Архив • Бүгін, 09:30

Ерікті болу – елдік іс

20 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақ жерінен 1,2 миллион жауынгер аттанған. Оның 630 мыңы майдан даласында шейіт кетіп, 271 мың сарбаз із-түзсіз жоғалды. Кейінгі жылдарда «Атамның аманаты» атты ұйым адамзат баласының басына нәубет төндірген сол сұм соғыстың ақтаңдақ беттерін аршып, 4 мыңға жуық боздақтың мәліметін жарыққа шығарды. Ең қызығы сол, ұйым еріктілері осы бір елдік істі ақысыз атқарып жүр.

Ерікті болу – елдік іс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрыл­тай­да Екінші дүниежүзілік соғысты жан-жақты зерттеп, шынайы баға беру қажеттігі хақында айтқан еді. Президент айтқан шынайы баға архив деректеріндегі құпиялар ашылып, шаң арасында жатқан мәліметтер жа­рық көргенде ғана берілетіні баршаға мәлім. Бұл орайда «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру барысында белсене қызмет атқарып жатқанын ұйым белсенділерімен әңгімелескенде анық байқадық. Ұйым еріктілерінің айтуынша, майданда қаза тапқан жауынгерлердің есімін мәңгі есте қалдыру ісі Жеңістің 80 жылдық мерейтойынан кейін де сая­бырсымау керек.

а

«Екінші дү­ниежүзілік со­ғысқа қатысқан батырларымыз туралы ізденіс еш­қашан тоқ­тамауы қажет. Олар туралы деректерді тауып, жинап, қорыту жұмысы 80 жылдықтан кейін де жалғаса береріне сенемін. Өйткені еліміздегі майдангер ата-бабалары туралы дерек іздеуші ұрпақтың саны 2 млн адамнан асады. Аталары туралы ақпарат іздеген сол 2 млн аза­ма­­тымызға кө­мек­­тесу – біз­дің мін­деті­міз», дейді ұйым төра­­ға­сының орынбасары Әбубәкір Смайылов.

Осы орайда «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің еріктісі Мейірхан Нұрқайдарқызы соғыста қаза тапқан немесе із-түзсіз кеткен жауынгерлердің дерегін іздеудің географиясы жыл сайын кеңейіп, мұрағаттарды ақтару әдістері жетіліп жатқанын алға тартты.

«Бұл жұмысқа мейлінше ерікті жастарды, тарихшы-ғалымдарды, қоғамдық белсенділерді тартып, оларды дерек іздеуге үйретіп, арнайы топ құрдық. Бүгінде жұмысымызды қалың бұқараға насихаттайтын сайтымыз жұмыс істеп тұр. Аталарының дерегін іздеген азаматтар жедел желімізге хабарласып, тапсырыс бере алады. Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі па­рақ­шаларымыз арқылы атқарған шар­уалар туралы үздіксіз материал жария­лап отырамыз. Бүгінге дейін бізге 10 мыңнан аса өтініш келіп түсіп, 4 мыңнан аса майдангердің мәліметі табылды. Қазір біздің ай сайын орта есеппен 40-50 жауынгердің жер­ленген жері мен әскери жолын анықтауға мүм­­кіндігіміз бар», дейді М.Нұр­­қай­дар­қызы.

п

М.Нұрқайдарқызының айтуына қарағанда, майданда із-түзсіз кеткен сар­баздарды із­деу ісінде бір­не­ше кедергі бар. Ресми құ­жат­­тардың кө­бін­­де май­дан­гер­­­лердің аты-жөн­­­­дерінің 50 па­йызы бұрма­ланып жа­­зылған. Бұған бас­ты себеп соғыс жылдарында құжат тол­ты­ру­шылардың дені сарбаздардың есімін есту арқылы жазған. Мысалы, Сақауов Оспан есімі құжаттарда Соколов Остап бо­лып жүр. Сондай-ақ қазақ тіліндегі сингармонизм заңдылығы (үндестік) есімдердің түрліше жазылуына әсер етеді екен. Мысалы: «бек – пек», «бай – вай», «ғали – галей», «жан – джан – чан» деп жазы­луы мүмкін. Демек, ресми құ­жатта Батырғалидың – Батургалей, Бақыт­жанның – Багиджан, Вахиджан болып жазылуы әбден мүмкін.

«Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің белсенділері осындай түйткілді шешіп, қаншама тағдырға жан бітірді. Әр тапсырыстың артында аталары туралы мәлімет іздеген ел азаматтарының үміті тұр. Сол үмітті ақтаған сәттегі қуанышты ауызбен ­айтып жеткізу мүмкін емес.

«Мұрағаттағы құжаттардан дерек із­деудің өзіндік алгоритмі бар. «Атам­ның аманаты» қоғамдық бірлес­тігінің еріктілері ұзақ жылғы тәжіри­бенің арқасында талай түйінді шешудің тәсілдерін меңгеріп алды. Мәселен, кейде біз тек дауыссыз дыбыстарды сақтай отырып іздеу жүргіземіз. «Бақытжан» деген майдангерді – Б – Т – Ж – Н дыбыстары арқылы іздесеңіз, іздеу нәтижесінде «Батджан», «Бахиджан», «Багиджан», «Багчан», «Балиган» деген атауларға кездесесіз. Сосын оның тегі, туған жері, майданға аттанған елді мекені арқылы әрі қарай қазып, шөп арасынан ине іздегендей еңбектенеміз», дейді ерікті Айгүл Айтова.

Кейінгі бір жыл бедерінде «Egemen Qazaqstan» басылымында бұрын-соңды еш  жерде жарияланбаған ондаған мақала жарық көрді. Ол жарияланымдардағы тың деректерді табуға да осы Айгүл Айтова көмектескенін айта кеткен абзал.

ап

«Осы ұйымда ерікті болып жұмыс істегеніме төрт жылға жуықтады. Бірақ тәжірибем одан да көп. Осыдан он шақты жыл бұ­рын Екінші дү­ниежүзілік со­­­ғыстан орал­ма­ған­ нағашы атам Әділбай Жарлы­ға­повтың деректерін ресейлік сайттардан іздеп, жерленген жерін анықта­дым. Ол кісі Сталинград шайқасына қатысып, 1943 жылдың 7 қаңтарында ауыр жарақат алып, госпитальда көз жұмыпты. Анам әкесі соғысқа кеткенде әлі қырқынан да шықпаған шақалақ екен. Майдангердің артында қалған жалғыз тұяғына, яғни анама бұл хабарды айтқанымда жанары жасқа толып, қатты толқыды. Сол күнгі әсер маған аталардың дерегін іздеудің маңызын терең ұқтырды. Артынша өз атам Рамазан Айтбаев туралы мәліметтер іздеуді бастадым. Небәрі 18 жасында майданға аттанған атамыз туралы еш дерек табылмады. Бір күні Instagram-нан «Атамның аманаты» парақшасын көріп, Рамазан атамды іздеуге тапсырыс қалдырдым. Сол күні ұйым қызметкері Марфуза Сейітнұрқызы хабарласып, ерікті болуға шақырды. Бұл ұсынысты қуана қабылдадым. Содан бері осы ізгі жұмысты бар ынтаммен атқарып жүр­мін. Мен үшін ерікті болу – ұлы миссия, әрі жауынгерлердің ұрпағы ретіндегі азаматтық парызым», дейді А.Айтова.

Қорғаныс министрлігінің отстав­ка­дағы майоры Фарида Үшкемпірова да «Атамның аманаты» ұйымына өз еркімен ерікті болғанын айтады.

ар

«Осыдан төрт жыл бұрын бұл ұйым­­ға іздеуші ретінде белгілі бір тәжіри­бемен келдім. Бірнеше жыл бойы күйеуімнің соғысқа алғашқы күндері аттанып, хабарсыз кеткен ағасын өз бетімше іздеп жүрдім. Ресейдің Қорғаныс министрлігінің Орталық архивімен хат-хабар алмасып, «Память народа», ОБД «Ме­мо­риал» сияқ­ты деректер базасын қанша ақтарсам да, ұзақ уақыт бойы ешқандай нә­ти­же болмады. Тіпті Ре­сей тара­пынан «мұндай адам тізімде жоқ» деген ресми жауап та кел­ді. Соған қарамастан, үмітімді үзбей, іздеуді жалғастыра бердім. «Память народа» сайтындағы деректер жаңар­тылғаннан кейін, аталған туы­сым­ның «Жауынгерлік ерлігі үшін» меда­ліне ұсынылғаны жөнінде марапат па­ра­ғы табылды. Осы дерекке сүйеніп, аға­мыздың әскери борышын өтеген артил­ле­рия­лық полкін анықтадық, әскери іс-қимылдар журналына қол жеткіздік. Ол жерде оның қай жерде, қай күні ауыр жарақат алғаны және қайтыс болғаны туралы нақты ақпарат берілген. Осылайша, ресейлік іздеушілер мен Тверь облысы Зубцов ауданындағы Шеколдино ауылындағы «Зубцовский рубеж» мектеп іздеу отрядының көмегімен туысымыздың жерленген жерін анықтап, есімі бауырластар зиратына жазылды. 2019 жылдың 9 мамырында күйеуім аталған жерге барып, туған жерінің топырағын апарып, Жеңіс күніне арналған шараларға қа­тысты. Осы оқи­ғадан кейін бұл жұ­мыс­тың ма­­ңы­зын терең тү­сініп, «Атам­ның аманаты» қо­ғам­дық ұйы­мына ерікті ре­­тінде қо­сылдым», дей­ді Ф.Үшкем­піро­ва.

Еріктілердің өмірі таңғажайып оқиғаларға толы. Мәселен, 2022 жылы Ленинград облысы Колпино қаласының маңындағы бауырластар зиратынан тізім келіп, еріктілер ондағы қазақ сарбазының есімдерін әлеуметтік желілерге жариялаған. Бір азамат хабар­ласып, тізімдегі 35-36-сарбаз өз ата­лары екенін айтады. Қызығы сол, қостанайлық Әлімбатыр Жабағинов пен Күшқар Құлмұхамбетов бір күні қаза тауып, бір жерге жерленіпті. Арада ұзақ жылдар өткеннен кейін олардың балалары үйленіп, өмір бойы әкелерінің бірге соғысқаны мен бірге жерленгенін білмей өткен.

«Атамның аманаты» қоғамдық бір­лестігі майдан даласында тікелей қаз­ба жұмысын жүргізу ісін де үйлес­тіріп келеді. Мысалы, ұйым еріктілері жыл сайын Калуга облысында (Калуга бағытында бес қазақ дивизиясы соғысқан) өтетін «Батыс майданы. Варшава тас жолы» халықаралық әскери-тарихи экспедициясына қатысады. Қазба кезінде табылған отандастардың туыстарын тауып, сүйегін елге әкеліп жерлеу ісін де ұйымдастырады. Осыған дейін ұйым 20-дан аса майдангердің мәйітін туған жерге әкеліп, арулап жерлеуге мұрындық болған. Мәселен, «Атамның аманаты» жуырда ғана Оразғали Айболанұлы Белубаев пен Петр Капитонович Оконечниковтің мүрделерін Мәскеуден Астанаға жеткізуге атсалысты.

Рас, жұмыр жер бетіндегі зұлматты жеңіп, бізге бейбіт өмір сыйлаған боз­дақ­тардың алдында бәріміз қарыз­дармыз. Себебі майданда шейіт кеткен бір боздақтың есімі ұмытылса, бір тағдырдың ізі өшеді. Тіпті әр жа­уынгердің тағдырын зерттеу арқылы жал­пы халықтың тарихын жазып шы­ғуға болады. Сол себепті де Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске қазақ ұлтының сіңірген өлшеусіз үлесін бұ­қараға әйгілеп, аталардың дерегін іздеп жүрген еріктілерге алғыстан басқа ­айтарымыз жоқ.

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Бүгін, 11:20

Жезді жәдігерлері

Көрме • Бүгін, 11:00

Елімізде 3 300 Жеңіс бар

Қоғам • Бүгін, 10:50

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Бүгін, 10:30

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:50

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:40

Ерікті болу – елдік іс

Архив • Бүгін, 09:30

Мәншүк есімі – АҚШ мұрағатында

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Бел жазбай жұмыс істеген балалар

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:50

Ерлердің еңселі ескерткіші

Аймақтар • Бүгін, 08:45

Отыз жасында опат болған оғлан

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:40

Жеңіске ерекше үлес қосқан өңір

Аймақтар • Бүгін, 08:30

Момышұлы ардақ тұтқан Мұхаметқұл

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:20

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 08:15