Қоғам • Бүгін, 16:53

Интернеттегі ойындар балалардың ойын улап жатыр

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде интернетте балалар мен жасөспірімдерге бағытталған қауіпті ойындардың түр-түрі бар. «Тихий дом», «Разбуди меня в 4:20», «Море китов», «Синий кит», «Красный дельфин», «Млечный путь», «U19», «F57», «SchoolBoy RunaWay – Stealth» сияқты ойындар әлі күнге дейін балалардың санасын улап, олардың өміріне қауіп төндіріп жатыр, деп жазады Egemen.kz.

Интернеттегі ойындар балалардың ойын улап жатыр

Мұндай ойындардың басты мақсаты – жасөспірімдерді шынайы өмірден алыстатып, олардың психологиялық әлсіздігін пайдалану. Олар баланы түрлі қауіпті тапсырмалар орындауға мәжбүрлейді, бұл тапсырмалар алғашқыда жеңіл әрі қызықты болып көрінгенімен, уақыт өте келе олар баланың психологиялық жағдайын күрделендіріп, тіпті суицидке дейін жеткізуі мүмкін. Психолог Назгүл Сейдахметованың пікірінше, мұндай ойындардың басты қаупі – олардың балалардың санасына терең әсер етуінде.

«Бұл ойындар балалардың өзін маңызды сезінгісі келуі сезімін пайдаланады. Көптеген бала ата-анасымен қарым-қатынасының суып кеткенінен немесе құрдастарынан қолдау таппағанынан осындай виртуалды қауымдастықтарға қосылады», дейді ол.

Интернет қауіпсіздігі жөніндегі сарапшы Тимур Әбдіқұлов бұл мәселені шешу үшін цифрлық сауаттылықты арттыру керектігін айтады.

«Мұндай қауіпті контент көбінесе әлеуметтік желілер мен жабық топтар арқылы таратылады. Сондықтан ата-аналар балаларының интернеттегі әрекеттерін қадағалағаны жөн. Жалпы балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету – баршамыздың ортақ міндетіміз. Оларға сүйеніш бола отырып, шынайы өмірдің виртуалды әлемнен әлдеқайда маңызды екенін түсіндіруіміз керек», дейді ол.

Ата-аналар да бұл мәселеге ерекше назар аударуы керек. Алматы қаласының тұрғыны, үш баланың анасы Гүлнар Сейілхан балаларының смартфондарынан осындай ойындарға қатысты белгілерді байқап қалғанын айтады. «Мен баламның телефонынан осындай ойынның бастапқы тапсырмасын көргенде, бірден сөйлесіп, оның зиянын түсіндірдім. Ең бастысы – балаларымызбен ашық әңгімелесіп, олардың не ойлайтынын тыңдай білу» дейді Г. Сейілхан.