Фото: report.az
Anadolu агенттігінің хабарлауынша, ең ауыр жағдай портты Дананг қаласында тіркелді. Мұнда су тасқынынан алты адам мерт болып, 19 тұрғын түрлі жарақат алған. Тағы төрт адам әлі табылған жоқ. Мыңдаған тұрғын үй, ауыл шаруашылығы алқаптары мен үй жануарлары зардап шеккен.
Хюэ қаласында бір адам қаза тапса, бес жасар қыз бала із-түзсіз жоғалған. Қалада соңғы тәулікте жауын-шашын мөлшері бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен.
Ал, Куангнгай провинциясында 120-дан астам лай көшкіні тіркеліп, олардың салдарынан кемінде үш адам көз жұмған. Жолдардың жабылуы салдарынан ондаған адам көліктерінде қалып қойған.
Табиғи апат ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген ежелгі Хойан қаласын да айналып өтпеді. Мұнда су деңгейі күрт көтеріліп, туристерді қайықпен эвакуациялауға тура келген.
Қатты жауын Вьетнамның негізгі көлік қатынасына да әсер етіп, ел астанасы Ханой мен Хошимин арасындағы теміржол қозғалысы уақытша тоқтатылған. Бұл мыңдаған жолаушының сапар жоспарына кері әсер етті.