Білім • Кеше

Ғылымға шет тілін шегелеудің қажеті бар ма

80 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде өз саласын жақсы білсе де, ағылшын тілінен ақсап магистратура мен доктарантураға түсе алмай жүрген азаматар көп. Бұл туралы мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәселе көтерді. Оның айтуынша, ғылым жолына түскендердің бәріне шет тілін міндеттеудің өзектілігі жойылды. Енді депутат  оқуға қабылдаудың балама нұсқасын табу керектігін айтып отыр. Бұған қоғамның пікірі қандай, мамандар не дейді? Egemen.kz тілшісі зерделеп көрді.

Ғылымға шет тілін шегелеудің қажеті бар ма

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазір магистратурада 39 172, докторантурада 7 633 адам білім алып жатыр. Ал олардың қатарына қосыла алмай жүргендер қаншама. Себеп – біреу: ағылшын тілі деңгейінен аса алмау.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Рақымжан Тұрысбек бұл талапты қайта қарау керек деп есептейді:

«Ағылшын тілін білу – заман талабы. Алайда ізденіс ізінде жүрген кей жастардың аяғына тұсау болып отырғаны да жасырын емес. Көз алдымызда төрт жыл бойы жүйелі еңбек етіп, зерттеу жұмысының тақырыбына терең бойлап, республикалық тіпті халықаралық жинақтарға мақаласын жолдаған студент ағылшын тілін жетік меңгермеуі себебінен оқуының келесі белесіне шыға алмай жатады. Бұрын магистратураға қабылдайтын кезде оқытушылар білім алушымен сөйлесіп, таным көкжиегін түсініп, білім деңгейін бағамдай қоятын. Көзінде оты, көкірегінде білімі бар жас бірден аңғарылады. Бұл жүйеде таныстық-тамырластық арагідік кездескенімен, мұның да жақсы тұстары көп-тұғын. Қазір магистратура мен докторантураның партасында өз саласынан мардымды ештеңе білмесе де, ағылшынша сайрап тұратын балалар отыратын болды», дейді ғалым.

Осы жағдайды бастан өткеріп жүрген Жалғас есімді жас әдебиетші үш жылдан бері магистратураға түсе алмай жүр.

«Тестілеу баллын өз саламнан жоғары деңгейде алып жүрсем де, ағылшын тілінен шектік межеден асу мұң болып тұр. Сөйтіп мен де көп қатарластарым секілді тіл үйрететін курсқа жазылдым. Қосымша жұмыс істеуге тура келді. Өйткені курстардың бағасы арзан емес», дейді ол.

Иә, ағылшын тілін үйрететін мамандардың тасы өрге домалап тұр. Мәселен, Edustream оқыту орталығы магистратураға дайындаймыз деп ресми парақшасына жарнама орналастырған. Айтуынша, үйренем деген адамды А2 деңгейінен В1 деңгейіне жеткізіп береді. Бүкіл оқыту курсы 75 академиялық сағаттан тұрады. Ақшаға айналдырсақ бұл – 120 000 теңге.

Асхат Аймағамбетовтің пікірінше, технология дамыған заманда ғалымдар мақаласын ЖИ көмегімен-ақ сапалы аударып, шет ел ғалымдарымен иық тірестіре алады.  

«Бұл жағдайда IELTS-тің 5.0 не 6.5 баллы мәселені шешпейді. Ең қиыны – қазақ әдебиеті, этнография сияқты салаларға түспек болған жастардың жолы осы талаппен бөгеліп тұр», дейді депутат. Оның айтуынша, оқыту тілі қазақ не орыс тілінде жүргізілетін бағдарламаларда ағылшын тілінен емтиханды түсу кезінде емес, оқу соңында тапсыру қарастырылуы керек. Сонда ғана нақты нәтиже көрінеді. Сонымен қатар, Scopus талаптары, зерттеу ұсынысы (research proposal), сараланған талаптар сияқты бастамалар да күн тәртібіне шығуы тиіс.

Алайда депутаттың бұл пікіріне келісе қоймайтын жандар да бар. Мәселен, биотехнология саласының магистранты Айбар Төлеубай «шегірткеден қорықсаң, егін екпе» деген ұстанымды алға тартады:

«Ағылшынды білмеймін екен деп қол қусырып отыра бермеу керек. Бәрібір алдан шығады. IELTS тапсыру маған да оңай жұмыс болған жоқ. Бірақ қазір ағылшын тілінің арқасында шетелдік ғалымдармен тереземіз тең жұмыс істей аламын. Көптеген материал тек ағылшын тілінде. Егер оны түсінбесең, ғылымнан шеттеп қаласың. Бұған қоса, өз зерттеуіңді жеткілікті деңгейде әлемге ұсына алмайсың».

Иә, қоғамның ендігі ойы екіұдай. Бірі ағылшынды мүмкіндік деп түсінсе, бірі әурешілік деп санайды. «Ғылым да, өнер де, мал да – орыста тұр» деп Абай айтпақшы, дүниенің кілті – ағылшын деп білетін жандар көп. Алайда оған жұмсаған уақытты ғалымдар зерттеу нысанына арнаса бұдан да үлкен нәтижеге қол жеткізер едік деген тараптың да пікірі уәжді.  Не де болса ғылымды тұралтпай, алға жылжытатын жан-жақты сараланған, икемді ереже керек-ақ.

Соңғы жаңалықтар

Көкшетау көркейіп келеді

«Таза Қазақстан» • Кеше

Өндірістегі өзгеше отау

Мереке • 01 Мамыр, 2025