Спорт • Бүгін, 08:25

Қазақ боксшыларының жаһандық жетістігі

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Англияның Ливерпуль қала­сында әуесқой бокстан әлем чемпионаты аяқталды. Ерлер мен әйелдер арасында өткен дүбірлі додада бокс­­­шы­ларымыз 7 ал­тын, 1 күміс, 2 қола медаль еншілеп, жалпы­коман­да­лық есепте топ жарды. Мем­лекет басшысы әлем­дік аламанда ел мерейін асы­рып, даңқымызды ас­пан­­­дат­қан саңлақтар же­ңі­сін айрықша атап өтті.

Қазақ боксшыларының жаһандық жетістігі

Елдің үміті мен сенімін ар­қа­лаған саң­лақ­тарымыз әлем чем­пионатынан толайым табыс­пен оралды. Күллі халықтық қуа­ныш­қа ұласқан бұл жетістіктің артын­да ты­нымсыз төккен тер мен есе­леп ет­кен еңбек тұр. 1999 жылы АҚШ-тың Хьюстон қаласында Болат Жұмаділов қазақ боксшылары ара­­сынан тұңғыш болып әлем чем­­пио­натының алтынын олжалады. Со­дан бері оғлан салған сара жол­­ды саң­лақтарымыз сәтімен жал­­ғап келеді. Жер жүзіне қазақ бокс мек­­тебі­нің даңқы кеңінен жайылды.

см

Әлем чемпионаттарында ғана емес, жазғы Олимпия ойындарында еншілеген алтын медальдарды да салмақтағанда боксшыларымыздың жетіс­тік­тері айтарлықтай. Мұның бар­лығы жүйелі жүргізілген жұ­мыстардың жемісі.

Дегенмен де кейінгі жылдары қазақ боксы құлдырау кезеңін де бастан өткерді. Әсіресе 2020 жыл­ғы Токио, былтырғы Париж төріндегі Олимпия ойын­да­рындағы жігерімізді құм ет­кен сәт­сіздіктен кейін қазақ бок­сы­ның еңсесі түсіп-ақ қалған еді. Ұлы­британия елінде, Ливерпуль төрінде керілген рингте намы­сын рухқа жаныған жампоздар ерекше жігер танытты. Бұл жеңісті жорық 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпия ойындарында жала­уын түсірмеуге тиіс.

сми

Ливерпульдегі әлем чем­пио­натының финалдық жек­пе-­жектеріне көшелік. Қыз­­дар командасындағы тәжі­ри­белі көш­­басшы, үш дүр­кін әлем чемпионы, әлем чем­пио­­натының екі мәрте қола жүл­десін олжалаған  Париж Олимпиадасы­ның қола жүл­дегері Назым Қызай­бай (48 кг) финалдық жекпе-жекте үндістандық Минакшиге есе жіберді. 1-раундта бес төреші­нің төртеуі 4:1 үнді боксшысы басым түсті деп бағалаған, 2-раундта 3:2 нәтижемен жеңісті Назым­ның еншісіне жазды. 3-раундта шаршы алаңды айнала жайғасқан қазылар қарсыласы жеңді деп шешті. Туған күнінде күміс медальды кеудесіне таққан алтын қыз осылайша ел боксының тарихында әлем чемпионаты­нан 3 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль олжалады. Төрт дүркін әлем чем­­­пионы атануға сынық сүйем қал­ғанда төрешілердің бұра тартуы көп жайтқа көлденең болды. 17 жасынан ұлттық құрама сапына қосылып, 15 жыл аса жеңіл салмақта көш бастап, талай дуды көр­ген талантты боксшының кү­місін қомсынған жөн болмас, төк­кен тердің өтеуіне келген ме­дальдың құны қашанда қымбат.

сми

51 кг салмақта Алуа Балқы­бекова түрік қызы Бусиназ Шә­кір­оғлыдан басым түсті. Алуа биыл наурыз айында Сербияда өткен әлем чемпионатында да топ жарған болатын.

ап

Аида Әбікееваның финалдық жекпе-жекте (65 кг) өзбекстандық Навбахор Хамидованы түре қуып, төрешілердің бұра тарт­қанына қарамастан, жеңісті жұ­лып ­алуы көңілімізге қуа­ныш сыйлады.

ап

Наталья Богданова (70 кг) аустралия­лық Лекей­ша Перголитиді айқын жеңіп, тұңғыш рет әлем чем­пионы атанды. Петропавлда өмір­ге келген қыз теріскей­дің тоқы­рап тұрған спортына қан жүгіртті. Бұдан былай Богданованың шыққан биігін бағдар тұтып, балғын бокс­шылар шоғыры шығатыны сөзсіз. Наталья көктемде Сер­бияда өткен әлем чемпионатында қола медаль иеленген болатын. Виктория Графеева (60 кг) мен Елдана Тәліпованың (+80 кг) жартылай финалда сүрініп, қола медаль еншілеуі қыздар құрамасының қарымын аңғар­та түсті. Қыздар құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин бастаған ұжымның тыңғы­лықты әзірлік жүргізгені анықтанылды.

Қайрат Сәтжанов баптайтын ерлер құрамасындағы 10 боксшының алтауы ширек финалда сүрінді. Төрт спорт­шы ғана финалға жетіп, есе­сіне барлық жекпе-жегін же­ңіспен түйіндеді. 22 жастағы Санжар Тәшкенбай да (50 кг) екі дүркін әлем чемпионы атанды. Ол финалдық жекпе-жекте моң­ғол боксшысы Алдархи­шиг Баттулганы еркін еңсерді. Екі жыл бұрын 20 жасында әлем чемпионы атанып, есім-сойын жаһанға танытқан саңлақ бабында екенін байқатты. 55 кг салмақта топ жарған Махмұд Са­бырханның да еншісінде әлем чемпионатының екі алтын медалі бар. Махмұд финалда испан боксшысы Рафаэль Сер­раноны ұтты.

см

Бұл әлем чемпионатында бір үйдің екі боксшысы топ жа­руы да ерекше оқиға болды. Махмұд­тың інісі Төрехан Сабыр­хан ­(70 кг) ересектер­дің жа­һандық ­додасына алғаш рет қа­тысқанына қарамас­­тан, Жапо­ния боксшысы Сэврон­рет­са Окад­завуды күмәнсіз жеңіп, чемпион атанды. 19 жасында алтын медаль олжалап, бокс әлеміне есім-сойын әйгілеген жас дарын се­німді ақтай білді. Жалпы, қазақ боксының тарихында бір әлем чемпионатынан бір үйдің қос ұланы қатар шауып, озық шығуы бұған дейін болған емес. «World Boxing» ұйымы ұйымдастыр­ған алғашқы әлем чемпиона­тында ағайындылар тұңғыштар көшін бастап, алтын әріппен әдіптелді.

сми

Ауыр салмақта бұған дейін біздің боксшыларға әлем чем­пионатының алтыны бұ­йыр­май келген еді. Айбек Орал­бай (+90 кг) өзбекстандық Жахон­гир Зокировтан басым түсіп, мерейімізді асырды. Алыптар айқасында төрешілердің ал­ғашқы раундтан-ақ өзбек бокс­шысына бүйрегі бұрып, жетекке алғандай көрінген еді. Бірақ ұлттық құраманың капитаны үшінші раундта қар­қынын үдетіп, талассыз жеңді.

Біздің жігіттер 2028 жы­лы өтетін Лос-Анджелес Олим­пиада­сының бағдарламасындағы 7 салмақтың үшеуінде (55, 70, +90 кг) топ жарды. Қыздарымыздың үшеуі де олимпиадалық салмақ дәрежесінде үздік шықты.

2023 жылдың сәуір айында құрылған «World Boxing» ұйы­мының бұл алғашқы әлем чемпионаты. Бүгінде 118 федерация мүше. Ұлттық олимпиадалық комитет президенті Геннадий Головкин тура бір жыл бұрын осы ұйымның Олимпиада­лық комиссиясының төрағасы бо­­­лып тағайындалды. Оның әлем­дік спорт қауымдастықтарында ­бе­де­лінің жоғары екені Ұлы­бри­таниядағы жаһан додасында ­да айқын сезілді.

Марқұм Бекет Махмұдов ертеректе халықаралық бокс ұйы­мында лауазымды қызмет атқарғанда біздің спорт­шыларды қиянатқа қиғыз­байтын еді. 1996 жылғы Атланта, 2000 жылғы Сидней, 2004 жылы өткен Афина жазғы Олим­пия ойындарын­дағы бокс­шыларымыздың биік­ке шығуына Б.Махмұдовтың сіңірген еңбегі ерен. Сол тұрғыда Г.Головкин­нің әлем спортындағы абыройы да біздің саңлақтарға әрда­йым қорған болуға тиіс деп білеміз.

Үш жылдан кейін жалауы желбірейтін Лос-Анджелес Олим­­пиадасына әзірлік Ливер­пуль рингінен басталуы керек. Спортшыларымызды ас пен той­дың арасынан емес, жаттығу алаңынан жиі көргенде ғана нәтиже олжаға айналады.