Қоғам • Бүгін, 16:18

Халықтың қартаюы зейнетақы жүйесіне салмақ түсіруі мүмкін

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) дерегінше, ағымдағы жылдың басында Қазақстан халқының саны 20,3 миллион адамды құрады. Ал 2050 жылға қарай 26,3 миллионға дейін өседі деп күтілуде. Алайда бұл өсу халық құрамындағы құрылымдық өзгерістермен бірге жүреді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Халықтың қартаюы зейнетақы жүйесіне салмақ түсіруі мүмкін

Фото: Ашық дереккөз

Бүгінде еліміз экономикаға, еңбек нарығына және зейнетақы жүйесіне әсер ететін терең демографиялық өзгерістер кезеңінде. Былтыр көп елдер секілді Қазақстанның зейнетақы жүйесіне де айтарлықтай әсерін тигізетін халықтың қартаюы мен бала туу көрсеткіші төмендеуінің жаһандық үрдісі жалғасын тапты. Ағымдағы жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша халқымыздың саны 20,3 млн-нан асса, оның ішінде 25 жасқа дейін – 8,7 млн адам (42,8%), 25-тен 65 жасқа дейін 9,7 млн адам (48,0%), 65 жастан асқан 1,9 млн адам (9,2%) бар. Болжам бойынша халық саны 2050 жылдың соңына қарай 26,3 млн адамға жетеді. Бірақ бұл өсімде қарттардың үлесі басым болмақ. БЖЗҚ мен БҰҰ бағалауынша, ғасырдың ортасына қарай әрбір бесінші қазақстандық 60 жастан асады. 2009 жылы бұл үлес 9,7%, ал 2024 жылы – 13,9% құрағанын ескерсек, «демографиялық кәрілікке» қарай тұрақты аяңдап келе жатқанымыз аңғарылады.

БЖЗҚ есебінде көрсетілгендей, күтілетін өмір сүру ұзақтығы 2020-2021 жылдардағы пандемия кезінде төмендегеннен кейінгі 2021 жылғы 70,23-тен 2024 жылы 75,44 жасқа дейін артқан. Маңызды көрсеткіштің тағы бірі – халық құрылымына айтарлықтай әсер ететін туудың жиынтық коэффициенті (ТЖК). Бұл бір әйелдің репродуктивті кезеңде орташа есеппен қанша рет босанатынын көрсетеді (яғни шамамен 15-50 жас). Бұл көрсеткіш 2021 жылғы 3,32-ден 2024 жылы 2,80-ге дейін төмендеген. БҰҰ болжауынша Қазақстандағы туу коэффициенті 2050 жылға қарай бір әйелге шаққанда 2,42 балаға дейін одан әрі төмендеуі мүмкін. Туу көрсеткіштерінің біртіндеп төмендеп, өмір сүру ұзақтығының артуы жағдайында еңбек нарығына адамдар аз араласа бастайды, зейнеткерлер мен еңбекке қабілетті халық арасындағы теңгерімсіздік қалыптасады.

Сонымен қатар UNFPA-ның (БҰҰ-ның халықты қоныстандыру саласындағы қоры) Қазақстандағы өкілдігі республикамыздың халықты қоныстандыру саласындағы жағдайын талдау есебінде біртіндеп 2050 жылға қарай 1000 адамға шаққанда 0 көші-қон сальдосына қол жеткізілетінін болжайды, бұл республиканың жұмыс күшіне деген жоғары сұранысынан, елеулі этникалық эмиграция әлеуетінің біртіндеп сарқылуынан, Қазақстанның оңтүстігіндегі елдердегі халықтың жылдам өсуінен көрінетін экономикалық дамуымен түсіндіріледі. Пандемиядан кейін елімізге келушілердің жыл сайынғы саны соңғы үш жылда 2,7 есеге өсті, ал 2020 жылдан бері кеткендердің саны 2,3 есеге азайды.

65 жастан асқан адамдардың санына бөлінген еңбекке қабілетті жастағы (25 жастан 64 жасқа дейін) адамдардың саны ретінде есептелетін әлеуетті қолдау коэффициенті одан әрі төмендеуде. Еңбекке қабілетті жастағы адамдардың (25-64 жас) зейнеткерлерге (65+ жас) арақатынасы 2012 жылғы 7,7-ден 2024 жылы 5,2-ге дейін төмендеді. БЖЗҚ-ның да, БҰҰ-ның да болжамдарына сәйкес, Қазақстанда әлеуетті қолдау коэффициенті 2050 жылға қарай 3,4-ке дейін төмендейді. Бұл дегеніміз әлеуметтік қамсыздандыру мен зейнетақы қорларына жүктеме артатынын, ал бір зейнеткерге жұмыс істейтіндер саны төмендей беретінін білдіреді.

Есеп авторлары қазіргі көп деңгейлі зейнетақы жүйесі жалпы ағымдағы сын-қатерлерге жауап беретінін, бірақ одан әрі жаңартуды қажет ететінін атап көрсетеді. Бұл жағдайда елімізде қолданылып жүрген зейнетақы жүйесіне ұқсас, мемлекеттік және жинақтаушы құрамдауыштарды қамтитын көпдеңгейлі, аралас жүйе неғұрлым тиімді. Мұндай үлгі лайықты зейнетақымен қамсыздандыру мәселесін тиімді шешіп, дамудың демографиялық және экономикалық үрдістеріне неғұрлым төзімді болып келеді.

Бірақ елдегі 1998 жылға дейінгі еңбек өтілін ескере отырып есептелетін ынтымақты зейнетақы біртіндеп қысқарып келе жатқанын ескерген жөн. Ал 10% міндетті зейнетақы жарналары лайықты зейнетақымен қамсыздандыру үшін жеткіліксіз болуы мүмкін. Сондықтан жинақтаушы құрамдауышты күшейту бойынша шаралар қабылдануда. Солардың бірі – былтырдан бастап 1975 жылы және одан кейін туған жұмысшылардың пайдасына жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) кезең-кезеңімен енгізу. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанда азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру бойынша жауапкершілік әлемдік тәжірибеде қалыптасқандай мемлекет, қызметкер және жұмыс беруші арасында бөлінген.