
Қазақ елінің азаттығы жолында жанкешті қызмет еткен, ұлтының болашағы үшін бүкіл ғұмырын сарп еткен ұлт зиялыларының бірі Ғұмар Қараштың мерейтойына байланысты іс-шаралар Батыс Қазақстан облысында басталып кетті.
Осыдан бұрын Жәнібек аудандық әкімдігі облыс орталығында зиялы қауым өкілдерімен, өлкетанушылармен кездесу өткізіп, мерейтойлық іс-шаралардың барысын ақылдасқан болатын. Облыстық деңгейде Ғұмар Қараш оқулары өтіп, жас өрендер ақын-ағартушының шығармашылығына бойлады. Айта кетейік, Жәнібек ауданының Борсы ауылындағы Ғұмар Қараш кесенесі – еліміздің жалпыұлттық киелі нысандары тізіміне енгізілген зиярат орны. Ақын мерейтойына жоспарланған жиындардың бір парасы сол жерде өтеді.
Музейде ашылған шағын көрмеде ақынның суреттері, өз қолымен толтырған анкета парағы, немересі Нәдия Қарашеваның түзген ата-тек шежіресі, ақын қапияда қаза болған 1921 жылғы 12 сәуірде Ордадан Орынборға жіберілген қаралы жеделхат секілді құжаттар қойылған екен.
- Бұл құжаттардың басым бөлігін тірнектеп жинаған – белгілі жидашы, тарихшы Мұстафа Ысмағұлов ағамыз еді. Ол кісі өмір бойы Бөкейліктің тарихын түгендеп өтті. Артында қалған мол мұрасының қомақты бөлігі қазір Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы тұр, - дейді музей ардагері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткері Сара Танабаева.
Орал қалалық кітапханалар жүйесі мен Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері, Батыс Қазақстан инженерлік-техникалық университеті, Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университеті, Жаһанша Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық коледжі оқытушылары мен студенттері, музей қызметкерлері қатысқан жиында ардагер өлкетанушы Тихон Әліпқалиев те тарихи тұлғаның өмірі мен еңбегін насихаттау қажеттігін айтты.
Ғұмар Қараш – ұлт руханиятына ерекше еңбегі сіңген, ұлтымыздың азаттығы мен болашағы жолында қаламымен де, ісімен де күрескен тұлға. Көрме барысында студенттер ақын өлеңдерін жатқа оқып, кездесудің мазмұнын байыта түсті.
Батыс Қазақстан облысы