, Киев бұған дейін мұндай ұсыныстарды үзілді-кесілді қабылдамағанымен, қазіргі жағдайда көзқарасы өзгеріп жатқанға ұқсайды.

«Украина басшысы аннексияланған оңтүстіктегі түбегін Ресейге беруге келісе ме?» деген БАҚ өкілдерінің сұрағына Дональд Трамп «Мен солай ойлаймын» деп қысқа жауап берді. Сондай-ақ Ақ үй басшысы Ресей Президенті Владимир Путинге үндеу жасап, келісімге келуге ыждағат қылуын сұрады. Оның сараптауынша, бұл жұмыс екі аптаға ғана созылады.

Бұл сөздерін Трамп Рим Папасын жерлеу рәсімінен қайтқанда айтып берді. Сол сапар аясында ол Украина Президентімен жүздескен болатын. Трамп кездесудің жақсы өткендігін, Қырым мәселесі өте қысқа сөз болғанын жеткізді.

Украина билігі бұған дейін бірнеше рет жер мәселесіне қатысты ешқандай ымыраға келмейтінін айтып келген еді. Киев тарапынан айтылғандай, аумақтық мәселелер тек атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілгеннен кейін ғана талқылануы керек.

Әзірге не Зеленский, не Путин Трамптың бұл сөздеріне ресми жауап берген жоқ.

Бұл арада Германияның қорғаныс министрі Борис Писториус Украинаға ескерту жасап отыр. Ол жергілікті ARD телеарнасына берген сұхбатында Киевке «америкалық президент ұсынған жолға» түсудің қажеті жоқ екенін айтып, мұндай келісімнің «капитуляцияға» тең болатынын атап өтті. Министрдің айтуынша, Украина бейбіт келісім үшін кейбір территорияларынан айырылуға мәжбүр болуы мүмкін екенін түсінеді. Алайда, Писториустың пікірінше, «олар мұндай үлкен жеңілдіктерге бармауы тиіс».

Өткен аптада Дональд Трамп көпшілікке негізгі келісім тармақтарының басым бөлігі келісілгенін мәлімдеген еді. Алайда ВВС дерегінше, АҚШ ұсынған соңғы жоспардың нақты мазмұны әлі белгісіз.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, АҚШ әзірлеген құжаттарда Қырымның Ресейге тиесілі екенін заңды түрде мойындау ұсынылған. Оған қоса, Украинаның НАТО-ға мүшелікке кіру мүмкіндігі алынып тасталып, Ұлыбритания мен Францияның басшылығымен құрылған қауіпсіздік кепілдігі коалициясы құрылуы көзделген. Еуропалық тарап болса АҚШ-тан Украинаны қорғау жөнінде НАТО үлгісінде нақты әрі сенімді кепілдік беруін талап етіп отыр.

Сонымен қатар АҚШ жоспарына сәйкес, қазіргі таңда Ресей бақылауындағы Запорожье атом электр стансасын халықаралық басқаруға беру ұсынылған. Бұл станса екі тарапқа да электр қуатын жеткізуі мүмкін. Алайда еуропалықтар жасаған қарсы жоспарда Ресейге энергия беруді қарастыру мәселесі жоқ.

Time журналына берген сұхбатында Трамп Украинадағы соғыстың басталуына Киевтің НАТО-ға қосылуға ұмтылуы себеп болды деген пікірін тағы қайталады. Сондай-ақ «Қырым Ресей құрамында қалады», деп шегеледі.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Ресей Украина жерінің шамамен 20 пайызын бақылап отыр.