Мереке • Кеше

Өндірістегі өзгеше отау

60 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ЖезкентАбай облысы Бородулиха ауданындағы кенге бай кент. Жол түсіп Жезкентке де жеттік. Мұнда келудегі мақсатымыз – диаспоралар достығы мен өндірісте істейтін еңбек адамдарының тыныс тіршілігімен танысу еді.

Өндірістегі өзгеше отау

Біз Жезкентте ауыр өндірісте істейтін адал азамат, еңбек адамдарының отбасы Ибраевтың үйіне түстік. Ержан мен Кристина Шығыс түсті металлургия компаниясының Орлов өндірістік кешеніндегі кен байыту   фабрикасында жұмыс істейді. Кәсіпорын мыс және мырыш концентраты сияқты өнімдерді шығарады.

«Мен 2013 жылдан Орлов кен байыту фабрикасында  сүзгілеу және кептіру бөлімінің шебері болып істеймін. Жұбайым орыс ұлтының өкілі Кристина Ибраева техникалық бақылау бөлімінде жұмыс істейді. Біз 2018 жылы отау көтердік. Содан бері өндірісте бірге істеп келеміз», дейді Ержан Ибраев.

Бір қызығы, Кристинаның бөлімі Ержанның шығарған өнімін тексереді екен. Бұл – олардың жұмысына деген жауапкершілігін арттыра түссе керек. «Өнім сапасыз өтсе, үйге келгенде де оңай болмайды» дейді Ержан әзілдеп. Бірақ осы әзілдің астарында шындық жатыр, олардың кәсібилігі мен өз ісіне адалдығы бірін-бірі толықтырып-ақ тұрғандай.

Ержан мен Кристина – Жезкенттегі жүздеген өндіріс адамдарының бір көрінісі ғана. Мұнда дәл осындай жұп көп. Түрлі ұлт өкілдерінің бір мақсатқа жұмылып, ауыр еңбектің қызығы мен шыжығын бірге көруі – бұл кентке тән көрініс. Бәрінің еңбекке деген құрметі, татулыққа деген сенімі мол.

«Өндіріс тек техника мен темір емес. Бұл – адамдардың еңбегімен, сенімімен жүретін тірі организм сияқты. Мұнда шынайылық пен татулық болмаса, ештеңе жүрмейді», дейді Кристина.

Расымен де, Жезкенттің өзгеше отбасылары – ел ішіндегі үлкен бірлік пен еңбек мәдениетінің айнасы іспеттес. Сол арқылы ауылдың да, өндірістің де келешегін бірге құрып келеді.

Бұл кент кен ғана емес, елге де кенде емес. Онда әртүрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бәрінің балалары бір мектепке барып, бір көшеде ойнап өскен. Ұлт пен ұлысқа қарамай, бәрі де кен орындарында иық тірестіріп жұмыс істейді. Әр үйде еңбек – басты құндылық. Осы ортада өсіп-жетілген Ержан мен Кристинаның отбасылық өмірі де сол ортақ мәдениеттің жемісі іспетті.

Ержан Серікұлының ата-анасы да кезінде осы кенттегі кен байыту өндірісінде жұмыс істеген, елге еңбегі сіңген отбасы екен. Жезкентте әр ұлт өз тілін, салтын сақтай отырып, ортақ құндылық – бірлік пен еңбек жоғары қояды.

Бүгінде Ержан мен Кристина да жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, тәжірибелерімен бөлісіп жүр. Олардың айтуынша, өндірістегі үйлесім – тек техникадағы емес, адамдар арасындағы сенім мен сыйластықта. «Қиын жұмыс та жеңіл өтеді, егер айналаңда бір-біріңді қолдайтын орта болса», дейді олар. Жезкент – ел ішіндегі қарапайым ғана кент емес, бұл – көпұлтты еңбек адамының бірлікте өмір сүре алатынын дәлелдейтін ауыл. Ал Ибраевтар сынды отбасылар – елдің ертеңіне үмітпен қарауға негіз бола алады.