«Қош келдің, қызым. Бұл үйге мені Димаштың әжесі деп іздеп келіп отырсың ғой. Шыны керек, бұрын тек әулеттің әжесі болсам, қазір әлемнің түкпір-түкпіріндегі Димаштайымның тыңдармандары «Димаштың әжесі» деп төбесіне көтереді. Бұл дегенің үлкен жауапкершілік екен. Бүгін сен қонақ болып отырған бұл үйге көшкенімізге көп бола қойған жоқ. Димаш туып-өскен қара шаңырақ Ақтөбеде ғой. Біз үшін өте қымбат, жүрекке жақын орын. Димаштың бала күнінде ауласына ағаш отырғызып едік, бүгінде ол ағаш жайқалып, мәуесін жайған. Жыл сайын жазда сол үйге барып, бір-екі айдай уақыт өткізіп, қарап-қамқор болып қайтамын. Сол уақытта Димаштың жан-жақтағы жанкүйерлері де келіп, дастарқан жайып, естелікке суретке түсіп емен-жарқын мәре-сәре болады. Димаштың өзін көрмесе де, «Димаштың әжесі ғой» деп маған мейірім мен құрмет қошеметтерін арнап жатады. Балаңның мұндай жетістігін көргеннен артық бақыт бар ма!» деп әңгімесін бастаған Миуа әженің үнінен кенже ұлындай болып бауырында өскен немересіне деген шексіз махаббат пен мақтаныштың дірілі қатар сезілді.
Қалайша мақтанбасын, әжесі тұрмақ, тұтас ұлтының мақтанышына айналған дүлдүл дарынның бойындағы бар игі қасиеттің қайнар бұлағы дәл осы текті ата мен әженің тәлім-тәрбиесі, мейірім мен парасатқа толы өнегесінен дарыған жоқ па? Бүгінде әлемнің небір алып сахналарында ән салып, дүние дидарын әнімен әлдилеп жүрген әншінің бойындағы сонадайдан менмұндалап сезілетін үлкенге құрмет пен кішіге ізет, еңбек пен адалдыққа негізделген тәрбие қайнары негізінен осы ата мен әже, әке мен ана арқылы ізгілік дәнін егіп, оны бүгінгі биікке жетелегендей. Сондықтан да немересінің әрбір жетістігі әже жүрегіне қуаныш сыйлап, өмірінің ең үлкен мақтанышына айналғандай. Оны Димаштың өзі де сұхбаттарында жиі айтып отырады. «Мені кішкентайымнан әжем тәрбиеледі. Әжемнің мейірімі мен батасы – өмірімдегі ең үлкен күш» деген мазмұндағы сөзі – жай ғана құрмет білдіру емес. Бұл – қазақ отбасында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әже тәрбиесінің, мейірім мен рухани байланыстың айқын көрінісі. Қай жерде жүрсе де, ең алдымен, әжесіне хабарласып, амандығын білуді ұмытпайды. Телефонның арғы жағынан «Мама-ау…» деген таныс дауыс естілген сәтте-ақ әженің жанары жасқа толады. Немересінің амандығын есту – әже жүрегіне ең үлкен жұбаныш, жанын жылытатын ең қымбат сәт. Мұны Димаштың мына бір сезімге толы толқынысты сөзінен айқын аңғаруға болады: «Адам бәріне үйренеді екен. Атақ-даңққа да, қошеметке де. Бірақ мен әлі күнге дейін үйрене алмаған бір нәрсе бар. Ол – мамамның мен қоңырау шалған сайын «Құлыным…» деп кемсеңдей бастайтын сәті. Әр жолы сол сөзді тұңғыш рет естігендей толқимын. Сол сөзді тағы бір есту үшін тау қопаруға да дайынмын…» десе, тағы бірде: «Адамға өз үйінен артық мекен жоқ қой. Таңертең ояна салып, ас бөлмесінде бірдеңе пісіріп жүрген мамамды бір иіскеп кететін сәтке ештеңе жетпейді…» деп, туған үйдің жылуын, ана мен әженің мейірімін бәрінен жоғары қоятынын айтып, ағынан ақтарылған еді.
– Димаш дүниеге келгенде Света әлі студент еді. Кезінде өзім тұрмысқа шығып, оқуымды сырттай жалғастыруға тура келгендіктен, келінімнің оқуына, ізденуіне ештеңе кедергі болмаса екен дедім. Балам екеуі шығармашылығымен алаңсыз айналыссын дедік. Бұл ойымды атасы да құптады. Сөйтіп, Димаш туғанда көп ойланбастан, атасы екеуміз аудан орталығындағы жұмысымызды, үйренген ортамызды тастап, үйімізді сатып Ақтөбе қаласына қоныс аудардық. Димаш қырқынан шыққанша келінімнің қасында болды. Кейін түбегейлі өзімнің қасыма алдым. Үйдің іші тар болғандықтан, төсектерді екі жаққа ысырып орналастырамыз. Сонда бесікке әрең орын табылатын. Түнде бала жыласа, барып есігін қағып: – Света, баланы емізіп жіберші, – деп оятамын. Ол келіп емізеді. Бірақ мен баланы қолына бермеймін, бесікте жатқан күйі емізетін. Өйткені шаршаған адам ұйықтап кетіп, баланы басып қалуы мүмкін ғой деп қорқатынмын. Димаш мектепке барғанда да өзіміз апарып, алып келетінбіз. Ата-аналар жиналысына, ашық сабақтарға да өзім қатысатынмын. Өйткені мен де мұғалім болған соң, мектептегі жағдайды жақсы түсінемін. Бір күні ата-аналар жиналысына бара алмай, Светаға: – Уақыт тауып мектепке соғып кетші, мұғалімі не айтады екен, – дедім. Сөйтіп, Света жиналысқа барған екен. Мұғалім сыныптағы балаларға: – Мынау Димаштың анасы. Теледидардан көріп жүрген шығарсыңдар, ән айтады, – деп таныстырыпты. Сол кезде Димаш орнынан тұрып: – Апай, бұл менің анам емес. Менің анам үйде. Бұл – Света апа, – депті. Сонда бір күлгеніміз бар. Кішкентайынан қолымызда өсіп, Құдекең екеумізді әкесі мен анасы сияқты көріп кеткені ғой. Бағымызға орай Света келініміз көргенді жердің қызы, өте парасатты, ақылды болып бұйырды. Бізді құрметтеп, сенгені ғой, бұл жағдайға ол ренжіген жоқ, керісінше, баланың бізге бауыр басып өскенін түсініп, қуана құптады. Димаш қана емес, Раушан мен Әбілмансұр да атасы екеуміздің қолымызда өсті. Одан балалар жаман болды деп ойламаймын, – деп әңгімесін жалғаған Миуа апа немересіне қатысты тағы да көптеген қызықты естеліктерін бөлісті.
«Димаштың бізді «папа» мен «мама» деп атап кетуінен туады. Шынымен де ол бізді біразға дейін туған анасы мен әкесі санап жүрді. «Мамам мені 47 жасында туған» дейтін. Бірде сөз арасындағы әңгімемізді естіп қалған Раушан немерем: «Көкемді әжем емес, Света мамам туған екен ғой» деп шындықты төбеден қойып қалғандай қылғаны бар (күліп алды). Әрине, барлығы балалық қой. Бірақ біз балаларды бауырымызға басқанымыз болмаса, әкесі мен шешесінен ешқашан алыстатқан жоқпыз. Қанат пен Света да мұны құп көріп, алаңсыз өнермен айналысты. Димаш пен Раушан балабақшаға барған жоқ. Өзім мұғаліммін ғой, екеуін де үйде тәрбиелеп, мектептеріне атасы екеуміз тасыдық. Кейінірек тек Мансұрды ғана балабақшаға бердік. Аллаға шүкір, қазір бәрі ержетті. Раушанымыз тұрмыста, құтты орнына қонды. Қалғанымыз сол баяғыша, осылай бір шаңырақ астында бірге тұрамыз», дейді Димаштың әжесі.
Бүгінде жасы сексенге таяп қалған Миуа әже немересінің жанкүйерлерімен тек жүздесулерде ғана емес, әлеуметтік желі арқылы да байланыс орнатып, олармен жиі сыр бөлісіп тұрады. Әсіресе шетелдік тыңдармандарды бұл әулеттің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүретіні ерекше қызықтырады. Олар үшін ата-ана, бала, әже бәрінің бірге тұруы таңсық көрінеді. Ал Миуа әже үшін бұл – түсіндіруді қажет етпейтін қарапайым өмір салты. Қазақы танымда отбасының береке-бірлігі, бір үйдің ішінде бірге өмір сүруі – ежелден қалыптасқан дәстүр. «Әке-шеше баласымен бірге тұрмағанда, қайда тұрмақ?» деп, әзиз ана бұл жағдайды өзіне тән қарапайымдылықпен ғана түсіндіреді. Ата мен әже тәлімін бойына мықтап дарытқан Димаштың бұл орайдағы: «Мен үйленген соң да бәріміз бірге тұрамыз…» деген пікірі оның отбасының берекесі мен бірлігін бәрінен биік қоятынын аңғартады.
– Әрине, қазір жастар жеке, дербес өмір сүргісі келеді. Үлкендер де немерелерінің шуынан шаршап, бөлек кетуге бейілді тұратыны байқалады. Ағайын-туғанмен араласу да бұрынғыдай емес, адамдар бір-бірінен алыстап бара жатқандай сезіледі. Айлап, тіпті жылдап бір-бірінің есігін ашпайтын туғандар бар. Сондықтан болса керек, шетелдіктерді Димаштың әже, ата-ана, бауырларымен бір шаңырақ астында тұруын үлкен жаңалық санайды. Бірақ бұл ешқандай да таңдай қағып, тамсанатын құбылыс емес қой. Қазақтың бағзыдан келе жатқан өз болмысы, құндылығы. Ал ата мен әже – әулеттің қазынасы, тәрбиенің тамыры. Осы қасиеттерімізді жоғалтып алмасақ екен деймін. Аллаға шүкір, бұл жағынан Құдекең екеуміз бар білгенімізді балалардың бойына сіңіруге тырыстық. Ұрпағымыз саналы болсын дедік. Кезінде Қанат осы үйдің құрылысын аяқтап, көшеміз дегенде Ақтөбедегі өз қара шаңырағымызда, ағайын-туыстың ортасында қала берсек деген де ой болған. Алайда мұны естігенде Қанат пен Света: «Онда несіне үй салып жатырмыз, біз де осында қаламыз. Сіздерсіз ешқайда кетпейміз», – деп кесіп айтты. Димашымның да үйленген соң барлығымыздың бір шаңырақ астында бірге жарасып өмір сүруіміз – басты арманы. Кезінде мен келін болып түскенде енем болмады. Ертерек өмірден өтіп кеткен екен. Сонда: «Келінім болса, барлық жағынан қолдап, көмектессем», деп армандаушы едім. Алла сол тілегіме жеткізді, шүкір. Света да зиялы, ақылды адам ғой. Осы күнге дейін бір-біріміздің көңілімізді қалдырып, ауыр сөз айтып көрмеппіз. Отбасындағы мұндай қарым-қатынасты көріп өскен немерелердің де жанұясына жақын, бауырмал болып өсері анық. Мың да бір тәубе деймін, Димаштың бойына осы бір жақсы қасиет дарыған. Көпшіл, мейірімді, үнемі маңайына жақсылық жасасам деп алып-ұшып тұрады. «Елім үшін пайдамды тигізсем» деген тілегіне Алла жеткізсін деп тілеймін. Біз де оған үнемі: «Қандай жетістікке жетсең де, артыңда Қазақ деген халқың тұр» деп айтып отырамыз. Тек Алла тіл-көзден сақтасын!», деп Миуа әже әсерлі әңгімесін түйіндеді. Батасын беріп, бауырсақ пен шұбатын ұсынды. «Менің жолымды» берсін деп ақ орамалын сыйлауды да ұмытпады. Ғибратты ғұмырдың өнегесіне көңіл марқайтқан біз күннің кешкіріп кеткенін де байқамаппыз. Жанды семірткен жақсы әңгіменің жып-жылы әсерімен үйімізді бетке алдық.