
Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертасұлының айтуынша, ауданда 1,5 млн-ға жуық төрт түлік өсіріледі. Жалпы аумағы 2 млн гектарды алып жатқан ауданда төлін ерткен отар қой, үйірлі жылқы көзге жылы ұшырайды. Ержан Құсайынов жетекшілік ететін «Дәуітхан» шаруа қожалығы биязы жүнді меринос қойын өсіреді. Иелігінде 2,5 мыңдай қойдың 1 400-і – саулық. 120 сиыр мен 4 үйір жылқы да осында. Мал қыста шалғайдағы жайылымда, жазда Майтөбе жайлауында бағылады. Қарамағындағы саулықтың жартысынан астамы қоздап үлгеріпті. Межеде әр саулыққа қозы ілестіру көзделген.
Малшылар тұратын баспана, отын-су, ішер астан тарықпайды. Сақманға келген аграрлық университеттің білімгерлері өндірістік тәжірибелерін осында өткізіп жатыр.
«Үш жыл аралығында 300-дей студент өндірістік тәжірибеден өтті. Наурыз айынан бастап мал төлдету науқанына қатысып жатыр» дейді Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің өкілі Бақытгүл Есімова.
Ақ қойдың қозысын қатарға қосу үшін маңдайтер төгіледі. Осыны түйсінген студенттердің қой қоздатудың машақатына мойынсұнғаны байқалады.
«Сақманға келгенімізге 10 күннен асты. Қой төлдетіп жүргеніме қатарымның көбі сенбейді. Аз уақытта қозыларға дәрі егіп, құйрықтарын кесуді үйрендік. Жаңа туған қозының іші өтсе өзіміз дәрілейміз. Түнгі кезекке тұрамыз. Күніге 5-10 қой туады. Арасында егіздері болады», дейді 3-курс студенті Жанболат Жанұзақ.
Мәтібұлақ ауылдық округіне қарасты Қарабастау ауылының тұрғыны, кәсіпкер Асхат Сәкиевтің шаруа қожалығында 2 мыңнан астам Еділбай қойы бар, оның 1 600-і – саулық. Бұған қоса, 60 бас ірі қара, 2 үйір жылқы бағып отыр.
Үлгілі ауылдық округіне қарасты «Мұрынбай» шаруа қожалығының иесі Серік Нұрымбаев мал өсіріп қана қоймай, малшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, малды-жанды болуына қамқорлық танытып келеді. Бүгінде 3 200 бас Еділбай қойының 70 пайызы төл ергізген. Бағымында 50-ге жуық ірі қара мен 200-ден астам жылқы да бар. Іргелі шаруашылықта мал дәрігері, механизатор, көлік жүргізушісі және құрылыс шеберлері тұрақты жұмыс істейді.
Өлкедегі 2 мыңға жуық шаруа қожалық өсімдік шаруашылығы бағытында маманданған. 106 мың гектарға жуық егістіктің 50 мыңнан астамына арпа, бидай, жүгері, сұлы сынды дәнді дақылдар, 47 300 гектарға көпжылдық шөптер егіледі. Себебі ауданда 4 мыңға жуық шаруашылық мал өсірумен айналысады. Соған қажетті жем-шөптің 50 пайызы осы көпжылдық шөпке бағытталған.
Алматы облысы