
Ақмола облысындағы Қосшы және Макинск қалаларының тұрғындарын сумен қамтамасыз ету үшін Арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлу туралы шешім қабылданды.
Қосшы қаласында су құбыры жүйесінің құрылысын аяқтауға 476,7 млн теңге бөлінді. Жобаны іске асыру нәтижесінде халық 100% орталықтандырылған сумен қамтылады. Қазіргі таңда шамамен 50 шақырым құбыр тартылған. Жалпы, желілердің ұзындығы 64,1 шақырым болады деп жоспарланып отыр. Нысанды жыл соңына дейін тапсыру көзделген. Қолданыстағы инженерлік желі 30 мың тұрғынға есептелген. Ал ресми деректерге сәйкес бүгінде Қосшыда 50 мыңнан астам адам тіркелген. Қаланың бас жоспарына сәйкес 2038 жылға қарай тұрғындар саны 150 мыңнан асады деп болжанып отыр.
Макинск қаласында су құбыры желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жоба бойынша 72,7 шақырым желі тарту қарастырылған. Бұған дейін бөлінген қаражат есебінен бүгінде 45 шақырым бойынша жұмыс аяқталған. Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген 606,4 млн теңге жобаны толық аяқтап, халқы 18 мыңнан асатын қаланы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.