
Егіс алқабында өткен «Дала күні» семинар-кеңесінде тиісті мекемелер мен шаруашылық басшылары саладағы өзекті мәселелерді баян етті. Былтыр елімізде диқандарға көктемгі егіс, күзгі жиын-терім жұмыстарына 5 пайызбен берілетін жеңілдетілген несие көлемі алғаш рет 500 млрд теңгеден асса, биыл бұл қаражат 700 млрд теңге болыпты. Диқандарға «Кең дала-2» бағдарламасы арқылы қолдау көрсетіліп отыр. Несиенің 85 пайызын «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры, тек 15 пайызын шаруашылықтар кепілдендіреді.
Алдыңғы жылдары көктемгі және күзгі дала жұмыстарын қаржыландыруға «Аграрлық несие корпорациясы» небәрі 2-3 млрд теңге бөліп келсе, биыл қаржы көлемі тоғыз есе артып, 18 млрд 500 млн теңгеге жеткен. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы саласын әртараптандырудағы ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыруда Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесі негізінде жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы жүзеге асырылады.
Тапшылыққа ұрынбау үшін биыл облыста су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемін 9 200 гектарға жеткізіп, былтырғыдан 2 есе арттыру межеленген. Бұл бағытта да мемлекеттік қолдау шаралары бар. Жабдықтарды сатып алуға және құруға кеткен шығынның 80 пайызына дейін мемлекет тарапынан субсидияланады.
Сонымен биыл өңірде 193 700 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі, оның 85,9 мың гектары – күріштік алқаптар. Майлы және малазықтық дақылдар аумағы да өткен жылға қарағанда 3 400 гектарға артады.
Биылғы тағы бір ерекшелік – жергілікті шаруалар дән себуде жаңа технологияға ден қойып отыр. Агродрондар тұқыммен қатар тыңайтқышты да тегіс сеуіп, еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осындай жаңалық енгізіп отырған Шиелі ауданындағы «Бидайкөл» шаруа қожалығы 10 гектар аумаққа күрішті көшеттеп егу әдісін де қолға алыпты. Бұл су шығынын 20%-ға, дән себу нормасын 80%-ға үнемдеп, өнімділікті жоғарылатуға сеп болмақ.
«Өнімді жақсарту бағытында дамыған елдердің технологияларын алып, ыңғайымызға қарай пайдалану мүмкіндігін сынап жатырмыз. Осыған дейін дельтаплан пайдаланып келдік, биіктеу ұшатындықтан оның сепкен дәрісі ауаға ұшып кететін. Ал 2-3 метр биіктегі дроннан себілген дән де, дәрі де ысырап болмайды», дейді шаруашылық төрағасы Талғат Байдалиев.
Биыл облыстың егістік алқаптарында күріштің 30-дан астам жаңа сорты сынақтан өтеді. Олардың қатарында Қытай, Түркия және Еуропа елдерінен әкелініп, алғаш рет жерсіндірілетін тұқым түрлері де бар.
«Қазір шаруалардың лазерлік тегістегіш техникалардың тиімділігіне көздері жетті. Осы күні өңірде 200-ден астам тегістегіш бар. Биыл 60 мың гектар жер осындай әдіспен тегістеледі. Қытайлық әріптестермен жасалған келісім аясында 6 сортты шағын көлемде сынақтан өткіземіз. Еуропадан да, Түркиядан да сорттар алып сынап, келешекте сол сорттардың арасынан тиімдісін алқапқа егеміз», дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.
Қызылорда