
Жоспар бойынша өндіріс орны 2025 жылдың маусым айында іске қосылады, 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 500 дана арнайы техника шығаруға жетеді. Қаржыландыру көзі ретінде жеке инвесторлық қаражат және жеңілдетілген несие тетіктері қарастырылған. Өнімнің 80%-ы ішкі нарыққа шықса, 20%-ы экспортталмақ.
Аудандағы су сорғыш стансалар және ауыл шаруашылығы техникалары, мұнай компанияларына арналған техника, полимер бұйым шығаратын зауытта 181 адам жұмыспен қамтылған. 1931 жылы пайдалануға берілген машина жасау зауыты бүгінде жылына 100 насос шығарады. Жер көлемі – 5,6 гектар. Аудан әкімі Арман Сабитовтің айтуынша, зауыт СНП-500/10 типті сорғы стансаларын шығаратын жетекші өндіріс орындарының бірі.
Алматы – Термез халықаралық тас жолының жанында орналасқан зауыттың өз теміржолы және автомобиль кіреберіс жолдары бар. Сонымен қатар электрмен жабдықтауға арналған қосалқы стансалар, ауызсумен қамтамасыз ету үшін су қабылдағыш алаң, кәріз желісі, механикалық жөндеу базасы, сапаны бақылау бөлімі мен зертхана, конструкторлық-технологиялық бөлімдер жұмыс істейді.
Облыс аумағында жұмыс істейтін 14 индустриялық аймақтан басқа биыл аумағы 744 гектар болатын жаңа «Жетісай», «Отырар», «Арыс», «Қарамұрт» және «Шардара-2» аймақтары құрылды. Бұл аймақтарда құны 129 млрд теңге болатын жалпы 84 жобаны іске асыру жоспарланған. Биыл 49,7 млрд теңгеге 17 жобаны іске қосу межеленген.
Төлеби ауданында 1 индустриялық аймақ ашу және Түркістан қаласы мен Ордабасы ауданындағы 2 аймақты кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сауран ауданында «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында 152 өндірістік ғимарат салып, 308 млрд теңге инвестиция тарту көзделген. Бастама 6 040 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінде 11 жоба іске қосылып, 790 жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ биыл тапсырылатын 29 ғимараттың құрылыс жұмыстарының 90%-ы аяқталды. Нәтижесінде, 26 жоба іске қосылады.
Қытайдың ірі компаниясымен келіссөз жүргізіліп, өнеркәсіптік парк аумағында ауыл шаруашылығы дрондарын шығаратын зауыт салу бойынша келісім жасалды. Жоба құны – 5 млн доллар. Қуаты – айына 600 дана. Парк аумағында «Жасыл суық Қазақстан» (UBC) халықаралық компаниясы тоңазытқыш шығаратын зауытты іске қосты. Жобаның жалпы құны 60 млн еуро болса, толық іске қосылғанда қуаты жылына 140 мың дана болады деп жоспарланған.
«Шағын өнеркәсіптік парк» жобасының мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, Бәйдібек, Келес, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас Сайрам және Сарыағаш аудандарында осы тәжірибені енгізу қолға алынды. Сәуірде Ордабасы ауданында 8 гектар аумақта «Бадам» өндірістік паркінің құрылысы басталды. Ол жерде кәсіпкерлер 5 өндіріс орнын ашуға қызығушылық танытып отыр.
Сауран ауданындағы Ясы, Қарашық, Үшқайық, Жүйнек ауылдарында жергілікті кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен 4 шағын өндірістік алаңда 22 ғимараттың құрылысын бастады. Ордабасы ауданы Бөржар ауылдық округінде орналасқан «Altyn Land» ЖШС-ның заманауи инновациялық кірпіш өңдеу зауытының құрылысы аяқталуға жақын. Инновациялық зауыт жылжымалы туннелді пеш технологиясымен жүргізіледі. Өндіріс орны мамыр айында іске қосылып, жылына
90 млн дана өнім шығармақ.
«Бадам» индустриялық аймағында «Стекло Rez» ЖШС-ның шыны өңдеу және шыныны жоғары температурада шынықтыру жобасы жүзеге асырылды. Айына 20 000 шаршы метр шыны өндіруге қауқарлы жобаның инвестициялық құны – 710 млн теңге. Өндіріс цехы Италияның заманауи технологиясымен жабдықталған. Шикізат Ресей, Түрікменстаннан және Қызылорда қаласындағы «OrdaGlass» ЖШС табақ шыны зауытынан әкелінеді.
Түркістан облысы