
«Pallas Resources» – Орталық Азиядағы болашағы зор минералдық жүйелерді іздеу және дамыту бағытында жұмыс істейтін жекеменшік британдық геологиялық барлау компаниясы. Кездесу барысында ұзақ мерзімді серіктестіктің келешегі сөз болды. Дэниел Риклман «Pallas Resources/Ivanhoe Mines» компанияларының «Қазақмыс» корпорациясымен кең ауқымды геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу аясында ынтымақтастыққа мүдделі екенін білдіріп, аталған компанияны өңірдегі негізгі әрі тәжірибелі серіктестердің бірі ретінде атап өтті.
Тараптар ынтымақтастықтың егжей-тегжейін және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылау үшін бірнеше жұмыс кездесуін өткізуге уағдаласты. Келесі кездесу «Қазақмыс» компаниялар тобының өндірістік нысандарында, соның ішінде Жезқазған қаласындағы геологиялық кластерде өтеді.
Жуырда «Ivanhoe Mines» пен «Pallas Resources» Қазақстан аумағында геологиялық барлау жұмысын жүргізу мақсатында бірлескен кәсіпорын құрған болатын. «Қазақмыс» компаниялар тобында «Kazakhmys Barlau» және «Qazaq Geophysics» мамандандырылған геологиялық барлау құрылымдары жұмыс істеп жатыр. Бұл компаниялар заманауи геологиялық барлау және жиналған деректерді талдау әдістерін пайдалана отырып, Қазақстанның минералдық-шикізат базасын кеңейту стратегиясын дәйекті түрде жүзеге асырып келеді.
«Ivanhoe Mines» – мыс, никель, платина және өзге де металл кен орындарын барлау, игеру және өндіруге маманданған халықаралық тау-кен компаниясы. Компания қызметі Африка мен Солтүстік-Орталық Еуропаны қамтиды.