Келушілерге тәрбие жұмысын ұйымдастыру мен әскери тәртіпті сақтау бойынша қорғаныс ведомствосы тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар қару қолдану, сабақтар мен жаттығулар өткізу кезіндегі қауіпсіздік қалай қамтамасыз етілетіні егжей-тегжейлі түсіндірілді. Қонақтар казармаларды аралап, жатын бөлмелер мен тұрмыстық аймақтарды көрді.
Ең маңызды сәттің бірі – ашық есік күніне келген сарбаз туыстары асхана мәзірімен танысып қана қоймай, сол жерден дәм татып, бірге түскі ас ішуі болды. Мәні айрықша бұл кездесу ата-аналарға ерекше әсер етті.

Әскери бөлімдерде болған жас қонақтарды да ерекше атап өткен жөн. Тараз қаласынан келген он жасар Алена «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты байланыс полкінде қызмет ететін ағасы Владимир Романовты көріп, мәз-майрам болды. Әскери бөлімге жасалған бұл сапар мектеп оқушысына зор әсер қалдырып, ағасына деген мақтаныш сезімін оятқаны сөзсіз.
Гвардейск гарнизонындағы танк бригадасының барлау батальонында қызмет ететін Айбар Калифановтың үш жасар інісі Әміре ағасының қолынан түскен жоқ. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын әскери дәстүр дәл осылай қалыптасса керек.
Елордадағы бригададаға Қарағанды, Шымкент, Қызылорда, Қостанай және Астана қалаларынан 170-тен астам ата-ана жиналды. Олар тирді, спорт залын, кітапхананы аралап, жауынгерлер жаттығатын тактикалық алаңды көріп, танысып шықты. Қатардағы жауынгер Диас Базкеновтің әкесі Асхат пен оның туған ағасы Сәбит Базкенов Қарағанды қаласынан арнайы келген. Жауынгерлік жарыстың жеңімпазы атанған Диас Базкеновтің суреті бөлімшенің құрмет тақтасына ілінген.

Сәбит Базкеновтің өзі кезінде тәжік-ауған шекарасында әскери борышын өтеген. Ол қазіргі әскердің жағдайын көріп, ерекше әсер алғанын айтты.
«Біз тәжік-ауған шекарасында қызмет атқарғанда, ол кездің қиындығы аз болған жоқ. Бүгінгі жастардың әскери борышын абыроймен өтеп жүргенін көріп, көңілім марқайды. Диас сияқты тәртіпті, намысты ұлдар елдің қорғаны болары сөзсіз. Жастарға айтарым – Отан алдындағы борышты адал өтеп, әскери тәртіпке әрдайым берік болсын», деді ол.
Ақтау гарнизонының әскери бөлімдері 400-ден астам қонақты қабылдады. Әскери-теңіз күштерінің әртекті кемелер дивизионында ата-аналар теңіз қызметінің атмосферасына қанықты. Олар матростардың тұрмысымен танысып, кают-компаниялар мен камбузды аралады.
Теңіз жаяу әскерлері бригадасында ата-аналардың қатысуымен спорттық жарыстар өтті. Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласы бойынша «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің төрайымы Гүлмира Жанысбаева жарыстың бастамашысы болды.
Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бөлімшелері де 400-ден астам қонақты қарсы алды. 37-десанттық-шабуылдау бригадасында қонақтарға парашютті қалай кию керектігі көрсетіліп, арнайы кешенде әуе-десанттық дайындық элементтері таныстырылды.