Басылым • 23 Мамыр, 2025

Бағдары биік басылым

100 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ақпарат кеңістігіне енген күннен бастап ұлттық баспасөздің туын абыроймен арқалап келе жатқан республикалық «Ana tili» газеті ойлы оқырманның айнымас сырласына айналды. Ел тарихы мен ұрпақ тәрбиесіне қатысты өткір мәселелерді батыл көтеріп жүрген оның әр саны елдік мүдде мен ұлттық болмыстың үнпарағы десек, артық болмас. Алматыдағы бас кітапханада басылымның 35 жылдығына арналған «Егемендік пен елдіктің еңселі мінбері» атты дөңгелек үстел өтіп, газеттің ұлт руханиятындағы рөлі, егемендік жылдарындағы ақпараттық-рухани күрестегі орны мен болашақ бағдары байыпталды.

Бағдары биік басылым

Суретті түсірген – Юрий Беккер

Ақпарат ағыны тасқындаған заманда өз бағытынан жаңылмай, рухани кеңістіктің төрінен орын алған газеттің өткені мен бүгіні мерейтойлық жиында кеңінен сараланды. Іс-шараның шымылдығы Әбиірбек Тінәлінің «Анамның тілі» әнімен ашылып, автордың орындауындағы танымал туынды басқосудың рәміздік мәнін арттырды. Алғаш болып сөз алған Президент кеңесшісі, академик Бауыржан Омаров парасатты ойдың қадірін білетін оқырман үшін бұл газет ру­хани бағдаршам екенін айтып, Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың «Ana tili» ұжымына жол­даған құттықтау хатын оқып берді.

«Егемендіктің елең-алаңында құрылған басылым осы уақыт ішінде төл руханиятымыздың жаршысына айналды. Әбдуәли Қайдар, Өмірзақ Айтбайұлы сынды белгілі ғалымдардың бастамасымен ашылған газет ұлт баспасөзіне жаңа леп әкелді. Алғашқы бас редакторы Жарылқап Бейсенбайұлы бастаған журналистер кәсіби шеберліктің озық үлгісін көрсетті. Қоғамдағы өзекті мәселелерді батыл әрі ашық жазған, елдің рухын көтерген газет ұжымы қалың оқырманның зор қолдауына ие болды. Қазір де басылым қызметкерлері алдыңғы буын салған сара жолды лайықты жалғастырып келеді. Берекелі ұжым мызғымас құндылықтарды дәріптеп, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға белсене атсалысып жүр. Апталық бетінде үздіксіз жарияланып жатқан тіл мен діл, руханият пен мәдениет жөніндегі тұшымды мақалалар – соның айқын дәлелі», делінген Президенттің құттықтау хатында.

Сондай-ақ Мемлекет басшы­сының құттықтау хаты «Қазақ газеттері» серіктестігінің құра­мын­дағы биыл мерейлі белестері аталып өтіп жатқан «Мысль», «Ұлан», «Ақжелкен» басылымдарының ұжымына да табысталды.

Конференцияны жүргізген «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы, басылым 35 жыл ішінде қаншама іргелі жобаны жүзеге асырып, ана тілімізге, тарихымызға қалтқысыз қызмет етіп келе жатқанын, бұл жолда көптеген ұлт зиялыларының қажырлы еңбегі мен айшықты қолтаңбасы барын атап өтті.

Іс-шараға «Ana tili» газетін бұған дейін басқарған бас редакторлар мен орынбасарлары, ардагер журналистер, қоғам қайраткерлері мен тіл мамандары, жазушылар, БАҚ өкілдері мен зиялы қауым қатысты. Олар қалам ұстаған қауымның мәртебелі мінберіне айналған газет егемендіктің еңселі жылдарында мемлекеттік тілдің беделін биіктетуге, ұлттық сананы жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосқанын атады. Әсіресе газет бетінде жарық көрген тіл, діл, дәстүр, дін, әдебиет, мәдениет, тарих тақырыптарындағы тағылым­ды материалдар қоғамдық ойды қоз­ғап, халықтың бағыт-бағдарын ай­қын­дауға қызмет еткені айтылды.

– «Ana tili» – мемлекеттік тілдің бірден-бір жоқшысы, үні, айбары. Республикадағы тіл тақырыбында шығатын ресми жалғыз басылым. «Ana tili» мемлекеттік тіл ғана емес, ұлтқа қатысты кез келген күр­меулі мәселелерді көтеріп ке­ле­­ді. Қазақтың тілі, қазақтың ауы­лы, қазақ мектебі, балабақшасы, қазақ жастары, қазақ ғылымы, т.б. көп­теген тақырып басылым беттерінен түсіп көрген емес. Бұл – заман тудырған басылым, – деді газеттің алғашқы редакторы Жарылқап Бейсенбайұлы.

Іс-шара аясында «Ana tili» – алтын қор» кітабының тұсауы кесілді. Жинаққа газетте 1990–1997 жылдары аралығында жарық көрген таңдаулы мақалалар еніп отыр. Газет ұжымы бұл кітап алдағы уақытта шығуға тиіс 8 том­дықтың алғашқысы екенін, қал­ған кезеңдердегі үздік мақалалар кезең-кезеңімен жинақ болып құрастырылатынын айтты. Тағы­лымды еңбек «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Абрарұлының демеуі­мен жарық көрген.

Сондай-ақ Ұлттық кітапхана ұжымы 1990 жылғы «Ana tili» газетінің бір жылдық шыға­рылымын қайта түптеп, реставрация жасаған. Газет тігіндісін кітап­хана директоры Ғазиза Құдай­бергенқызы газеттің бас редакторы Ерлан Жүніске табыс етті.

90-жылдары таралымы 100 мың­­­нан асқан басылым тіл, діл, ру­ханият және мәдениет тақы­рып­тарындағы материалдарды үзбей жариялап келеді. Газетке әр жылдары Жарылқап Бейсенбайұлы (1990–1997), Мереке Құлкенов (1997–2006), Жұмабек Кенжалин (2006 жылдың тамызынан желтоқсан айына дейін), Мақсат Тәж-Мұрат (2006–2009), Самат Ибраим (2009–2018), Жанарбек Әшімжан (2018–2021), Қали Сәрсенбай (2021–2023) сынды белгілі қаламгерлер жетекшілік етті. 2023 жылдан бері газеттің бас редакторы – Ерлан Жүніс.

Мерейтойлық бағдарлама аясында «Ana tili» газетінің архивіндегі тарихи және құнды фотосуреттер көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге газет тарихынан, ел егемендігінің қалыптасу кезеңінен сыр шертетін маңызды фотосуреттер қойылған. Жобада «Тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы қадамдар және елдің тарихи сәттері», «Ana tili» газетінің ұжымы», «Қазақтың қайраткерлері мен мәдени тұлғаларының бейнелері» және «Тіл мен ұлттық сана, руханиятқа қатысты тарихи фотосуреттер» атты тақырыптар қамтылып, басылымның байырғы қызметкерлері өткен күндердің белгісін сағынышпен еске алды. Әріптестеріміздің айтуынша, газет фотоқорында күні бүгін 10 мыңнан аса фотосурет сақтаулы.

Іс-шарада ұлттық кітапхана дәлізіне ұқыпты орналасқан тағы бір сурет көрмесі назарымызды аударды. Бұл – басылымның баянды шежіресін объектив арқылы өрнектеген белгілі фототілші, «Ana tili» газетінің қызметкері Азамат Құсайыновтың «Ұлттық рух және бір сәт» атты жеке шығармашылық көрмесі. Көрме бір адамның ғана емес, тұтас бір дәуірдің, қазақ қоғамының тарихи сәттерін, мәдени болмысын, тіл мен ұлт рухының тынысын бейнелейтін көркем хроника дерсіз. Көрмеге тарихи оқиғалар, ұлт тұлғаларының бейнесі, руханият, әдебиет, өнер тақырыптарына арналған фотожинақтар, ауыл өмірі мен ұлттық дәстүрлердің фотошежіресі қойылған. Ол туралы көрме авторы айтып берді.

– Фотосуреттерім арқылы қазақ халқының бай мәдениеті мен тарихын көрерменге жеткізуге тырысамын. Бүгінгі көрмемде әртүрлі жанрдағы жұмыстарымды ұсынып отырмын. Бұл суреттер арқылы ұлттың рухани дамуы, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, қазақ тілінің өркендеуі, халықтың әрқилы көңіл күйі мен күнделікті өмірі туралы айтамын. Маған жол көрсетіп, шығармашылығыма өріс берген «Ana tili» – менің екінші үйім, – дейді А.Құсайынов.

Сонымен қатар «Ana tili» га­зетінің 35 жылдығына орай, газетте қызмет еткен ардагер­лердің мақалалары мен шығар­ма­шылығына арналған «Ұлттық баспасөздің алтын қорынан» атты тағы бір көрме газеттің алғашқы жылдарынан бастап қазіргі күнге дейін еңбек еткен журналистердің тарихи мәні бар мақалалары мен туындыларын қамтыған.

Мазмұнды басқосуда «Ana tili» газеті ұйымдастырған «Нұрлы жұлдыз – бабам тілі» атты поэзия байқауы мен «Менің өмірімдегі ана тілі» атты шығармашылық эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды. Аталған байқаулар «Ana tili» газетінің 35 жылдығына орайластырылып, республикалық деңгейде жарияланған еді. Бәйгеге еліміздің түкпір-түкпірінен жас қалам­герлер, оқушылар, студент­­тер мен ұстаздар белсене қа­ты­сып, ана тіліне деген жеке көзқарас­тарын, тарихи танымын, көркем ой-толғауларын өлең мен прозалық туындылар арқылы жеткізген.

«Нұрлы жұлдыз – бабам тілі» поэзия байқауында жас ақындар қазақ тілінің көркемдігін, оның ғасырлар қойнауынан жеткен рухани қуатын жыр арқауына айналдырды. Ал Алматы облыстық кітапхана демеушілігімен ұйымдастырылған «Менің өмірімдегі «Ana tili» шығар­машылық байқауы жастардың газетке, ана тіліне деген жеке көзқарасын, ішкі жан дүниесін ашатын эсселер арқылы ерекшеленді. Марапаттау кеші әдеби-концерттік бағдарламаға ұласты.

 

АЛМАТЫ