Экспорт • Кеше

Отандық шұбат шетелге экспорттала бастады

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысының Ақши ауылында түйе шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Жергілікті шаруалар түйе санын көбейтіп, өнім экспортын ұлғайтып жатыр. Қазіргі таңда өңірде өндірілетін құрғақ шұбат Қытай нарығына жөнелтіле бастады. Бұл туралы өңір әкімдігі мәлім қылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отандық шұбат шетелге экспорттала бастады

Фото: Ашық дереккөз

Күрті ауылдық округінде бүгінде 6 мыңнан астам түйе бар. Солардың бірі – кәсіпкер Сыдық Дәулетовтің шаруашылығы. Ол түйе өсірумен 25 жылдан бері айналысады. Кәсіпті бір түйеден бастаған шаруа бүгінде мал басын 5 мыңнан асырған. Алдағы уақытта түйе санын 15 мыңға жеткізіп, шұбат экспортын бірнеше есе арттыруды көздеп отыр.

Кәсіпкердің айтуынша, шаруашылықта тәулігіне 5-10 тонна аралығында түйе сүті өндіріледі. Қыс мезгілінде көлем шамамен 5 тонна болса, жаз айларында өндіріс артады. Қазір фермада 1,5-2 мың түйе сауылады.

«Құрғақ түйе сүтін Қытайға экспорттай бастағаннан кейін шаруашылықтың жұмысы тұрақтана түсті. Бұл – тынымсыз еңбекті қажет ететін сала», дейді Сыдық Дәулетов.

24 KZ мәліметінше, ауылда түйе сүтін өңдейтін арнайы цех іске қосылған. Мұнда ай сайын 30 тоннаға дейін құрғақ шұбат өндіріледі. Кәсіпорын өнімнің 80%-ын Қытайға экспорттайды. Құрғақ түйе сүтінің 1 келісі шамамен 50 доллар тұрады. Ал мемлекет әр келі өнімге 55 теңге көлемінде субсидия төлейді.

Кәсіпорын ауылдағы 200-ге жуық тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.

Шұбат пен қызылша қосылған сусын

Технолог маман Анар Қалбаеваның сөзінше, өндіріс бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен сүт тазартылып, сүзгіден өткізіледі. Одан кейін 85 градус температурада пастерленеді. Кейін қоюландыру процесі жүргізіліп, соңында сүт ұнтақ күйіне дейін кептіріледі.

Кәсіпкер енді Алматы облысында түйе сүті негізінде балалар тағамын шығаратын Орталық Азиядағы ең ірі зауыт салуды жоспарлап отыр. Жоба жүзеге асса, кәсіпорын тәулігіне 50-100 тонна өнім өңдеуге қауқарлы болады. Инициативаны іске асыру үшін шамамен 20 млрд теңге инвестиция тарту көзделген.

Шұбаттан жасалған балмұздақ нарыққа шықты

Соңғы жаңалықтар