Мирас • 03 Маусым, 2025

Талысты көрем десең, Ақсайға кел!

130 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әйгілі Бұқар жыраудың: «Сен – бұзау терісі шөншіксің, Мен – өгіз терісі талыспын!» деп шамырқанатыны есіңізде ме? Сондағы талысты екінің бірі білмеуі мүмкін. Ендеше, талысты көрем десеңіз, Бөрлі аудандық музейіне келіңіз!

Талысты көрем десең, Ақсайға кел!

Жақында Батыс Қазақстан облы­сының Бөрлі ауда­нына жолымыз түсті. Ақсай қаласындағы аудандық тарихи-өлкетану музейіне арнайы ат басын тіредік. Қазыналы Қарашығанағымен әйгілі өңір­дің мұражайы негізінен газ бен мұнайға, экономикалық, техникалық жетістіктерге толып, өзге тақырыпқа орын қал­маған шығар деп ойла­ғанбыз. Қателесіппіз.

Өңірдің арғы-бергі тарихын толық қамтыған музейді аралап келе жатып, киіз үй­дің керегесіне ілінген мына бұйымдарға көзіміз түсті. Жыл­қы мен түйенің бас терісі тұтас сойылып, өңделіп, әдіпті ноқта тағылып, ерекше қоржынға айналыпты.

Апырмай, мынау – талыс қой! Мұның бір атауы – баспақ. Біраз жыл бұрын қолөнерші Табиғат досым жылқының бас терісінен бір үлгісін жасағаны есімде.

«Ертеде бір байдың үйір-үйір жылқысы болған екен. Бір жы­лы қыс қатты болып, бүкіл жылқы қырылыпты. Құ­рығын қолына ұстап қалған бай өнерлі екен. Өлген жылқысын сойып, өңдеп, бас терісінен дорба жасапты. Ол ыдыс-аяқ салып қоюға, ұстаның құ­ралдарын сақтауға, көші-қон кезінде пайдалануға таптырмайтын қоржынға айналыпты. Тапсырыс көбейіп, шебер жігіттің саудасы жүріп, көп кешікпей-ақ жұт жұтқан байлығын қайта жинап алған екен. «Басқа түссе, баспақшыл» деген сөз осыдан қалыпты...»

пп

Осы әңгімені майын тамызып айтып берген қол­өнерші, Суретшілер ода­ғы­ның мүшесі Табиғат Қо­жан­баев үлкендерден сұрас­тыра жүріп, талысты қайтадан қал­пына кел­тірген болатын. Мына жыл­қының басынан жасалған талыс сол болып шықты. Музей қорына 2001 жылы қабылданған бұйым кел­ген жанның назарын өзіне аударып, қазақтың ұлттық қол­өнерінің бір тарихынан хабар беріп тұр.

Бөрлі тарихи-өлкетану му­зейінің экскурсоводы Анита Ханатқызы түйе терісінен жасалған екінші талысты 2013 жылы Нұрзия Опағалиқызы есімді тұрғын тапсырғанын ай­тады. Бір қызығы, бұл талыс тұрмыс-тіршілікте қолда­нылған, нағыз жәдігер болып шықты. Түйе талыстың иесі – Зайлағали Қазиев 1921 жылы, ал зайыбы Зәурежамал 1924 жылы туған адамдар екен. Өкі­нішке қарай, басқа дерек жоқ.

 

Батыс Қазақстан облысы