
Фото: egemen.kz
Оның айғағы - бүгінде отандастарымыздың қолынан шыққан бұйымдар ұлт мәдениетінің белгісі ретінде қабылданып, олар өткізіп жүрген жәрмеңкелер – туристерді тартатын, экономиканы алға сүйрейтін күшке айналып келеді. Бұл туралы бүгін Алматының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы қолөнершілер палатасының вице-президенті Дәмелі Жанашева мәлімдеді.
2024 жылдың соңына таман Алматы Қолөнер жөніндегі Әлемдік кеңестің (WCC) шешімімен қолөнер мен қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары бағыты бойынша Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енген. Бұл жаңалық отандық шеберлердің жұмысына жаңа серпін беріп, сыртқы нарықта қазақ қолөнер бұйымдарына деген сұранысты арттырды.
Алматылық қолөнершілер өз өнімдерін әлемдік жәрмеңкелерде ұсынуға мүмкіндік алды. Қолөнер шеберлерінің жәрмеңкелер мен фестивальдерге тұрақты қатысып жүргені де көпшіліктің назарын аударып отыр. Былтыр Алматыда 1300-ге жуық қолөнер шебері қатысқан 17 жәрмеңке өткізілген.
2014 жылдан бері жұмыс істейтін Қолөнер жөніндегі Әлемдік кеңеске бүгінде дүниежүзінің 60 қаласы кіреді. Бұл жүйеге Қазақстан алғаш рет Тараз қаласының киіз өңдеу саласындағы тәжірибесінің арқасында қосылған болатын.
Ал Алматы халқымыздың ұлттық және мәдени кодын ұлықтайтын – қолөнер мен қазақтың ұлттық аспаптары бағытын таңдады.
2024 жылдың тамыз айында Кувейт, Қытай, Өзбекстан және Қазақстан өкілдерінен құралған WCC халықаралық комиссиясы Алматыға арнайы сапармен келді. Үш күн бойы олар зергерлік шеберханалар мен музыкалық аспаптар жасайтын студиялардың жұмысымен танысып, бұйымдардың сапасы мен табиғи шикізатты қолдану тәсілдеріне ерекше назар аударған. Сапар соңында жеке және жалпы есеп дайындалып, 2024 жылдың қарашасында Алматыға ресми түрде World Craft City мәртебесі берілді. Осылайша, қала әлемдік қолөнер картасында өз орнын алды. Бұл мәртебе Алматының туристік және мәдени тартымдылығын арттырып, шеберлердің туындыларына деген ішкі және сыртқы сұранысты күшейтті.
«Қазақстандық қолөнердің халықаралық деңгейде мойындалуы – шеберлеріміздің бұйымдарын ұлттық брендке айналдыруға жол ашты. Басқа елдерде жәрмеңкелер көбіне кәдесый өнімдерін сату үшін ұйымдастырылса, Алматыда қолдан жасалған киім, аяқ киім, бас киім, ыдыс-аяқ, музыкалық аспаптар мен сәндік бұйымдардың алуан түрі бар», деді Дәмелі Жанашева.
Қазір айына екі рет өтетін Алматы жәрмеңкесіне келушілер саны артып келеді. Әр жәрмеңкеге орта есеппен 80–100 шебер қатысады, ал бір жылда бұл көрсеткіш 1300-ден асады. Алматы қолөнершілер палатасы жас шеберлерге қолдау көрсетіп, профильдік колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттеріне жәрмеңкеге қатысуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ маркетинг, әлеуметтік желілерде алға жылжу және бизнесті жүргізу бойынша кеңес береді. Өз ісін енді бастаған ерекше шеберлерге жәрмеңкеге тегін орын ұсыну да – осы палата жұмысының бір бөлігі.