Мәдениет • Бүгін, 10:05

Қазақ тілін жүрегімен меңгерген француз азаматы

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ тілінің көркемдігі мен рухани тереңдігіне тәнті болып, оны үйренуге бел буған шетел азаматтарының саны артып келеді. Солардың бірі – Франциядан келген Абдуллах. Ол елімізге деген ықыласын спорт арқылы оятқан. Бүгінде қазақ тілін еркін меңгеріп, Қазақстанда өз кәсібін жүргізіп отыр. Біз Абдуллахпен тіл үйрену жолы, еліміздегі этносаралық қатынастар және болашаққа көзқарасы жайында сұхбаттасқан едік.

Қазақ тілін жүрегімен меңгерген француз азаматы

Франция азаматы Абдуллах Секими – бірнеше тілді еркін меңгерген жан-жақты тұлға. Ұлты араб болса да, ол француз, ағылшын, испан, араб және қазақ тілдерінде еркін сөйлей алады. Қазақ тіліне деген қызығушылығының арқасында ол 2022 жылы Франциядан Қазақстанға көшіп келіп, бүгінде Астанада тұрып жатыр.

Абдуллахтың қазақ тілін меңгеруіне спорт, нақтырақ айтқанда дзюдо себеп болған. Қазақ дзюдошысы Елдос Сметовке тәнті болған ол, спортшы жайлы ақпаратты қазақ тілінде іздеу кезінде бұл тілді үйренуге шешім қабылдаған.

«Елдос Сметовтің барлық жекпе-жегін YouTube арқылы қарап, оның Қазақстан азаматы екенін білдім. Осыдан кейін ел туралы көбірек ақпарат іздей бастадым. Қазақ тілінің көркемдігін алғаш рет «Жаужүрек мың бала», «Томирис», «Ұлы дала зары» фильмдерін көргенде сезіндім. Бұл тілдің әуезділігі мені баурап алды» дейді ол.

Абдуллах қазақ тілін сегіз айда үйреніп шыққан. Бұл жолда оған көптеген адамдар қолдау көрсетіп, мотивация беріп отырған. Бастапқыда тіл үйрену қиынға соққан, себебі оқу құралдарының басым бөлігі орыс тілінде болған және қазақша сапалы контенттің тапшылығы байқалған.

Тілді меңгерудің басты тәсілі – тыңдау, сөйлесу және сөздік қорды арттыру деп санайды. Қазіргі таңда ол қазақ, ағылшын, француз, араб тілдерінен шетелдіктерге сабақ береді. Оның шәкірттері арасында әртүрлі елдің өкілдері бар.

Абдуллах өз сөзінде Қазақстанда тұратын өзге этнос өкілдерінің өзара бірлігі жарасқан, тату екенін атап өтті. 

«Қазақстанда тұратын француз азаматы ретінде мен ел ішіндегі этносаралық татулық пен бірлікті сақтаудың маңызын жоғары бағалаймын. Қазақ тілін үйрену арқылы мен осы халықтың мәдениеті мен рухын жақсырақ түсіне бастадым», дейді Абдуллах.

Абдуллах этносаралық қатынастардың жақсы екенін атап өтсе де, өзге ұлт өкілдерінің қазақша емес, көбіне орысша сөйлесуіне таңданысын білдірді.

«Францияда тұратын болсаңыз, француз тілінде сөйлеуге міндеттісіз. Ал Қазақстанда неге орысша? Бұл – қазақ халқының кеңпейілділігі мен мейірімділігінің көрінісі. Бірақ әрбір азамат қазақ тілін меңгеруге ұмтылуы керек. Қазақ тілін білу – осы елге деген құрметтің белгісі», дейді ол. 

Абдуллах қазақ тілін меңгеру арқылы көптеген есіктердің ашылғанын айтты.

«Қазақстанда өз кәсібімді аштым. Журналистер сұхбат алады, подкастқа шақырады. Сондай-ақ французша білгім келеді, оқығым келеді деген өтінішпен келетін адамдар өте көп. Қазақ тілін білгенімнің арқасында көптеген танымал саясаткарлермен спортшылармен кездесіп, таныстым. Жалпы, қазақ тілін білудің мен үшін жағымды ықпалы көп болды», дейді кейіпкеріміз.

Абдуллах Қазақстан халқын ерекше жақсы көретінін айтып, мұнда қалуға ниетті екенін білдірді. Қазақтардың қонақжайлылығы мен рухани жақындығы оны баурап алған. Ол болашақта мұсылман отбасын құруды жоспарлап отыр және қазақ контентін дамыту бағытында жобалармен айналысуды көздейді.