Өнер • 24 Мамыр, 2025

Ыммен ұғысқан ұжым

120 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өнерде шекара жоқ. Осы бір өнегелі сөздің жарқын айғағы – Қа­зақ­станның саңы­раулар қоғамының жа­нынан құрылған «Silense» би театры. Ыммен ғана сөйлесетін жан­дардан құралған шы­ғармашылық ұжым үшін бұл «ерекшелік» бимен кәсіби тұрғыда айналысуға кедергі емес.

Ыммен ұғысқан ұжым

«Silense» би театрының негізі 2004 жылы қаланған. Ұжым 2023 жылы жаңа форматта жанданды. Сол кезден бас­тап талапты қыздарды Мә­де­­ниет саласының үзді­гі, хорео­г­раф Ботагөз Тұрлыбекова да­йындап жүр.

«Бұл би театрында тек құлағы нашар еститін жандар билейді. Алғашында бұл топқа конкурстар үшін ғана би қойып жүрдім. Сол байқаулардан ылғи да жүл­делі орындармен оралды. Қыз­дар­мен жақын таныса келе ішкі жан дүниесін түсініп, биге деген құштарлықтарының биік екенін байқадым. Жетек­ші­лік ету міндетін мойныма алып, топ алдына маңызды межелерді бекітіп, етене іске кірісіп кеттік», дейді Ботагөз Серікқызы. Ол ерек­ше қыздармен түсінісу үшін мақ­сат­ты түрде ым-ишара тілін де меңгер­ген.

«Әдетте би үйреткенде образ арқылы, тілмен суреттеп жеткіземіз. Оларға оны айта алмайтын болғандықтан ым-ишара тілін қолдану керек. Балалардың жанын терең тү­­сіну үшін осы тілді арнайы курс­қа барып үйреніп шық­тым. Асы­лында, биді қимыл мен ишара құрайды. Сондықтан аса кедергі жоқ. Кейде менің қа­телескен тұ­сымды қыздар то­лық­ты­рып, тіл­сіз-ақ түсінісіп ке­леміз», дей­ді хореограф ма­ман.

Қыздар аптасына үш рет шеберлігін шыңдайды. Талмай еңбек ете жүріп қоржындарын 9 би  қойылыммен толық­­тыр­ған. Оның төртеуі ым-ишараға негізделген.

Олардың өзара ұйым­шылдығы мен бір-бірін қол­дауы да әрдайым жеңіс тұ­ғы­рынан табылуға септе­сіп жүр. Би ұжымы Орал қа­ла­сында өткен «Сізді биге ша­­қырамыз» атты респуб­­ли­калық би байқау-фести­валінде Ұлттық би аталымы бойынша Гран-при, заманауи би аталымы бо­йынша ІІІ орынды иеленген. Сондай-ақ Астанада ұйым­дас­тырылған «Mega-Star» шығармашылық байқауында «Бас жүлдені» жеңіп алып, Германия, Египет сахналарында өнер көрсетуге жолдама алған.  Шектеулі мүм­кіндік шекарасын кесіп өткен «Silense» би театры сау балалар арасында да топ жарып жүр.

Ерекше жандарды биге баулу «би-қимыл терапия­сы» деп аталады. Мұнда би арқы­лы жанды емдейді. «Silense» би театрының мүшесі  Ару­жан Асқарова ұстаз­дары бұл міндетті үнсіз ұғынып жүр­генін жеткізді.

«Ұстазымыз өте мейірімді адам. Бізді қиындықта қал­дырған емес. Әрдайым шабыт­тандырып, алға ұмтыл­дырады. Осындай қарым-қатынасына қарымта ретінде қыздар да қарап қалмай барын салады», деді ол.