
Басқосуда Парламент Мәжілісінің депутаттары, дәрігерлер, белсенді азаматтар әйелдердің репродуктивті денсаулығына қатысты сын-қатерлер, ерте жүктілік, отбасын жоспарлау мәселесімен қатар ерлер денсаулығы тақырыбын қаузады. Баяндамашылар репродуктивті денсаулық бағытында аурудың алдын алуға, заманауи медициналық қызметтердің қолжетімділігіне назар аударды. Оның ішінде әлеуметтік факторлардың әсері мен ақпараттандыру мәселесі кеңінен қамтылды. Барлық жастағы әйелдердің денсаулығына бағытталған кешенді стратегия әзірлеу қажеттілігі айтылды. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов әйелдер денсаулығымен қатар ерлер денсаулығына көп көңіл бөлу қажет екенін атап өтті.
– Кей адамдарға репродуктивті денсаулық тақырыбы әйелдер тақырыбы секілді көрінеді. Бірақ бұл біздіңше, ерлерден де алыс тақырып емес. Мәселе күрделі, ушығып тұр. Сондықтан апталық тек ақпараттық-түсіндіру жұмысымен шектелмеуге тиіс. Бұл – саладағы бірнеше жыл айтылып келе жатқан күрделі мәселелерді шешудің бір мүмкіндігі. Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған дерек бойынша, кейінгі бес жылда кәмелетке толмаған 11 мыңнан астам қыз бала жүкті болған. Дегенмен бұл статистика 2000 жылдан бері 43%-ға төмендегенін ескерген дұрыс. Әр ерте жүкті болған қыздың артында тағдыр бар. Оның білім алмағанын былай қойғанда, әлеуметтік жағдайы қалай болады? Елде қыздарымыз түгел дерлік АПВ-ға қарсы вакцина алдырады. Оған қарсы болып, салдырмай жатқандар да бар. Осы тұрғыда ұлдардың да АПВ-ға қарсы вакцина алуын ұлттық күнтізбеге енгізу керек, деген ұсыныс айтты А.Аймағамбетов.
Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, Парламент Сенаты төрағасының кеңесшісі Жұлдызай Ысқақова апталықтың мән-маңызы туралы жан-жақты баяндады.
Репродуктивті денсаулық апталығының әр күні белгілі бір тақырыпқа арналған. Жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің аз емесін, инфекциялардың көп екенін білеміз. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері былтыр өңірлерге мониторинг жүргізді. Мектептегі мұғалімдер, жасөспірімдер тақырыпты тереңірек білгісі келеді. Репродуктивті денсаулық тақырыбын білуге жасөспірімдер барынша ынталы. Осыны тиімді пайдаланып, ақпараттандыру жұмыстарын ұтымды жүргізу керек. Ресми ақпарат бойынша, елдегі шамамен әр алтыншы отбасы бедеулік салдарынан ажырасады. Бұл ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді. Осы апталық аясында мектептегі ұл-қыздарымыз жаман-жақсыны таныса, репродуктивті денсаулық туралы білсе, соның өзі бізге үлкен олжа, – деді Ж.Ысқақова.
Ашық пікір алмасу барысында жасөспірімдердің жыныстық жетілуі, ерте жүктілік, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, сондай-ақ ерлердің репродуктивті денсаулықты сақтау жолындағы рөлі мен жауапкершілігі туралы мәселелер қозғалды. Саламатты өмір салтын қалыптастыруды оқушылардың бойына сіңіру керек деген ұсыныс айтылды. Астана медицина университеті жанындағы Е.Даленов атындағы ғылыми зерттеу институтының аға оқытушысы Бағай Назарбайұлы: «Саламатты өмір салтын қалыптастыру үшін алдымен қоғам сауатты болуы керек. Репродуктивті денсаулық тақырыбы алдымен мектепте айтылғаны жөн. Төменгі сыныптарда дұрыс тамақтануды баланың бойына сіңіруге болады. Өсе келе биорежімді сақтау, генетикалық аурулардың қалай пайда болатынын, жыныстық жолмен берілетін ауруларды да білгені дұрыс. Бала аурулардың салдарын білсе, алдын алады. Репродуктивті денсаулық мәселесіне қатысты көп мәселені осылай ағартушылық жұмыстар арқылы оңалтуға әбден болады», деген пікір білдірді.
Дөңгелек үстел қорытындысында дәрігерлер, репродуктивті денсаулық мәселесіне алаңдайтын белсенді азаматтар әйелдер денсаулығына қатысты бастамаларды жүйелі ілгерілету үшін мемлекеттік, қоғамдық, бизнес құрылымдардың күш-жігерін біріктіру қажет деген ортақ келісімге келді. Сонда ғана жүйелі жұмыс оң нәтиже беруге тиіс.