
Науқас 1997 жылы туған. Үшінші сәбиіне аяғы ауыр. Дәрігерлердің айтуынша, пациентті Жаңаөзен қаласының санитарлық авиациясымен облыстық көпбейінді ауруханасына шұғыл жеткізілген. Жан-жақты тексерудің нәтижесінде митралды қақпақшаның жедел инфекциялық эндокардиті, митралды қақпақша жеткіліксіздігінің III-IV сатысы. Өкпе гипертензиясы диагнозы анықталды. Кардиохирург дәрігерлер ҰҒКО мамандарымен телемедициналық кеңес өткізіп, өңірлік деңгейде операция жасауға шешім қабылдаған.
«Науқасқа митралды қақпақшасын ауыстыру операциясын жасадық. Мақсатымыз – ананы да, баланы да аман алып қалу болды. Сондықтан операцияны тез жасауға тырыстық. Себебі мұндай операция кезінде ананың жүрек соғысы уақытша тоқтатылады. Сонымен қатар қан сұйылтамыз. Бұл да құрсақтағы балаға кері әсерін тигізуі мүмкін. Операция кезінде акушер-гинекологтар жатырдағы балаға УДЗ жасап, жағдайын тұрақты бақылауда ұстады. Соның арқасында қауіп болмай, жақсы нәтижеге қол жеткіздік», деді Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы жүрек қан-тамыр хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Ербол Кудабаев.
Науқас операциядан кейін жансақтау бөлімінде емделіп, бөлімшеге шығарылды. Қазір жағдайы қалыпты. Өзін жақсы сезініп, өз бетінше қозғала алады. Жүктілігі жалғасуда. Операцияны МОКА директорының орынбасары, кардиохирург Агзам Алдашев, Ербол Кудабаевтар жасады. Оларға акушер-гинеколог Юлия Досаханова, анестезиолог-реаниматологтар Бақытжан Балгалыев, Мәулен Жұмаділлаев сынды өз ісінің білгірлері жәрдемдесті.