
Алматыдағы Шет тілдер институты (1941), Шымкенттегі технологиялық институт (1943), Алматыдағы Қыздар мемлекеттік мединституты (1944) мен Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерватория (1944) – сол жылдардың жемісі.
Қанды қырғын, жаппай соғыс жүріп жатқанда КСРО басшыларының Қазақстанда осынша жоғары оқу орындарын ашуының сыры неде десеңіз, ол – жүздеген жоғары санатты профессорлық-ұстаздық құрам мен ғылыми орталықтардың Алматыға эвакуациялану нәтижесі. Осынша ғалымдар мен білікті ұстаздарды тиімді пайдалану үшін өкімет оларға жоғары оқу орнын ашуға мәжбүр болған. «Соның арқасында 1945–1946 жылдардағы оқу жылында Қазақстанда барлығы 24 ЖОО жұмыс істеп, оларда 15,1 мың студент оқыпты. 1946 жылы ғана олар жоғары білімді 1399 педагог, дәрігер, инженер, агроном және басқа да мамандар даярлап шығарған», деп жазады М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Қазақстан филиалының профессоры Жарас Ермекбай.
Өңірімізге белгілі өнерпаз, өлкетанушы Дәстен Баймұқанов елімізде өнеркәсіптің алға басуы соғыстың пайдасынан болды деп отыр... Соғыс жылдары Қазақстанға зауыттар мен фабрикалар эвакуацияланды. Соғыстан кейін оларды қайта әкетудің мүмкіндігі болмай, қалып қойды. Соның арқасында Қазақстан өнеркәсібі алға басты», дейді ол. Сөзінің жаны бар, бір Петропавл қаласының өзінде көзге көрініп, өнімі шығып тұрған алты зауыт эвакуациямен келген. Елімізді шикізат базасы қылып ұстағысы келген КСРО-ның саясаты түрлі сылтау тауып жоғары технологиялы мұндай зауыттар салуды кешеуілдете берері хақ еді.
Жоғарыда аталған еңбегінде Жарас Ермекбай Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясының тарихына да тоқталып, оның іргетасы алғаш рет 1932 жылы КСРО ҒА отандық базасы негізінде қаланғанын жазады. Ол 1938 жылы ғана академияның қазақстандық филиалы болып өзгертіледі. Соғыс қарсаңында онда 100 шақты ғалым жұмыс істейді, соның 3-еуі ғылым докторы, 14 ғылым кандидаты екен.
Қазақ КСР ҒА ашылуына Қаныш Сәтбаевтың еңбегі зор екені белгілі. Ол алдымен өзін ғұлама ғалым ретінде танытқан. Дегенмен оның Ұлытау-Жезқазғандағы орасан зор мыс кен орнын ашқан геолог-ғалым ретіндегі еңбектері көбірек айтылады да, соғыс жылдарындағы марганец кен орнын ашудағы ғаламат ерлігін қалың қауым біле бермейді. 1942 жылы немістер Грузияның Иметерия аймағындағы Чиатур марганец кен орнына апаратын теміржолды басып алады. Ал алдында КСРО-ның негізгі марганец орталығы Никопольді де қолға түсірген. Танкінің бронын жасайтын стратегиялық шикізаттан айырылып, қысылтаяңға ұшыраған КСРО басшылығының есіне Қаныш Сәтбаевтың Жездіден марганец тапқаны түсті. 1928 жылы ғалымның бұл еңбегін елемеген еді. Дереу қайта қарап, Қ.Сәтбаевтың өзін басшы қылып отряд жасақтап, 40 күннің ішінде Жезді марганеціне қол жеткізеді. Бұған дейін 40 еңбегін жариялаған геология-минерология ғылымдарының кандидаты Қаныш Сәтбаевқа марганец кен орнын табудағы еңбегін жоғары бағалаған КСРО ҒА жоғары аттестациялық комиссиясы ғылым докторы дәрежесін қорғатпай береді. Сол жылы оған «Жезқазған ауданының руда кен орындары» деген өзінің 15 жылдық еңбегінің қорытынды жинағы үшін бірінші дәрежелі сталиндік сыйлық та табысталды. Ал 1943 жылы Қаныш Сәтбаев КСРО ҒА мүше-корреспонденті болып сайланып, академияның қазақстандық филиалының басшылығына тағайындалды.
Соғыс жылдарында эвакуациямен келген В.Обручев, С.Вавилов, И.Бардин, В.Комаров, И.Григорьев сияқты ғалымдардың арқасында ҒА филиалының 13 ғылыми зерттеу институты ашылады. Осындай жетістіктерден кейін Қаныш Сәтбаев Қазақстанда өзінің Ғылым академиясы болуын табанды түрде талап етіп, ақыры 1944 жылдың 18 тамызында «Қазақстан Үкіметінің Қазақ КСР Ғылым академиясын құруға дайындық шаралары» атты қаулысын шығаруға қол жеткізеді. Қаулыда Ғылым академиясының ашылуын Қазақ КСР құрылғандығының 25 жылдық мерейтойы қарсаңына белгілеп, 1945 жылдың 4 қазанына қояды. Ұйымдастыру комиссиясы құрамын 8 адамнан жасақтап, төрағалығына Мұхамеджан Әбдіхалықов бекітіледі. Ол сол кезде партия ОК үгіт және насихат жөніндегі хатшысы болған. Кезінде Қазақстандағы қазақ тілінің аянышты халі туралы Бауыржан Момышұлы майданнан нақ осы кісіге хат жазған. Кереку өңірінің тумасы болған ағамыз – алаштықтардан кейін кеңес заманында қалыптасқан алғашқы қазақ зиялы қауым өкілдерінің бірі. 1943 жылы эвакуациямен келген академик А.Панкратованы қолдап, «Қазақ КСР-ның көне заманнан бүгінге дейінгі тарихы» атты кітаптың жауапты редакторы ретінде қол қойған. Осы еңбек сталиндік сыйлыққа ұсынылғанда солақай сындарға ұшырап, кесірінен М.Әбдіхалықов қызметінен түсіп қалған. Кейін, тәуелсіз Қазақстанда 2011 жылы, осы кітап алғашқы нұсқасында қайтадан басылып шықты. Ал М.Әбдіхалықов 1947 жылдан 1967 жылға дейін партияның марксизм-ленинизм институтында қызмет етіп, марксизм классиктерін қазақ тіліне аударумен айналысқан.
Міне, осы М.Әбдіхалықов Қазақ КСР ҒА құру жөніндегі комиссияның төрағасы, ал бірінші орынбасары Қ.Сәтбаев болып академияны құрып, аяғынан тұрғызған. Академияның 15 мүшесі мен 10 корреспондент-мүшесі де қысқа мерзім ішінде Қазақстан ғалымдары арасынан сайланады.
Алғашында 1945 жылдың қазан айына белгіленгенімен, түрлі кедергінің кесірінен академияның ресми ашылуы 1946 жылдың 1 маусымында ғана Абай атындағы Опера және балет театрында Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновтың төрағалығымен өтеді. Академиктер қатарына сайланған 14 адамның ішінде Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Ә.Бектұров, А.Жұбанов, С.Кеңесбаев, Н.Сауранбаев сияқты алты қазақ азаматы бар. Ал 15 мүше-корреспондент қатарына Н.Базанова, А.Ғаббасов, Қ.Жұмалиев, Ә.Марғұлан, А.Машанов сияқты бес-ақ қазақ өкілі енді. Бұл уақытта 1930–1950-жылдардағы саяси қудалауға ұшыраудың кесірінен қазақ ғалымдары барынша азайып қалған. 1937–1938 жылдардың өзінде қаншама тұлғалар мен ғалымдар атылып кетті. Қаншамасы көрші республикаларға жылыстауға мәжбүр болды. Белгілі журналист Зәкір Асабаев: «Өткен ғасырдағы 50-жылдардың орта тұсында Ташкентте оқитын қазақ жастары, біздер, әркім-әркімнен осы қалада тұратын қазақтың ғұлама ғалым, зиялылары туралы естігенде марқайып қалатынбыз», дей келіп, Өзбекстан астанасында Орталық Азия политехникалық институтының директоры (ол кезде ректор демейді) Ниязов, Тоқыма институтының директоры Оразбаев, Орталық Азия мемлекеттік университетінің директоры Сарымсақов, Геология институтының директоры Кенесарин сияқты қазақтар тұрғанын айтады. «Өзіміз оқитын пединституттың партбюро хатшысы, директордан кейінгі екінші тұлға келестік Жолбарыс Қасымбеков Мәскеуде оқыған, тарих ғылымдарының кандидаты, қазақша лекция оқығанда мүдірмейді. Алайда біз салғырттықтың салдарынан Ташкенттің қақ ортасында Төле би бабамыздың кесенесі, Көркемсурет галереясында Орал Таңсықбаевтың ғажап туындылары барынан бейхабар болдық», дейді. Сондай-ақ геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор, Өзбекстан Ғылым академиясының мүше-корреспонденті, ұзақ жыл геология ғылыми зерттеу институтын басқарған Натай Әзімханұлы Кенесаринмен қалай кездескенін жазады. Бұл кісі Кенесарының тікелей ұрпағы екен. «Өз басым өзбек ағайындарға өкпем жоқ, – депті Натай Әзімханұлы. – Тек қазақтан шыққан зиялыларға ұлтыңды өзбек деп өзгерт, сонда өйтеміз-бүйтеміз дейтіні болмаса. Ондайға мақұл дегендер де, демегендер де бар. Мен де паспортыңа өзбекпін деп жазсаң, академияға толық мүше етеміз дегендеріне көнбедім. Көнбегендердің біразы Алматы, тағы басқа жақтарға кетті. Атақты суретші Орал Таңсықбаев бар емес пе, әне сол да өзбек бол дегеннен бас тартқаны үшін онша ұлықталмай жүр. Әрине, ештеңеден кенде емес».
– Ташкентте оқысаңыз, Оразбаевты білетін шығарсыз, – деп бір әңгіменің ұшығын шығарды ол.
– Сыртынан естігенім бар, бірақ таныс емеспін.
– Қоқанда туған дарынды қазақ, соғысқа дейін техника ғылымдарының кандидаты, соғыс біткен соң бір жылдан кейін (1946 жылы) ғылым докторы, одан ұзамай академик, сталиндік, лениндік сыйлықтардың лауреаты болды. Жоғары атақ-марапаттың бәрін иеленді. Соның бәрі ұлтын өзбек деп өзгерткенінің арқасы. Бұрынғы орыс әйелін тастап, өзбекке үйленді. Алғашқы әйелінен бір ұл, бір қызы бар. Қазір олардың екеуі де Мәскеуде тұрады. Ұлы кино саласында, қызы Эльвира әнші. Ұлтын өзбек деп өзгерткен соң, Оразбаевтың аты-жөнін Мұхамед Ташевич дейді. Біздің білуімізде ол Махамбет Тасболатұлы болатын», депті Натай Кенесарин ағамыз».
Міне, туған жерден аууға мәжбүр болған кейбір үздік жандардың тағдыры осындай. Ал одан кейін, 40-жылдардың соңына қарай, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, А.Жұбанов, Қ.Жұмалиев, Б.Сүлейменов, Е.Ысмайылов, т.б. қудаланып, еркін тыныстай алмады. Ал тарихшы Ермахан Бекмахановтың көрмеген қорлығы жоқ. Ол туралы көп жазылғандықтан қайталамадық. Бұл біздің әдебиет пен өнеріміз ғана емес, ұлттық ғылымға да ауыр соққы болып тигенін білдіреді.
ПЕТРОПАВЛ