Қоғам • Бүгін, 09:17

Тұлға қалыптастыру – ұлт мұраты

40 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

«Нұрын, сырын көруге

көкірегіңде болсын көз...»

Абай

Тұлға қалыптастыру – ұлт мұраты

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

 

«Тарих – төреші, уақыт – сыншы» заманда пайымы мен танымы тереңнен өрбитін қоғамдық құндылықтардың бірі – адам мен оның өмірі, құқықтары мен даму кеңістігі, рухани болмысы мен ішкі сенімі. ХХ ғасырдың екінші жартысынан айналымға енген «адам капиталы» ұғымы сол зерделі ойдың жалғасы, саналы әрекеттің айнасы іспеттес. Адам капиталы – білім мен білік, әдет пен дағды, ақыл мен сана, таным мен тағылым ордасының биіктігі­мен өлшеніп, моральдық қасиеттер мазмұнымен сабақтасқан өрісі кең, әлеуеті жоғары ұғым. Ол – әрі маңызды экономикалық рecyрстар тоғысында, әрі әлeyметтік, пcихoлогиялық, мәдeни және этнoграфиялық қатынастар шеңберінде өзектелетін «алып мақсаттар тұрағы», өмір талабы мен уақыт үрдісі дәйектеген эволюциялық дамудың қажет бағдары. Осыған орай, қоғам, мәдениет, сaна ұғымдарының төрелігінен бастау алған «адамтану», «тұлғатану» сияқты іргелі ілімдер де бүгін маңызды әрі мүдделі басымдықтар үйлесімі деп қабылданады.

Кезінде Конфуцийдің мемлекет құндылықтары аясында қоғамдық тәртіп пен тұрақтылықты, ал Герaклиттің отбасы заңдылықтарын жоғары бағалауы адам мәртебесінің құндылығын, қоғамдық үлесінің маңыздылығын дәлелдеген еді. Бұл қатарда Цицеронның мемлекет бeлгілерін халық игілігінен өрбіте талдауы да, Әл-Фарабидің халықтың әл-ауқатын мeмлекеттің басты нысаны деп анықтауы да адамдық қарым-қатынас канондарының мәңгілік сипатын айғақтайтыны сөзсіз.

«Адам – таңғажайып құбылыс! Оның жан дүниесі, ақыл-ойы, жан-жақты талант-қабілеті құдіреттілік табиғатының нақты көрінісі», деп кезінде Шоқан Уәлиханов атап көрсеткендей, жаратылысынан ойлы адамзат баласының қалыптасу, даму жолы қaзіргі қоғамдық-әлеуметтік институттар негізінде өрісін кеңейтіп, қажет білім мен дағды қорын жүйелеуге, ішкі ынтасы мен ықыласын тaразылауға мүмкіндік беруде. Бүгін адамның өсу бағдары мен әрекеті, ішкі әлеуеті мен пcихологиялық даму өзгешелігі оның білімін тереңдету, біліктілігін арттыру факторларының сапасымен сұрыпталатыны да ақиқат.

Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен «көкжиегі кең, тамыры терең өркениеттік көзқарасты» ұстанатын әрі «ұлттық сана-сезімді жаһандық ауқымда нығайта түсетін», «тарихи әділдік қағидаты мен перзенттік парызы» жоғары мемлекеттік қызметшілерді қалыптастыру жолын­дағы Мемле­кеттік қызмет істері агенттігі мен Президент жа­нын­дағы Мемлекеттік басқару акаде­мия­сының бірлескен ізденістері мем­лекеттіліктің «айбыны мен айбарын» арттыруға, қоғамдық мектептің абыройын көтеруге, адамтанудың өрісін өркендетуге бағытталған шаралар тізбегін құрайды.

Бүгін мемлекеттік қызметшілердің іргелі дайындық алаңдарын жүзеге асырып жатқан құрылымдардың алдында мәдени, аксиологиялық, саяси-экономикалық және әлеуметтік алғы­шарт­тар тоғысына негізделген міндет­терді шешу мақсаты қойылған. Олар «ел мүддесіне адалдық, оның алдын­дағы борышын сезіну сияқты мызғымас құндылықтар мемлекеттік қызметті атқару ерекшеліктерімен және «Адал азамат» идеалдарымен ты­ғыз байланыс­ты» (Қазақстан Респуб­ли­ка­сының мем­лекеттік қызметін дамыту­дың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырым­дамасынан) деген ұстанымды күн тәртібіне қоюда. Бүгін жоғары және жо­ғары орнынан кейінгі білім беру жүйе­лерінің алдында тәрбиемен ұштас­қан, Ұлы дала құндылықтарымен сабақтасқан, қоғамдық әдеп қағидаттарын меңгерген, «көшпелілер өркениетін» жаңғырта отырып, цифрлық әлеует заманының жаңару кеңістігін үйлестірген білім үлгілеріне қол жеткізу маңыздылығы арта түсуде.

Аса көрнекті мемлекет және қoғам қайраткері Дінмұхамед Қoнаевтың: «Қазақ аруақ аттамаған. Тіршілігінде ата-анасын aрдақтай білген хaлық солардың ең ізгі қасиеттерін ертеңгі ұрпақ бойына сіңіре білген. Біздің ұлылығымыз да oсында» деген тұжырымына орала отырып, Ұлттық құрылтай төрінде өзектелген «озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек» ұстанымын зерделеу бүгінгі тұлғатану мен тұлға қалыптастырудың ажырамас бірлігі екенін жадыда сақтаған абзал. Ұрпақ алдындағы, ал ұрпақ арқылы мемлекет алдындағы жауапкершілік адалдық пен әділдік, табандылық пен біліктілік тоғысымен жалғасын табуы да осы қағидаттың заңды үйлесімі.

Академияның білім беру, қайта даярлау, біліктілігін арттыру бағдарлама­лары мемлекеттік қызметшілердің тұлға­лық қалыптасуын эстетикалық өлшем­дер генезисімен тереңдетуге, зияткерлік әлеуетімен біріктіре саралауға басым­дық беруде. Нәтижесінде, ұсынылатын ақпарат көзі де, таным құрылымы да адамзат ойы мен тіршілігінің басты құ­рал­дары ретінде сананың мазмұндық қабатын айқындайтын тәжірибе арнасы деп қабылданады. Қолданыстағы 9 магистрлік және 3 докторлық білім бағдарламалары әр тұлғаға қажет кәсіби білім мен құнды дағдылар қоймaсын жинақтау мақсатын көздейді. Олардың қатарында «Мемлекеттік басқару», «Мем­лекеттік саясат», «Халықаралық қаты­настар», «Экономика», «Адам ресурс­тарын басқару», «Өңірлік даму» маман­дықтарымен бірге, 2026 – 2027 оқу жылын­да жаңадан қосылатын «Цифрлық мемлекеттік басқару» мамандығын атауға болады. Мемлекеттік қызметшілермен қатар, квазимемлекеттік секторлардан да үміткерлер оқуға қабылданып, жұмыстарынан қол үзбей біліктілігін арттыруға мүмкіндік алуда.

Қазіргі білім парадигмасының діттегені – адамның құндылықтар жүйесін өмірлік дамудың кілті, ал ғасыр­лар тоғысында орныққан эстетикалық, этикалық нормаларды біліктілік пен зияткерліктің маңызды құрамдас бөлігі деп бағалауға үйрету. Осыған орай, Академияда жүзеге асырылатын мем­лекеттік қызметке алғаш қабыл­данған­дарға арналған қайта даярлау мен басшылық қызметкерлерге бағдарланған біліктілігін арттыру семинарлары тұлға­ның өзін-өзі қалыптастыру мен жетілдіру бағытының қолданбалы үлгісін құрайды. Іргелі стратегиялық мақсаттарды басшы­лыққа алған тақырыптық курстар бірне­ше талқылаудан өтеді. Нәтижесінде, Үкімет алдына қойылар міндеттермен сабақ­таса отырып, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің даму жоспарымен, Акаде­мияның құзыреттіліктерді жетілдіру бағ­дарымен ұштасқан бағдарламалар­дың тұжырымдамалық негізі өрісі кең мүдделер тоғысын айқындайды, ал мемле­кеттік мекемелермен келісілген тақы­рып­тар, олардың мазмұны, дәрістің сапа­сын қамтамасыз ететін тәжірибелі мамандар – барлығы түпкі нәтижеге бағдарланған алғышарттар мен ізденіс көкжиектерін дәйектейді. Оның айқын мысалы ретінде Академияның Назарбаев университетімен бірлесе ұсынған саяси мемлекеттік қызметшілерге арналған 240 сағаттық «Жаңа формация басшылары» атты бағдарламасын, А корпусының мем­лекеттік қызметшілеріне бағыт­талған қайта даярлау курстарын, ауыл әкімдеріне дайындалған модульдік компоненттерді айрықша атап айтуға болады.

Кәсіби біліктілік картасын стратегия­лық мақсаттар матрицасымен байланыстыра отырып, магистранттар мен тыңдаушылардың тұлғалық болмысын сомдаудың өзгеше өрісті үлгісін қалыптастыруға негізделген оқыту технологияларына басымдық беру – Академия дамуының басты бағыттарының бірі. Мамандыққа бағдарланған теориялық мәліметтермен қоса, қолданбалы кеңістіктің ұтымдылығын сабақтастыру нәтижесінде жағдаяттық, белсенді қарым-қатынас тапсырмалары жеке тұлға­ның қатысымдық қабілетін басқа­ру әлеуетімен тоғыстыра дамытуға, көп­ш­­ілік алдында сөйлеу өнерін игертуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ орталық және өңірлік дең­гей­де тиімді шешім қабылдау амал­дарын меңгертуге, елдің тұрақты әлеумет­тік-экономикалық өрісін қамтамасыз ету бағытында бюджеттік жоспарлау, мемлекеттік сатып алу мен салықтар, коммуналдық меншік, цифрлық басқару сияқты құзыреттердің рөлін арттыруға жол ашылады.

Академияда ұйымдастырылатын қонақ- дәрістердің, көшпелі сабақтар мен қорғаулардың дәстүрлі сабақ үлгілерімен қатар жүруі – академиялық мақсаттарды күшейтудің өнімді құралы. Адамзат танымының белсенді бір­ліктерін экономикалық, әлеуметтік және мәдениаралық, ұлтаралық қаты­настардың өзегі деп қабылдау оқу үрдісінің жаңа қолданбалы бағыттарын саралауға мүмкіндік беріп отыр. Осы қатарда Парламент, Жоғарғы сот, «ҚазМедиа» орталығы, Ұлттық ғарыш орта­лығы, Қазгидромет, Астана су арна­сы, құрылыс қалдық­тарын өңдеу алаңдары («Astana Recycling Development» ЖШС), Қолданбалы этносаяси зерттеулер инс­титуты, т.б. мекемелер тарапынан ұсынылатын алаңдардың өрісі аса тиімді. Аталған білім технологиялары адамның жады жұмысының жылдамдығы мен ойлау жүйесінің тиімділігін еселейді. Тағылымдамалық мектептің өзгеше үлгісін бойларына сіңірген магистранттар мен тыңдаушылар аудиториясы мемлекеттік мүдде мен «адал азамат» ұстанымдарын, халықтық дәстүр мен тілдік құзырет бірлігін, ішкі қуaт пен берік сенім қағидаттарын шешім қабылдаудың үздік өлшемдері деп бағалай алу мүмкіндігіне ие болады.

«Қоғамдық диалог» алаңын кәсіби таныммен ұтымды үйлестірген Академияның тағы бір жобасы – Даму күні. Дәстүрлі шараның білім мен тәрбие одағын насихаттаудағы маңызы да, мазмұны да айтарлықтай. Адамзат қоғамының сан ғасырлық тәжірибесінің нәтижесі деп танылатын мораль мен этика нормалары да, рухани эстетикалық пәлсапа заңдылықтары да, ұлттық-мәдени құндылықтар әлемі де кәсіби біліктілік кеңістігімен сабақтаса әр жұманың күн тәртібі мен талқылау нысанын анықтап келеді. Бұл ретте магистранттардың өздерінен құрылған пікірталас кеңістіктеріне («Экономист+»), магистрлік жобаны жазу, аналитикалық жазуды меңгеру, «Алаш зиялыларының рухани мұрасы және Әділетті Қазақстан», «Елге адал қызмет – абыройлы міндет», «Алғыспен ел көгерер», «Америка архивтеріндегі қазаққа қатысты деректер», «Бір тіл – бір әлем», «Ұлттық статистика Бюросының қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл», «Университеттік онлайн кітапхана», т.б. тақырыптарда өткізілген сараптамалық кездесулер тәжірибесіне жүгінуге болады.

«Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде, болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз», деп Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан атап өткендей, іргелі елдің болашағы өз міндетін зор сеніммен арқалаған азаматтардың үлесімен, ертеңгі күннің аманатын пайымдай білген қоғам мүшесінің терең түсінігімен өлшенетіні сөзсіз. Бұл қатарда білім ордалары мен кәсіби даму орталықтарының алдында тұрған іргелі мақсат – адамның зияткерлік қабілетін азаматтық кел­бетімен, құндылықтар көкжиегімен, жоғары пәлсапалық ұғымдар тоғысымен сабақтастыру, «адамтану» мен «тұлға­тану» ұғымдарына назар аудару, дарынды ұрпақ, ойлы да адал азамат тәрбиелеу.

Тұлғаға бай елдің тұғыры берік болары даусыз.

 

Эльмира Оразалиева,

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының академиялық қызмет жөніндегі вице-ректоры, профессор

Соңғы жаңалықтар

Даланың дара перзенті

Еңбек • Бүгін, 09:50

Атакәсіпке адал азамат

Еңбек • Бүгін, 09:45

Әлеуметке тиімді жоба

Қоғам • Бүгін, 09:35

Олжас!.. (Эссе)

Тұлға • Бүгін, 09:25

Адам папиллома вирусы қандай ауру

Денсаулық • Бүгін, 09:22

Ерім дейтін ел қайда?

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Жасанды интеллектіні жүйелі енгізген банктер

Жасанды интеллект • Бүгін, 09:10

Күтумен өткен ғұмыр

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:55

Смағұл сапасы

Тұлға • Бүгін, 08:50

Мұстахара

Жәдігер • Бүгін, 08:45

Керек дерек

Digital • Бүгін, 08:40

Бірегей білім моделі

Қоғам • Бүгін, 08:35

«Түркістан сақшылары» – ЖИ жемісі

Жасанды интеллект • Бүгін, 08:25