
Алғашқы өнімін нарыққа осыдан сегіз жыл бұрын шығарған кәсіпорын жұмысы бірден даңғыл жолға түсіп кете қойған жоқ. Он жеті жыл білім саласында еңбек еткен Жанар бастапқыда жұмыс пен кәсіпті қатар алып жүрді. Былтырдан бастап бесік жабдығынан бастап, сүндет той, қыз ұзату, тұсау кесу, құдалық рәсіміне қатысты барлық кәдесый мен ұлттық бұйымдарды ерекше ою-өрнекпен әзірлейтін кәсібін кеңейту мақсатында «Мансап» орталығымен меморандумға отырды. Осы арқылы қазір жұмыссыз азаматтарды оқытып, оларды жұмыспен қамтып жатыр. Бүгінде мұнда 17 тігінші жұмыс істейді.
«Біз тек қыз жасауы ғана емес, көрпе-жастықтар, сәнді жиынтықтарды тігеміз. Санға емес, сапаға баса мән береміз. Соның арқасында сұраныс та көп. Мемлекеттік грант қаржысына ақша қосып, көптен бері көздеп жүрген лазер алдым. Оған дейін 30-40 млн теңгенің құрылғылары болған. Бірақ грант ақшасына алған лазердің орны бөлек. Құрылғы ұзын матаны қимай, қалағаныңыздай ою-өрнек салып береді. Әлеуметтік желідегі жарнамамызды көргендер әр өңірден тапсырыс беріп жатыр. Шетелдегі қандастарымыздың да тапсырысын жиі орындаймыз. Бұл – үлкен мақтаныш», дейді кәсіпкер.
Мемлекеттік қолдау арқылы кәсібін кеңейтіп отырған жанның бірі – Гүлфира Шамаханова. Бастапқыда үйінде кондитерлік өнімдер пісірген ол мемлекеттен алған қайтарымсыз грантқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алды. Бүгінде қаланың Ескі базар аумағындағы сауда нүктесінің тұрақты тұтынушылары бар. Пісірген торттары мен тәттілері сөреде көп тұрмай, тез сатылып кетеді.
Мемлекеттік қолдауға ие болған жобалар арасында ерекше бизнес түрлері де кездеседі. Көпбалалы ана ретінде грант конкурсына қатысқан Әсем Әлімова «Аква әлем» деген жоба әзірлепті. Бастамасы қолдау тауып, хобби ретінде басталған істі кәсіпке айналдырып отыр. Қазір аквариумдар дайындап, оған балық өсіреді. Әйнектерді кесіп, бір-біріне желімдеп жасаған аквариумдарын сұраушылар көп. Ай сайын тапқан табысы да артып келеді.
«Әуелгіде үйде балық өсіріп, зоодүкендерге өткізіп жүрдік. Өткен жылы 1 476 800 теңге көлемінде мемлекеттік грант жеңіп алып, кәсіп бастап кеттік. Қазір Таиланд пен Индонезиядан келген балықтың отызшақты түрін өсіреміз. Әрқайсысының күтімін ескеріп, қажетті дәрілерін беріп отырамыз. Осы іске қызығатын жеке адамдардан бөлек мектептер мен балабақшалардан сұраныс көп түседі. Басқа өңірлерден түскен тапсырыстарды да орындаймыз. «WhatsApp» арқылы тұтынушыларға кеңес беріп отырамыз», дейді Әсем Әлімова.
«Мансап» орталығының Қызылорда қалалық филиалы директоры Жақсылық Төлегеновтің айтуынша, былтыр 520 адамға мемлекеттік грант бөлінген.
Бірақ олардың арасынан 97 азаматтың қаржыны мақсатсыз пайдаланғаны анықталып, құжаттары сотқа жолданыпты. Биыл 476 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр.
ҚЫЗЫЛОРДА