
– Қазір бұл әлемде емессіз. Ана жақта хәліңіз қалай?
– Ажал – әлемге көз салатын тереземнің шағылуы. Оның орнына басқа терезе қойыла ма, жоқ па – білмеймін һәм оны біліп те қажет емес. Бір ғана нәрсені анық түсінуі керек: терезенің жойылуы көздің жойылуы емес.
– 82 жыл ғұмыр кештіңіз. Бір адамға аз уақыт емес. Сонымен өмір деген не нәрсе екен?
– Өмір – рух пен нәпсінің тоқтаусыз күресі екен. Нәпсі ажыратады, рух біріктіреді. Бұл күресте рух жеңеді. Бірақ бұл ешқашан соңғы жеңіс емес. Нәпсі қайтадан қарымта соққы жұмсайды, қайыра ажыратады. Бірақ рух оны қайтадан тізе бүктіреді. Әр күрестен кейін нәпсі әлсірей береді, әлсірей береді, ал рух күшейе береді, күшейе береді.
– Рухтың мәнін түсіндіріңізші?
– Ұзақ өмір сүрген әрбір адам әуелі шақалақ сәби болады. Сосын бүлдіршін, сосын ер немесе әйел, сосын кемпір не шал болады. Алайда адам жасына сай қалай өзгерсе де, өзін «мен» деп атайды. Сәби болса да, қарт болса да оның ішінде ешқашан өзгермейтін нәрсе – осы «мен». Дәл осы өзгермейтін «менді» рух деп атаймыз. Су құйылған әр түрлі ыдыстарды шелек, бөшке, тегене деп айта береміз ғой. Бірақ бәрінің ішінде бір-ақ су. Сол секілді адамдарды да тән ерекшелігіне сай ұл бала, қыз бала, шал, кемпір деп бөлгенімізбен, әрқайсының ішінде бәріне ортақ құдайлық рух бар.
– Көп жағдайда руханиятты өте түсініксіз нәрсе деп ұғады?
Керісінше, руханият – өте түсінікті. Тән ісі – түсініксіз. Шырақтың шырпысыз жана алмайтыны секілді, адам да руханиятсыз өмір кеше алмайды. Рух инсанияттың бәрінде бар. Бірақ барлығы оны біле бермейді. Білген құлдың өмірі – ләззат, ғапыл қалғанның өмірі – азап.
– Күнәңіз көп пе?
– Өте көп. Іштім, шектім, зинақорлық та жасадым. Жаныңның жарығы әлсірген сайын, нәпсани қалауларыңның көлеңкесі жолыңды қараңғылай береді екен. Сақтану керек осы сұмдық көлеңкеден. Тән қалауларын тәрк етпейінше жаныңның жарығы әлгі көлеңкені жоя алмайтынына көзім жетті.
– Иә. Сіз темекіден, арақтан, тіпті ет жеуден де бас тарттыңыз. Ол кезде елуде болдыңыз. Ал елу алтыңызда байлықтан жерідіңіз. Отбасыңызды осылай етуге шақырдыңыз...
– Иә, бірақ олар қарсы болды. Оларға мен байлық ешқашан қанағаттандырмайтынын, дәулетің артқан сайын қажеттілігің де көбейе беретінін айттым.
– Онда неге адам байлықты жақсы көреді?
Рухани өмірдің жетімсіздігінен мұның бәрі. Оның кеудесіне руханият шырағын жақшы, оған ештеңе де керек болмай қалады. Адам сол байлықты жинау барысында қанша мейірімділікті жоғалтатынын білсе, шіркін. Онда байлықты қандай ыждағатпен жинаса, одан сондай ыждағатпен құтылуға асығар еді.
– Қартайған шағыңызда дін қызметкерлерімен жиі тартысқа түстіңіз. Шынайы дін деп нені ұғасыз?
– Нағыз ақиқат дін ғайыптан тайып пайда болған құдіретті күштің немесе оның шәкірттерінің ережесіне деген мәңгілік сенім емес. Сонымен қатар оқымыстылар ойлайтын бүгінгі күнге түк қажеті жоқ жәһілдік дәуірдің жаңғырығы да емес. Нағыз ақиқат дін сол – жақынын жанындай сүйетін адам мен ақырсыз ұлық құдірет арасындағы байланыс. Ілкіде болсын, қазіргі болсын діндердің бәрінде өзгеріп тұратын қағида-шариғаты болады. Бірақ мәңгілік өзгермейтін заңдылығы және болады. Ақиқат дінің асылы- дәл осы мызғымайтын ережеде.
– Жақыныңды жаныңдай сүю керек деп қалдыңыз. Бұл қалай?
– Сүю – демек жақсылық жасау. Біз бұны осылай түсінеміз және басқаша түсінуіміз де мүмкін емес. Сүю – бұл жай ғана сөз емес, бұл – өзгелерің игілігі үшін жасалатын іс. Егер адам ұлы махаббатқа жетуім керек деп, кішкентай махаббаттың міндеттерінен тартынатұғын болса, ол не өзін, не өзгелерді алдап жүр, оның үстіне бұдан әрі ол өзінен басқа ешкімді сүйе алмайды. Кімде-кім «мен құдайды жақсы көремін» деп, бауырын жек көрсе ол – нағыз кәззап. Асылында ол екеуін де жақсы көрмейді. Көрінетін бауырын жақсы көре алмай тұрып, көрінбейтін құдайды жақсы көру – мүмкін емес. Бауырлар, бір-бірімізді жақсы көрейік, себебі махаббат құдайдан. Әрбір сүюші құдайдан жаратылды және оны таниды, себебі құдайдың өзі – махаббат.
– Қазір әлемнің әр түкпірінде соғыс болып жатыр. Адамзатты қалай татуластыруға болады?
– Адамдар ақиқатта ғана біріге алады. Ол үшін бір-біріне қарама-қарсы жүрудің қажеті жоқ. Керісінше барлығы ақиқатқа қарай жүруі керек. Тек сонда ғана олар бір тұтас болмысқа айналады. Адамдар жарасайын деп жараспайды, жолдары бір болғаннан кейін жарасады. Үлкен храм бар деп елестетейік. Оның жарығы жоғарыдан бір нүктеге ғана түседі. Құлшылық қылушылар бастарын қосу үшін, бір-біріне емес, әлгі ортадағы сәулеге ұмтылса жеткілікті. Сонда ғана олар өзара жұмылады. Өмірде де солай. Бәрің ақиқатқа, құдайға қарай бастаңдар, бастарың қосылады.
Әңгімеңізге рахмет, Арыстан ақсақал!
P.S Лев Толстойдың жауаптары жеке күнделігінен алынды.
Әңгімелескен –
Абзал МАҚАШ,
«Egemen Qazaqstan»