Ұшып жүрген бүркіттің түр-түсіне қарап-ақ оның ұя салып, өсіп-өнген мекенін ажыратқан. Мысалы, биік құзға ұя салған бүркіттің балапаны қаракер, көксұр да, бетбақты өңірге ұя салған бүркіттің балапаны қызыл жирен, т.б. дегендей.
Қарапайым бұқараның орнитологиялық танымында қыран құстарды түрге бөлу мен түстеудің алуан түрлі жолдары бар. Атап айтқанда, қыран құстарды табиғи жаратылысы мен бітіміне қарай үлкен қыран және кіші қыран деп екі түрге бөліп қараса, аң қағу сипатына қарай: аңды жерде бүріп ұстайтындар және аспанда теуіп, түйіп ұстайтындар деп тағы да екі түрге бөліпті.
Аңды жерде бүріп ұстайтындар қатарына олжасын қара жердің бетінде бүріп ұстайтын бүркіт және бүркіт тектестерді жатқызады. Қазақ құсбегілері ондай құстарды аушы құстар деп атап, онымен аң қағуды аушылық деп бағалаған. Олжасын ауада теуіп немесе ұрып-түйіп ұстайтын екінші топты – сұңқар, қаршыға, лашын, ителгі сияқты шағын қырандар құрайды. Осы бір дене-тұрқы шағын қыран құстарды көрнекті ғалым Ә.Марғұлан мен танымал этнограф Ж.Бабалықұлы «шәулі қырандар» деп атапты.
Біз де жоғарыдағы зерттеушілер тұжырымын негізге алып, бұдан былай бүркіттен басқа ұсақ қырандарды «шәулі қырандар» деп жазуды жөн көрдік. Сондай-ақ еліміздің шығыс өңірінде бүркіттің аталығын (еркегін) сарша немесе бұқатана деп атайтын дәстүр бар. Ал Тарбағатай – Жетісу өңірінің құсбегілері денесі кіші қырандардың бәрін түгелдей «шәулі» деп атайтын дәстүр қалыптасқан. Бұны да ескерген жөн. Бір қызығы, «шәулі» атауы ел арасында болсын немесе құсбегілік өнері туралы зерттеп жүрген этнографтар тарапынан да әлі бірізділікке түсе қойған жоқ.
Осы орайда, «шәулі» атауы туралы байөлкелік құсбегі Тотай Сауыржанұлы 1990 жылы жарық көрген «Құсбегі» атты монографиясында былай деп тарқатады: «Бүркіттің еркегін шәулі немесе сарша деп, ұрғашысын ұябасар дейді. Шәулі сарша бүркіттің сипаты – бақабастау, бітімі төртбақ, дене-тұрқы ұябасардан кіші, саусақтары бытығыр, қанат-құйрығы келте болады. Шәуліден өткір қыран шыққанымен ұябасарға жетпейді. Бүркіттің аталығы ішінде саршадан сәл үлкендеу түрі де кездеседі. Оны құсбегілер «бұқатана» деп айтады. Ол күйі келгенде бір-екі түлкі алуға жарайды» десе, Шыңжаң – Алтай өлкесіне танымал мініскер құсбегі әрі зерттеуші Шайқасын Жәңгірұлы: «Сарша дегеніміз – бүркіттің еркегі. Оның денесі қораш, топаны шағын, қуаты аз, қорқақ, нәсілсіз келеді. Саршаның түлкіге әлі жетпейді, ұсақ қоян, тышқан сияқты жәндіктерді ұстап жеп күнелтеді. Қазақ құсбегілері бұқатана мен саршаның тегін шәуліге телиді» деп жазыпты.
Алтай – Қобда беті құсбегілерінің танымында «алымыр құс» деген ұғым бар. Осындағы «алымыр» сөзі жүректі қыран құстарға қарата айтылады. Бұл топқа: етқоректі жыртқыш құстар бүркіт, сұңқар, қаршыға, ителгі, лашын, т.б. жатқызады. Шыңжаң – Алтай өлкесіне танымал зерттеуші Қали Бөлешұлы құрастырып, 2009 жылы Іледе жарық көрген «Қазақтың дәстүрлі құсбегілік өнері» атты кітапта: «Алымыр құс деп – өзінен үлкен затты көтеретін құмырсқа сияқты, өз денесінен салмағы ауыр аң-құсты аулай алатын үлкен-кіші қырандарды айтады», деп жазған екен. Осы тұжырымға қарағанда қазақтар аушы құстар ішінде тек қырандарын ғана алымыр деп атаған сияқты.
Қазақ құсбегілері бүркіттің өсіп-өнген мекен-тұрағы мен өңірдің фаунистикалық ерекшеліктеріне қарай қыр құсы, тау құсы, ой құсы деп бөледі.
Қыр құсының сипаты – сыртқы жүндері қара барқын тартып, қанат-құйрығындағы ақ теңбілдері ашық көрініп тұрады, дене бітімі кішілеу келеді. Бұл бүркіттің ақиық, көксеңгір, ақсеңгір, қырағы, т.б. түрлері бар.
Тау құсының сипаты – денесі ірі, кеудесі кең, иықты, екі аяғының арасы алшақ, жауырыны сыртқа теуіп шығып тұрады, мойын жүні мен балақ жүні салалы болады.
Ой құсының сипаты – ықшам, шебер ұста шапқан ердей жинақы бітімді, иықты, аңғарлы, ауқымды, кесек тұлғалы көрінеді. Бұл топқа мұзбалақ, төртперен, төртсары, т.б. бүркіттер жатады.