
Қазақ халқы ежелден құқықтық мәдениетін жүйелеп, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәукенің «Жеті жарғысы» секілді заңдар шығарып, ел арасындағы дау-шарды Төле, Қазыбек, Әйтеке би секілді қара қылды қақ жарған билерге шештіріп отырған. Осылай әділдікті ту еткен билер институты тарихтан тамыр тартқан мемлекет болып қалыптасуымызға, халқымыздың ой-санасының құқықтық бағытта кемелденуіне ерен еңбек сіңірді. Содан бері Алаш баласы «Ханда қырық кісінің ақылы болса, биде қырық кісінің ары бар» деген ұлы сөзге сүйеніп, турашыл арлы билердің әділ шешімдеріне бойұсынып келеді. Ұлттың бойындағы осы бір асыл қасиет «Заң мен тәртіп» қағидасын ұстанған бүгінгі қазақтың да бойында бар. Демек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды құру идеясының түп-тамыры көне дәуірлерден бастау алады.
Президент айтқан Әділетті Қазақстанды құру ісінде тәуелсіз және әділ сот жүйесінің рөлі ерекше маңызға ие. Мемлекет басшысы Судьялардың IX съезінде сөйлеген сөзінде де әділ, беделді, бейтарап сот мемлекет үшін берік тірек екенін айта келіп, бүгінгі сот жүйесі азаматтардың құқықтарының сенімді қорғалуын қамтамасыз етуге, сот төрелігі алдында баршаның теңдігін нығайтып, заңның үстемдігін орнатуға тиіс екенін мәлімдеуі тегін емес. Сондай-ақ Президент сот билігінің ашық және тәуелсіз болуы халықтың сенімін қалыптастырып қана қоймай, елдегі экономикалық өркендеу мен инвестициялық ахуалды жақсартуға жол ашатынын айтуы бұл саланың маңыздылығын аңғартса керек.
Мемлекетіміз кейінгі жылдары сот жүйесін жүйелі реформалау барысында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Конституциялық Сот құрылып, алқабилер институты кеңейтілді. Әкімшілік сот төрелігі енгізіліп, кадр саясатына да реформа жүргізілді. Яғни сот қауымдастығы сот басшыларын өздері тағайындайтын әлеуеті қалыптасып, жоғарғы соттың судьяларын баламалы негізде сайлауға мүмкіндік туды. Бұған қоса судьяларды үздіксіз кәсіби оқыту және халықаралық тәжірибені енгізу арқылы сот төрелігінің сапасын арттыру қолға алынды.
Қазақта «Биің алаң болса, жұртың ылаң болар» деген қанатты сөз бар. Сондықтан да бүгінгі замана билерінің, яғни судьялардың көңілі алаң болмауы үшін мемлекет қоғамның құқықтық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды қарқынды жүргізіп жатыр. Мәселен, Мемлекет басшысының бастамасымен «Заң және тәртіп» қағидасы идеологиялық ұстынға айналды. Кейінгі жылдардағы соттардың ашық, объективті және тек заңға арқа сүйейтін дәстүрі қарапайым халықтың мемлекеттік саясатқа деген сенімін күшейтті.
Дамыған елдерде соттар адам тағдырына қатысты кез келген шешімді Конституция мен заңға ғана сүйеніп шығару, судьялардың жұрттың бәріне тең қарап, өзінің ары мен ожданы алдында тәуелсіз төрелік ету мәдениеті қалыптасқан. Бізде де сот жүйесіндегі реформалар осы мақсатқа жетуге орай туындап отыр. Судьялардың әділдікті ту етіп, төрелік жасауы – ел тұрақтылығының кепілі. Бұл үдеге заңды терең білумен ғана емес, адамгершілік, тазалық, шыншылдықты бағдар ету арқылы жетеміз. Сондықтан да еліміздің сот жүйесі күннен-күнге құқықтық мәдениетті дамытуға, конституциялық нормаларды қорғайтын тұрақты құқықтық сауатты арттыруға бар күшін салып жатыр.
Сот төрелігінің ашықтығы мен тиімділігін арттырудың төте жолы – саланы цифрландыру. Сот жүйесі бұл бағытта да заманға лайық цифрлық дамудың даңғыл соқпағына түсті. Бүгінде сотқа жүгінген азаматтар электронды ақпараттық технологияларды қолдануға құқылы. Мәселен, тұрғындар «Сот кабинеті», «Е-өтініш» қызмет көрсету жүйелері арқылы сотқа қатысты өтініштері мен арыз-шағымдарын жолдай алады. Бұл сервистердің негізгі ерекшелігі – ашықтық. Сонымен қатар әрбір азамат немесе оның өкілі өзіне ыңғайлы уақытта, үйінен шықпай-ақ заңдық қызметтерді пайдалануға қол жеткізді.
Сот жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігіне төте жол салатын тағы бір бастама – электронды бақылау өндірісі жобасы. Бұл қызметті пайдаланушыларға, яғни сот отырысына қатысушыларға арнайы құпия сөз беріледі. Сол арқылы азаматтар сот істері бойынша дер кезінде ақпарат алып, іс бойынша барлық сот актілерімен танысуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ құпия сөзбен сот кабинетіне кіріп, процестің бейне және аудио жазбаларымен танысуға да құқылы. Қылмыстық немесе әкімшілік істің сотқа қашан түскені, істі қарауға қай күнге тағайындалғаны, басқа да іске қатысты мәліметтер тараптарға СМС хабарламалар арқылы жолданады.
Реформалар аясында «Сот кабинеті» порталының функционалы белсенді түрде кеңейтіліп жатыр. Бүгінде азаматтық және әкімшілік істерді қарайтын сот отырыстарын онлайн өткізу әдеттегі жағдай саналады. Бұл өзгерістердің бәрі істерді қарау мерзімін қысқартып, тараптардың шығындарын азайтып, тұтастай алғанда сот жүйесіндегі ашықтық қағидатын қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Түйіндей келе айтарымыз, қазақ баласы – «Хан қасында ақылды би болса, қара жермен кеме жүзгізеді» деп қай заманда да сөзге тоқтаған, заман заңын аяқасты етпей, әділдік жолында ымыраға келіп, бейбіт тірлігін жалғастыра алған ел. Сол ұлы дәстүрді бүгінде судья мен сот қызметкерлері жалғастырып отыр. Соның арқасында ел азаматтары ең бірінші әділдікті соттан күтетін, бар сенімін заңға артатын заман туды. Ендеше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Заң мен Тәртіп – әділетті қоғамның негізгі өлшемі. Бұл – заң алдында бәрі бірдей, тең құқылы деген сөз. Сол себепті сот органдары азаматтардың басты қорғаны болуы керек. Елде заң үстемдігі орнаса, халықтың билікке деген сенімі нығаяды», деген идеясына жан бітіру бәрімізге ортақ міндет деп білеміз.