Абай • 03 Маусым, 2025

«Құлақтан кіріп, бойды алар»

40 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ұлтымыздың маңдайына біткен ұлы ақын-ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының биылғы 180 жылдық мерейтойы республикамызда кеңінен атап өтіліп жатыр. Жақында сондай бір кештің куәгері болу бақыты бізге де бұйырды. Ақмола өңіріндегі Степногорск қаласы әкімінің қолдауымен және осы қаланың мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен «Құлақтан кіріп, бойды алар» – Абай әндерінің кеші шеңберінде жерасты қазба байлығын бауырына басқан шаһарға рухани іссапармен барып қайттық.

«Құлақтан кіріп, бойды алар»

Сурет: massaget.kz

Сапардың басты мақ­саты – ақынның 180 жылдық мерейтойына орай, шетте туып елге оралған мәдениет-өнер қайраткерлерінің басын қосып еліміздің шағын қала, аудандарында халықты Абай әндерімен сусындатып, тегін концерт беру, ақын шығармаларын жұртшылыққа таныту, насихаттау, жастардың сөз өнеріне, ұлттық руханиятқа ықыласын арттыру. Ақынның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығын ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылыққа айналдыруға үлес қосу болатын.

Қалаға кіре сала қазақы салтпен дәмнен ауыз тиіп, қатарласа орналасқан қала­ның Орталық кітапханасы мен Мәдениет үйіне келдік. Алдымен Степногорск қалалық кітапханасының жетістіктерімен таныстық. Кітапхана қызмет­керлері заман көшінен қалмай, жасанды интеллектіні енгізуде ауқымды жұмыс атқарыпты, тіпті, республикалық байқауларда жүлделі орындар да алған. Яғни ЖИ-ді қолдана отырып, қазақ жа­зушыларына жан бітіріп, шығар­маларын өздері таныстырып шығуына, керек десеңіз, Ә.Қастеевтің әйгілі мақта жинау, Түрксіб теміржолын салу сынды суреттерін «тірілей көру» мүмкіндіктерін ұсынып отырғаны тамсандырды. Кездесуге келген Степногорск қаласы әкімінің орынбасары Жанасыл Сабырұлы Астанадан атбасын бұрып келген журналист Жарқынбек Жұмаділұлы бастаған мәртебелі меймандарға алғысын білдіре отырып, бүгінгі басқосудың мән-мағынасына тоқталды.

«Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті, теңдесі жоқ алтын қазынасы. Жылдар өткен сайын халқымыз ғұлама ақынның рухани дүниесіне терең бойлап, оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түсуде. Абайдың 180 жылдық мерейтойы – тек бір ақынның жылдығы емес, ол бүкіл қазақ халқының рухани мұрасын қайта бағалап, оның терең философиясын бүгінгі күн тұрғысынан түсінуге ерекше мүмкіндік. Абайдың ғұмыры өткенді еске алу ғана емес, болашаққа бағдар жасап, елімізді одан әрі дамытудың негізін қалауға күш салуымызды талап ететін бірегей уақыт. Осылайша, еліміздің мәдениеті мен тарихына құрмет көрсетіп, ұлт руханиятын дамыту бағытындағы маңызды қадам. Абай шығармалары әлі талай ғасырларға жететін азық болары сөзсіз», –деді ол.

Өткен уақыттан сыр шертетін дүниелермен танысып, бүгінгі өмірге тарихи тұрғыдан көз салуға мұрсат беретін орындардың бірі – музей. Біз барған Степногорск тарихи-өлкетану музейінің ашыл­ғанына да 30 жыл болыпты. Музейде ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі өлкенің тари­хын қамтитын 5 зал бар екен. Кіріспе залында өңірдің картасы, Степногорск қаласының диорамасы орналасқан. Екінші зал «Табиғат және археология» деп аталады. Онда Шондынқорасы шатқалында өткен археологиялық экспедицияда жиналған жәдігерлер келушілердің назарына ұсынылған. Сонымен қатар Солтүстік Қазақ­станның Саумалкөл ауданынан табылған Ботай археологиялық қазбалары қойылған. Ең алғаш Ботай қазбаларын өлкетанушы Еслямбек Закариянов тапқан. Кейін бұл қазба жұмыстарын әлемге танымал археолог Виктор Федорович Зайберт жалғастырып, Ботай мәдениетін зерттеген. Солтүстік Қазақстан тарихы бойын­ша бірқатар монографиялық мақалалар жазған. Ал, этнография залы келген қонақтарға қазақтардың мәдениеті мен салт-дәстүрін паш етсе, «Қазіргі заман» залында елдімекеннің өнеркәсіптік кәсіпорындары туралы ақпарат ұсынылған.

«Мынау залда 13 зауыттың макеті тұр. Ал ол зауыттарға қа­тыс­ты анықтамалар тақтада ілінген. Осы макеттерді жасауға зауыттардың өздері көмектесіп, атсалысты. Қазақ алтын, тау-кен комбинаты, подшипник зауыттары, тағысын тағылар. Сонымен қатар Степногорск қаласының мақтанышына айналған мынау раушан гүлдер біздің қаламызда жылыжайда өседі», дейді музей меңгерушісі Майра Нұржанова.

Келесі бір зал «Жауынгерлік даңқ» деп аталады. Онда Ұлы Отан және Ауғанстан соғысы ардагерлерінің киімдері мен фотосуреттерін көруге болады. Тіпті, соғыс ардагерлерінің жеке заттары да жақсы сақталып қалған.

«Құлақтан кіріп, бойды алар» атты Абай әндерінің кешінің шымылдығын Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Құрманбек Әлімғазы өзінің қоңыр даусымен «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, қаламқас» әндерін шыр­қап ашты. Халықаралық ән бай­қауларының жеңімпазы Ай­нұр Қажымоллақызы Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әнін тамылжыта орындап, көрермендер қошеметіне бөленді. Ал дәстүр­лі әнші, Қазақ­стан халқы Ассамблеясының ұйымдас­тыруымен өткен өнер фестивалінің бас жүлдегері «Ақ­мола жұлдыздары», «Зеренді дау­сы» облыстық және аудандық байқаулардың лауреаты Берікбол Дүйсенбайұлы «Сегіз аяқ» пен халық әні Молдабайды ерекше екпінмен шырқағанда көзіқарақты көрерменнің делебесі қозып, қоштаумен болды. Кешті жүргізген Қытай мемлекетінің ең үздік теле-жүргізуші байқауының жеңімпазы, әнші Жұлдыз Тайманқызы да құралақан келмей, көпшілікке «Желсіз түнде жарық ай» әнін тарту етті. Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Мәдениет сала­сының үздігі, суретші, қазақ музы­калық аспаптарын жасау шебері, Қазақ ұлттық өнер университетінің ұстазы әрі дәстүрлі әнші Серікжан Ысқақбектің орындауындағы «Абай­дың ұлы Ақылбайдың әнін», халық әні «Бес қарагерді» жұртшылық жылы қабылдап жатты. Ал Степногорск қаласының ән­шісі Жадыра Әбдіғаппарова орындап, халықтық балет сту­диясының бишілері сүйемелдеген Абайдың сөзіне жазылған Секен Тұрысбектің «Мен бір жұмбақ адаммын» әні көрермен ұйып тыңдаған әсерлі әннің бірінен болды. Осы кеште жас әнші Нұржаз Толқынқызы өзінің әкесінің, яғни академик-дәрігер Толқын Ақанұлының «Қазақша» деп аталатын туындысын әдемі даусымен орындап шығып, бұрын-соңды естімеген тамаша әнмен кештің ажарын аша түсті. Мерекелік концерттің шырайын келтірген келесі бір әнші Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Айбын» ордендерінің иегері Риза Қайырбайқызы болды. Оның орындауындағы халық әні «Угай-ай» мен «Алматым» әні көрерменнің құлақ құрышын қандырып, көңілдеріне мереке сыйлады. Кеш соңында Степногорск қаласы тұрғындары атынан жылы лебізін білдірген қала әкімінің орынбасары Жанасыл Сабырұлы Астанадан келген қонақтарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар және аруларға гүл шоқтарын табыс етті.

 

Сұлугүл БАКЕСОВА,

журналист