
Ол «Түркістан сақшылары» туындысын дайындау барысында «ChatGPT», «RunwayML», «Kling Ai», «Hydra AI», «ElevenLabs» сынды ЖИ бағдарламаларының көмегіне жүгінген. Мультфильмнің басты кейіпкерлері ретінде Ақпантер – барыс, Алтынқанат – қыран, Тасбатыр ата – ғасыр жасаған ақылгөй тасбақа бейнелері таңдалған. Толыққанды 3D форматтағы мультфильм сюжеті еліміздің рухани ордасын қасаң ой, теріс әрекеттерден қорғау төңірегінде өрбиді.
IT маманның анимациядағы бұл айтулы жаңалығы – сала көкжиегін кеңейтудің тың тәсілі. Жалпы, мультфильм «инемен құдық қазғандай» еңбекпен жасалатыны баршаға аян. Ал жасанды интеллект анимациядағы ауырды жеңілдетіп, миллиондаған қаржыны қалтада қалдыруға оң үлес қоса алады. ЖИ-дің жетілдірілген нұсқасын кәдеге жаратқан Ғасыр Құралбайұлы бастаманы жүзеге асыруға түрткі болған ой мен жасанды зерденің қазақ тілін қаншалықты меңгергенін тарқата айтты.
«ChatGPT»-дің кейінгі жаңартуынан соң қалың ой құшағында қалдым. Бұрын ғалымдардың болашақта кинотеатрларда ЖИ арқылы жасаған мультфильм, киноларды ғана көреміз дегеніне таңырқай қарайтынмын. Осы идеяны басшылықтың қаперіне салып, елімізде қазақ тілінде бірінші болып ЖИ арқылы мультфильм жасап шығаруды ұсындым. Оған «Turkistan» телеарнасының басшылығы қолдау білдіріп, ақылы ЖИ жазылымдарына қаржы бөлді. Осыдан кейін іске кірісіп, «Түркістан сақшыларын» жарыққа шығардық», деп атап өткен ол мультфильмнің басты кейіпкерлері ретінде барыс, қыран тектен-тек таңдалмағанын айтты.
«Барыс пен қыран еліміздің «Қызыл кітабына» енген. Сондықтан ерекше қастерлейміз. Бір жағынан, туымызда бейнеленген қыранды насихаттауды да көздедік. Алдағы уақытта шығарғалы отырған 10 серия Түркістан өңірінің өмірімен тығыз байланысты кейіпкерлермен толығады. Меніңше, болашақта миллиондаған ақшаға 6–7 айлап мультфильм жасайтын дәуір бастан көшеді. ЖИ арқылы кез келген уақытта әр кейіпкерді өзгерте аламыз», деді мультфильм авторы.
Ғасыр бұл мультфильмді жасауға бас-аяғы 10 күнін арнаған. Анимацияның саундтрегін ақын Құрал Көмек жазса, кейіпкерлерді Түркістан театрының актерлері дыбыстаған. Автордың айтуынша, ЖИ арқылы мультфильм жасау отандық контентке де серпіліс береді. Ол үшін жасанды зердеде қазақтың төл әріптерін жиі қолданып, оны меңгеруіне жұмыла кіріскен жөн.
«Мультфильмді жасау барысында төл әріптерімізді бейнелеуде ЖИ әлі бірден түсіне қоймайтынын аңғардық. Промтты түрлендіріп немесе арнайы дизайнмен бұл кедергілерді еңсеруге тырыстық. Кейде ЖИ өзің қалаған әрекет немесе мимиканы дөп бере алмай жатты. Сонда да болашақта промттар өңделіп, қайта оқылып, сапалы бейнелер шығатынына сенемін. Сондай-ақ жобаны «Youtube» платформаға апта сайын шығарып, тұрақты монетизацияға қосылу авторға – пайда, оқырманға сапалы контент болмақ», деп атап өтті ол.
«Түркістан сақшылары» туындысынан кейін оқушылар арасында ЖИ арқылы мультфильм жасауға қызығушылық артқанын желіде жазылған пікірлерден байқадық. Ғасыр осы бағытта жұмыс істегісі келетіндерге идея тұрғысынан тереңірек ізденіп, әлемдік, отандық үздік мультфильмдерді көбірек көруге кеңес берді. Ал еліміздегі ЖИ арқылы жасалған тұңғыш мультфильмнің авторы мұнымен тоқтап қалмай, балалардың бойында өр рухты оятып, қазақы тәлім-тәрбиені сіңіретін бірқатар сапалы мультфильм шығаруды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде мультфильмнің 2-сериясы 4 минуттан 12 минутқа көбейіп,«Түркістанға төнген қаражелең» атауымен көрерменге жол тартып үлгерді.