Республика күніне орайластырылған қуанышқа арнайы келіп қатысқан аймақ басшысы тұрғындарды құттықтап, жаңа шағын ауданда жүріп жатқан құрылыс барысымен танысты.
«Астана» шағын ауданында 154 тұрғын үй салу жоспарланған. Мұндағы аласа үйдің өзі – 5 қабатты, ал ең биік үй 24 қабатты болады. Тұрғын үйлердің жалпы көлемі 1 млн шаршы метрге жетеді. Бұл шамамен 60 мың адамды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінге дейін 10 үйдің құрылысы аяқталды. Енді бес қабатты 13 үйдің құрылысы жүріп жатыр.
«Президенттің тапсырмасына сәйкес, әр отбасы қолжетімді әрі сапалы баспанаға ие болуы тиіс. Басты міндет – үйлерді салып қана қоймай, халыққа жайлы өмір сүруге мүмкіндік беретін орта қалыптастыру. «Астана» жобасының жүзеге асуы – Қостанай облысы тұрғындарының өмір сапасын арттырып, оларға тек баспана ғана емес, сонымен бірге қауіпсіз әрі заманауи өмір сүру ортасын ұсынуға бағытталған. Жалпы, облыстағы тұрғын үй құрылысы жылма-жыл қарқын алып келеді. Мысалы, 2025 жылдың басынан бері 391 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 4145 пәтер салынды. Жыл соңына дейін 500 мың шаршы метр немесе 6,5 мың пәтер тапсыру жоспарланған. Бұл көрсеткіштер өңірдегі тұрғын үй құрылысының жүйелі дамып келе жатқанын айқын көрсетеді», деді Құмар Ақсақалов.
«Астана» шағын ауданында заманауи балабақшалар, мектептер, ауруханалар, спорт нысандары, сауда және ойын-сауық орталықтары, демалыс саябақтары да салынып жатыр. Сонымен қатар, тұрғындар үшін смарт аялдамалар, бейнебақылау жүйесі, кең жолдар, велосипед жолдары, әсем саябақтар салу көзделген.
Қостанай облысы