Білім • Бүгін, 09:35

Жәнібектің жетістігі

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Жәнібек Әбілхан Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең алғашқы 140 ұпайдың иегері атанды!

Жәнібектің жетістігі

Информатика пәніне бұрыннан қызы­ғатын Жәнібек 10-сыныптан бейінді пән­дерін таңдап, дайындығын бастаған. Сабақта белсенді болып, қосымша курстарға қатысты. ҰБТ-ға кірер алдында аздап қобал­жыған Жәнібек өз біліміне сенген. Тест сұрақтары негізінен бұ­рыннан дайындалған тақырыптардан келіп­ті. «Арманым – ІТ саласының маманы болу. Бағдарламалар құрастыру, жаңа жүйе­лерді меңгеру маған қызық. Осы бағыт­ты тереңдетіп оқығым келеді. Сол себеп­ті ҰБТ-да бейіндік пән ретінде информатиканы таңдадым. Қай университетке түсетінімді нақты шешкен жоқпын, бірақ Алматы қаласында білім алсам деген ойым бар. Маған білім мен тәрбие, бағыт-бағдар берген ұстаздарыма алғысым шексіз», дейді Жәнібек.

Көпбалалы отбасынан шыққан Жәнібек­тің әкесі вахтада жұмыс істейді, анасы үй шаруасында. Өзінен үлкен ағасы қызметте болса, кейінгі үш інісінің де сабақ үлгерімі жақсы екен. Сынып жетекшісі Гүлзира Ағабекқызы шәкіртінің жоғары нәтиже көрсететініне сенімді болғанын айтады. «Оқушым сабырлы, білімге құштар әрі жауапкершілігі жоғары. Мінезі – тұ­йық, эмоциясын сыртқа шығармайды. Сұ­рақ қой­саң тиянақты жауап береді. Са­бақ үл­герімі жақсы болды», дейді сынып жетек­шісі. Ал Жәнібектің анасы Гуля Боран­­баева баласының күндіз-түні дайын­дал­­ғанын, арнайы онлайн курс сатып алға­нын айтады. «Болам деген баланың бетін қақпа, «белін бу» деген. Біз де барынша көмектестік. Сабақ­пен әуре бала ғой. Тынымсыз дайындалды. Үй тірлігіне мойын бұрған жоқ. Өз еңбегінің, табандылығының, мұғалімдерінің қолдауымен осы жетістікке жетті», дейді Жәнібектің анасы.

Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназия директоры Сәуле Егембердіқызы Жәнібектің жетістігі өзге оқушыларға үлгі болып, ынталандыра түскенін айтады. Биыл мектеп бітіретін 101 оқушының барлығы ҰБТ тапсыруға ниет білдірген. Ел көлемінде алғаш болып ең жоғары ұпай жинаған Жәнібек Әбілханға бүгінде сый-құрмет көрсетіліп жатыр. Мысалы, облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев арнайы қабылдап, білім жолында талмай талаптанып, табыстан-табысқа жете беруіне тілектестігін білдіре отыра, үздік шәкіртке және ұстазы мен анасына арнайы алғысхат пен сый-сияпат тапсырды. Аудан әкімі Азат Оралбаев та үздік оқушыны марапаттады. Ал Жәнібек кейінгі бір жыл бойы дайындалған қосымша білім беру орталығының басшылығы пәтердің сертификатын табыс еткен.

Айта кетелік, биыл Түркістан облысында 34 мыңға жуық оқушы 11-сыныпты бітіреді. Олардың 27 мыңнан астамы ҰБТ тапсыруға ниет білдірген.  Мектеп бітіру­шілердің ішінде 2 313 оқушы «Алтын бел­гіге», ал 2 400-і «Үздік аттестатқа» үміткер.

 

Түркістан облысы