
Мырзахмет Жылысбаев
Соғыс жылдары өңірден 140 мыңнан аса сарбаз майданға аттанса, олардың жартысы ғана елге аман оралған. Солардың бірі – 18 жасында майданға аттанған қазығұрттық Әкімбай Жұмабаев биыл 102 жасқа толып отыр. Сталинград түбіндегі кескілескен ұрысқа қатысып, барлаушылар тобында болған. Майданның алғы шебіне көмек қолы ретінде жіберілген 122-атқыштар бригадасының құрамында Волга өзенін жүзіп өту барысында жаудың қарша боратқан снарядтарының астында қалады. Талай тағдыр үзілген сол шайқаста Әкімбай ақсақал ауыр жарақат алып, госпитальге жатқызылады. Елге 1943 жылы оралып, 40 жыл бойы табан аудармай туып-өскен Тұрбаттағы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Соғыста көрсеткен жауынгерлік ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен және бірнеше мерекелік медальмен марапатталған. Бүгінде ақсақал 4 ұл, 2 қыз, 21 немере, 6 шөбере, 2 шөпшегінің қызығын көріп отыр.
Ал осы аудандағы Сынтас ауылының тумасы Анарбай Мырзахметов ақсақал биыл 99 жасқа келеді. Соғысқа 1944 жылы өз еркімен аттанған жауынгер Семей қаласында бір айлық дайындық курсынан өткен соң Польшаның Варшава қаласына барып, 1-Беларусь майданында болған. Украина майданындағы қиян-кескі шайқастарға қатысқан. Польшаның Варшава қаласын, Германияның Магденбург, Бланкенбург, Берлин қалаларын азат ету әскери операцияларына да қатысып, жауынгерлік шеберлігін көрсете білген. «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен наградталған. Соғыс біткен соң Ресейдің Иванов қаласында әуе-десант әскерінде әскери борышын өтеп, 1950 жылдың қазан айында елге оралады. Ұзақ жылдар бойы «Жаңатұрмыс» ұжымшарында ферма меңгерушісі, жүргізуші болып еңбек еткен ардагер 3 ұл, 7 қыз өсіріп, 48 немере, 92 шөбере, 3 шөпшек сүйіп отыр. Жалпы, соғысқа Қазығұрт ауданынан 8 мыңға жуық сарбаз аттанып, көбі майдан даласында қаза тапқан. Ауданнан екі бірдей Кеңес Одағының батыры шықты. Бірі Сабыр Рахымов болса, екіншісі – Қарақозы Әбдалиев.
Ал Созақ ауданынан Екінші дүниежүзілік соғысы жылдары 6 мыңға жуық азамат майдан даласына аттанған. Солардың аман-есен елге оралғандарынан бүгінде көзі тірісі – жалғыз Мырзахмет Жылысбаев. Биыл 99 жасқа келген Мырзахмет ақсақал соғысқа аттанған кезде 18 жастағы бозбала еді. 1944 жылдың қараша айында ұжымшардағы сауаты жоқ ересектерді хат тануға үйретіп жүрген оны бір түнде майданға алып кетеді. Ардагер майданда 92-автоатқыштар полкі құрамында генерал-полковник Батовтың батальонында соғысқан. Соғыстан кейін елге оралған соң ұстаздық қызметін жалғастырған Мырзахмет Жылысбаев өмірінің 46 жылын ұстаздық қызметке арнаған. Бүгінде жарымен бірге 13 ұл-қыздан 47 немере, 97 шөбере сүйіп отыр. Сондай-ақ ардагер өмірден көрген-білгендерін қағаз бетіне түсіріп, өзінің өсиеті мен ой-тұжырымдары жинақталған «Ұрпаққа аманат» атты кітап шығарған.
Облыстағы көзі тірі ардагердің тағы бірі – Зәкір Мұсаев 1925 жылы 1 қаңтарда ескі Иқан ауылында дүниеге келген. Әскер қатарына 1943 жылы шақырылып, Петропавлдағы 44-полкте қызмет етті. Сол жылдың қыркүйегінде майданға аттанып, соғыс кезінде екі рет жараланған. Оның ерлігі жоғары бағаланып, «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен және 13 жауынгерлік медальмен марапатталған. Соғыстан кейін Зәкір Мұсаев 1950 жылға дейін Дрездендегі НКВД ғимаратында күзет бөлімінде қызмет етті. Ал туған жеріне оралған соң, алдымен Калинин атындағы ұжымшарда, артынан партияның XXIII съезі атындағы кеңшардың Иқан мақта стансасында есепші болып жұмыс істеді.
Бүгінде Сарыағаш ауданында көзі тірі соғыс ардагері Эрмахон Ишхонов биыл 102-ге толды. Ол 1923 жылы 1 қаңтарда Ташкент облысы Калинин ауданында дүниеге келген. Ағалары майданға аттанғанда отбасының бар ауыртпалығы Эрмахонға түседі. 1942 жылдың 4 мамырында өзі де әскер қатарына шақырылып, соғысқа аттанады. Воронеж облысында 3 айдай әскери дайындықтан өткен. Маусым айында алғаш рет ұрысқа кірген Э.Ишхонов 1945 жылдың аяғында Харьков қаласы үшін шайқаста аяғынан жараланады. Оны Ташкент облысына госпитальге жібереді. 1946 жылы әскери қызметтен босатылып, туған жеріне оралады. Қарт майдангердің омырауында І дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендері мен «Мінсіз қызмет атқарғаны үшін», «Украинаның 50 жылдығы», «Ерлігі үшін», тағы басқа да медальдар жарқырайды. Ол елге оралған соң ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек етті. «Ауыл шаруашылығы саласының үздік қызметкері» атанды. Бүгінде немересінің қолында тұрып жатқан ардагер 33 немере, 71 шөбере, 12 шөпшек сүйіп, әулетінің амандығын тілеп отыр.
Айта кетелік, Оңтүстік өңірі соғыс жылдары еліміздің аса маңызды ауыл шаруашылығы және ірі өнеркәсіп аймағына айналды. Соғыс жағдайына байланысты Кеңес Одағының түрлі өнеркәсіп орындары, зауыттары Оңтүстік Қазақстан облысына (қазіргі Түркістан облысы) шұғыл көшірілді. Соғыстың алғашқы айларында Киевтің химия-фармацевтикалық зауыты қоныс тепті. Шыны зауыты – «Күйік» кеңшарына, трактор шеберханасы – Сайрам ауданына, электростанса – Түркістанға, мақта иіру фабрикасы «Мақтаарал» кеңшарына орналасты. Кентау, Ащысай, Мырғалымсай, Байжансай, Леңгір кеніштері Отанға қорғасын, көмір, тағы басқа да шикізат беру үшін күні-түні тынбай еңбек етті. Облыс әкімдігінің мәліметінше, Жеңістің 80 жылдығына орай 3 305 адамға біржолғы ақшалай әлеуметтік көмек көрсетуге аудан, қала бюджеттері есебінен 242 млн теңге қаржы бөлінген. Одан бөлек, мерейтойлық медальмен марапатталғандар бар.
Түркістан облысы