Әскер • Бүгін, 09:45

Қатал тәртіпке үйренген ару

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әншейінде түрме деген суық сөз денеңді тітіркентетіні бар. Сұрқай көріністің ішінде түнектің түндігін түретін сұлулық та бар. Ол – осы жерде қызмет етіп жүрген қыз-келіншектер.

Қатал тәртіпке үйренген ару

Аружан Сәкен – Көкшетау қаласы-ның тумасы. Облыс орталығындағы азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінің түлегі. Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5510 әскери бөлімінің жауынгері. Негізгі қызметі – түрмедегі бақылау пунктінде.

– Аружан Бірлікқызы, – дейміз біз, – жұмысыңыз жауапкершілікті талап етеді әрі мұндай жерде жұмыс істеу де оңай емес шығар, әскери жұмысты қалауыңызға не себеп?

– Отбасындағы тәлім-тәрбиеден шығар, атам Сәкен де, әкем Бірлік те әске­ри адамдар болған. Атам Екінші дүние­жү­зілік соғыс ардагері, майдандағы ерлік ісі туралы деректер туған жері Зеренді ауданындағы Игілік ауылының орта мектебінде сақталып, жас ұрпаққа үлгі болып тұр. Біз де ел қорғаған ерлердің ісінен тағылым алып өстік. Әкемнің інісі Уахит Мүтәллапов та – соғыс ардагері. Аруа­ғы разы болсын деп бірауыз сөз айта кетейінші. Уахит атам сол заманда бастауыш білім алған адам болыпты. Игілік ұжымшарында еңбек еткен. 1939 жылы міндетті әскери борышын өтеуге шақырылған. Ақ финдердің соғысына қатысыпты. Майданда минометші болса керек. Сол соғыста бір взвод жау солда­тын минометпен атып, құртып жібер­ген. Бұл ерлік ісі туралы дивизия ко­ман­дирі әкесі Мүтәллапқа хат жазып, ұлы­ның ерлігін хабарласа керек. Сол тұс­тағы аудандық газетке атамның ер­лі­гі ту­ралы мақала шығыпты. Көнекөз қа­рия­лар айтып отыратын. Ел егіс басында жүргенде жақсылық хабар жеткен ғой. Майдан даласынан келген хатты да, аудан­дық газетке шыққан мақаланы да Құдаш ата оқып беріпті. Мақалада дивизия жауынгерлерінің алдында Уахит атама алғыс жарияланғаны айтылған екен. Сол ұрыста атамның шинелін он екі жерден оқ тесіп өткен. Әйтеуір аман қалыпты. Соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіруге қатысты. Тың игеру кезінде НАТИ тракторымен жұмыс істеп, әлденеше рет марапатқа ие болған. 1973 жылы өмірден өтіпті. Міне, осындай аталардың аруақты жолын жалғастырайын деген арман сәби көкірегімде бүр жарған еді, – деді кейіпкеріміз.

Аружанның айтуына қарағанда, осы мамандықты таңдауына әкесі қарсы болса керек. Өзі де әскери өмірдің тезінен өткендіктен, бұл жұмыс қызына лайықты болмайды деп ойлаған болар. Алған бетінен қайтпайтын Аружан аталар салған соқпақпен жүріп келеді. Әрине, әкесінің қарсылығын бауыр еті баласына деген махаббат деп түсінеді.

Өз айтуына қарағанда, күнделікті қызметте алып бара жатқан қиындық жоқ. Бақылау пункті арқылы өтетін жазасын өтеушілерді мұқият тексереді. Мұндайда қырағылық қажет. Түрлері сұсты, бір өңкей ер адамдарды тексерген кезде балаң жүректің бүлк ететіні де бар.

– Мұндағы тәртіп қатаң, – дейді кейіпкеріміз, – бірақ мен қатаң тәртіпке үйренген адаммын. Әскерилердің отбасында өскендіктен бала кезімнен бар жауапкершілікті жүрегіммен сезініп, жолдан таймай тура жүруге үйренгенмін.

Ендігі арманы – жоғары оқу орнын аяқ­тап, офицерлік шен алу. Қазір облыс орталығындағы жоғары оқу орнын­да сырттай оқып жүр. Қызметі мен оқуын орайластыруда еш қиындық жоқ. Бар­лы­ғы мүмкіндігінше жоспарлы түрде атқа­рылатындықтан ілкімді үйлестіре біледі.

 

КӨКШЕТАУ