Экономика • Бүгін, 12:47

Қазақстанда алты жылда ауқымды геологиялық барлау жүргізілген

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті Жер қойнауын геологиялық-геофизикалық зерттеудің 2019-2024 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындыларын жариялады, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанда алты жылда ауқымды геологиялық барлау жүргізілген

Фото: inbusiness.kz

Алты жыл ішінде 2,014 млн шаршы метр аумақты қамтитын геологиялық барлау жұмыстары жүргізілген. Бұл жоспарланған аумақтың 91,6% құрап отыр.

Бағдарлама 2026 жылға қарай ел аумағын геологиялық тұрғыдан толық қамту, жер қойнауының инвестициялық тартымдылығын арттыру және минералдық-шикізат кешенін тұрақты дамытудың ғылыми базасын қалыптастыруды көздейді.

112 учаскеде төрт негізгі бағыт: геологиялық барлау, минералогиялық карта жасау, терең карталау және гидрогеология бойынша жұмыстар аяқталған. Болжамды ресурстары бар 38 перспективалы бағыт анықталған. Олар:

- сирек жер металдары – 2,6 млн тонна

- мыс пен никель – 3,7 млн тонна

- қоңыр көмір – 1,1 млрд тонна

- алтын – 19 тонна.

Одан бөлек мұнай-газ өнеркәсібі Арал шөгінді бассейнінде 266 млн тонна көлемінде алынатын көмірсутек ресурстарын тапты.

Министрлік мәліметінше, бағдарламаны жүзеге асыру кезеңінде геологиялық барлауға 306 лицензия берілген. Салаға тартылған жеке инвестиция көлемі 137 млрд теңгеден асқан.

Осы кезеңде кадрлар саны мен геолог мамандығының танымалдылығы да арта түскен. Мәселен, 2022-2024 жылдар аралығында геология мамандығын бітірушілер саны 2,5 есеге өскен.  Сондай-ақ, сала мамандарына арналған тұңғыш мемлекеттік  марапат – «Еңбек сіңірген геолог» тағайындалғанын атап өткен жөн.

«Қазақстан геологиялық барлау жұмыстарының сапасы мен жер қойнауын пайдаланудың ашықтығы бойынша Орталық Азияда көшбасшы болуға бет алды. Қалған 200 мың шаршы метрді қамтитын бағдарлама 2025-2026 жылдары жалғасады. Назар оңтүстік және батыс аймақтарға, оның ішінде Сырдария бассейніне және сирек металдар бойынша перспективалы аймақтарға аударылады», делінген министрлік хабарламасында.