Парламент • Кеше

Депутат «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімділігін арттыруды ұсынды

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дептутат Мақсат Толықбай «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысына алаңдаушылық білдіріп, Үкімет пен салалық министрліктерге нақты ұсыныстар жолдады, деп жазады Egemen.kz.

Депутат «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімділігін арттыруды ұсынды

фото: ашық дереккөзден

 

Халық қалаулысының айтуынша, Мемлекет басшысы жариялаған «Тыңдаушы мемлекет» тұжырымдамасы аясында атқарушы билік азаматтардың өтініштеріне уақтылы әрі мазмұнды жауап беруі тиіс. Алайда іс жүзінде бұл талап орындалмай отырғаны байқалады. Депутат көтерген бірнеше маңызды мәселе формалды, мазмұнсыз жауаптармен шектеліп жатқанын атап өтті.

Атап айтқанда, депутат 2023 жылы басталған «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындарына 100 млрд теңге көлемінде шағын несие берілгенін, алайда 2024 жылы бюджет тапшылығына байланысты бұл сома 20 млрд теңгеге дейін қысқарғанын еске салды. Ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған бұл жоба ел ішінде үлкен үміт пен сенім тудырған. Дегенмен, әкімдіктер ұзақ уақыт құжат жинағанымен, қаражаттың жетіспеуі салдарынан жұрттың шағымы көбейген.

Сонымен қатар депутат «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында барлық ауылдық елді мекендерде «Агросауат» оқу орталықтарын құру қажеттігін айтты. Пилоттық жоба ретінде Жамбыл облысының Меркі ауданында іске асырылған бастама оң нәтиже көрсеткен. Жоба аясында жеңілдетілген несие алған ауыл тұрғындары ауыл шаруашылығы саласы бойынша кәсіби оқудан өтіп, ұзақ мерзімді қолдауға ие болған.

Мемлекет басшысы да бұл бастаманы қолдап, Үкімет пен әкімдіктерге «Агросауат» орталықтарын басқа өңірлерде ашу туралы тапсырма берген. Алайда депутаттың айтуынша, Ұлттық экономика министрлігінің ресми жауабында бұл ұсыныс ескерусіз қалған және бүгінгі күнге дейін нақты шаралар қабылданбаған.

«Бұл — жауапсыздық. Мәселе тек несие берумен шектелмейді. Ауыл кәсіпкерлерін оқыту, кооперативтерге біріктіру, өнім өткізу тізбегін үйрету – кешенді қолдаудың маңызды бөлігі. "Агросауат" орталықтарының жоқтығынан қаржылық тұрақсыздық пен несиенің қайтарылмауы сияқты мәселелер туындап отыр», деді депутат.

Осыған байланысты мәжілісмен келесі екі нақты ұсынысты енгізіп отыр:

  1. Облыстарда «Агросауат» оқу орталықтарын құру бойынша нақты іс-шаралар жоспарын тез арада әзірлеу;

  2. Аталған орталықтардың қызметін қаржыландыруды, ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу және өткізу инфрақұрылымын дамытуды көздейтін бюджеттік бағдарламаны нақтылау.

Мақсат Толықбайдың  пікірінше, «Ауыл аманаты» жобасының әлеуеті зор. Алайда формалды көзқарас пен орындалмаған тапсырмалар жобаның мазмұнына нұқсан келтіріп отыр. Сондықтан Үкімет бұл бағытта нақты әрі жүйелі шешімдер қабылдауы тиіс.