Аймақтар • 29 Сәуір, 2025

«Қазатомөнеркәсіп» кеңселерін Шымкенттен Түркістанға көшіру ұсынылды

0 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысы аумағында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-на қарасты 12 компания жұмыс істейді. Олардың 10-ы уран өндірумен айналысады, 1 компания барлау жұмыстарымен және бірі электр энергиясын тасымалдау қызметін атқарады.

«Қазатомөнеркәсіп» кеңселерін Шымкенттен Түркістанға көшіру ұсынылды

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповпен кездесіп, компанияның өңірді дамытуға қолдауын күшейту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру, әріптестікті нығайту жолдарын талқылады. Компанияның облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымын дамытуға аударымдарын кезең-кезеңімен ұлғайту мәселесі де назардан тыс қалмады. «Компанияның облысқа қолдауын күшейту, Созақ ауданының елді мекендеріне әлеуметтік және демеушілік көрсету бойынша бірлесе жұмыстар атқаруды ұсынамын. Бір колледжді сенімгерлік басқаруға алып, тиісті кадрларды даярлауға да үлес қосады деп сенемін», деді Нұралхан Көшеров. Сондай-ақ облыс әкімі уран өндіруші бірлескен кәсіпорындарының бас кеңселерін Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіру мәселесін де қарастыру жөнінде ұсынысын жеткізді.

 Бұл орайда Мейіржан Юсупов ұсыныстарды зерделеп, қарастыратынын, компания өзінің әлеуметтік жауапкершілігін сезінетінін, әлеуметтік нысандар салуға демеушілік көрсетілетінін атап өтті.

Айта кетейік, 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында Түркістан облысының тау-кен өндіру өнеркәсібінде 153 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, НКИ 114,1% болды. Өңірдің тау-кен өндіру өнеркәсібінің 98%-ы және өңдеу өнеркәсібінің металлургия саласының 99,8% үлесі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-на тиесілі.