Экономика • Кеше

Сарапшылар теңгенің құнсызданатынын ескертті

80 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Applied Economics Research Centre талдаушылары теңге бағамы бойынша болжамды құнсыздану жағына қарай түзетті. Орташа алғанда 2025 жылы бағам бір доллар үшін 512,8 теңгені құрайды. Өткен болжамда қаңтар айында бағам бір доллар үшін 489,5 теңге деп болжанған болатын, деп жазады Egemen.kz.

Сарапшылар теңгенің құнсызданатынын ескертті

Фото: egemen.kz/ Ерлан Омар

Макроэкономикалық шолуда болжам мұнай бағасы бойынша алғышарттың төмендеуін ескере отырып жасалғаны айтылған. Brent маркалы мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 74,6 доллар болады деген болжам бар.

Қаңтар айындағы болжамда мұнай бағасы барреліне $81 болады деп болжанған еді.

«Алғышарттың $6,4 төмендеуі геосаяси тәуекелдердің күшеюіне байланысты. Атап айтқанда Канада, Мексика және Қытайды қоса алғанда, бірқатар сауда серіктестеріне қатысты импорттық тарифтер мен баж салықтарын енгізу туралы жариялаған АҚШ президенті әкімшілігінің әрекеттеріне байланысты»,  делінген шолуда.

Ұлттық валюта бағамы наурызда нығайса да сәуірде әлсірей бастады. Бірінші тоқсанда USD/KZT жұбы бір доллар үшін 510,17 теңге деңгейінде қалыптасты. Сәуірдегі теңге әлсіреуі факторларының ішінде - мұнай бағасының құлдырауы да бар. Өз кезегінде, сәуірде Ұлттық банктің валюталық нарықтағы операциялары бюджетке трансферттерді жүзеге асыру шеңберінде теңгеге қолдау көрсетті.

29 сәуірдегі мәлімет бойынша ұлттық валютаның орташа бағамы 512,19 құрады. Алматының айырбастаушылары долларды орташа есеппен 511,85-ке сатып алып, 513,95-ке сатады. Астанада 510-нан сатып алып, 516-дан сатады. Halyk Finance сарапшылары айдың соңында бағамды 505-515 теңге шамасында болжаған. Сарапшылар ұлттық валютаға қысым Украинадағы жағдай бойынша келіссөздердің ұзаққа созылуы салдарынан ресейлік рубльдің әлсіреуінен болуы мүмкін екенін жеткізді.