
Солтүстік Қазақстан облысының аумағы 98 мың, Қорған облысының аумағы 71,5 мың шаршы шақырым. Біздегі халық саны 540 мыңдай болса, Қорғанда 744 мың халық өмір сүреді. Қазір екі өңірдің де халқы азаю үстінде. Солтүстік Қазақстанның халқы 2020 жылы 548 мың адам болса, қазір 540 мыңға түскен, Қорған облысында 2002 жылы халық саны бір миллоннан асса, қазір 740 мыңның төңірегінде. Қорған облысының аумағында темір кен орындары мол, тіпті титан-цирконий участоктары да табылған. Сонымен бірге өнеркәсі біршама жақсы дамыған. Біздің облысымыздағы негізгі өнеркәсіп орындарының бәрі әскери-өнеркәсіптік кешенінікі болып, кеңес одағы құлағанда оларға сұраныс жоғалып, зауыттар тоқырап қалса, Қорғанның бейбіт өмірдің өнімдерін шығаратын кәсіпорындары сақталып қалған.
Кейінгі бес жылда екі облыстың арасындағы тауар айналымы 1,6 есе өсіп, 700 млн доллар көлеміне жетті. Бірақ оның екіжаққа тиімді жағдайда бұдан да көбірек өсуге мүмкіндігі бар. Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бастаған ресми делегация Қорған облысы губернаторының шақыруымен Ресей Федерациясына сапарлап барды. Оның нәтижелі болуына Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Д.Абаев пен Қазақстанның Екатеринбург қаласындағы Бас консулы Ж.Мамытбеков үлес қосты.
Қорған облысының губернаторы Вадим Шумковпен өткен кездесуде екіжақты әріптестікті одан әрі кеңейту келешегі талқыланды. Осы мақсатта сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық туралы екіжақты келісімдерге қол қойылды.
Бизнес-бастамалар мен бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Бұл тақырыптар шекаралас екі облыстың іскер топтарымен өткен диалогтың өзегіне айналды. Солтүстік Қазақстан мен Қорған облысының кәсіпкерлері B2B форматында мәселелерге нақтырақ тоқталды.
Қол қойылған құжаттар арасында – біздің облыс пен Қорған облысының сауда-өнеркәсіп палатасы арасындағы келісім, «Солтүстік» ӘКК жанындағы инвесторларды қолдау және инновацияларды дамыту орталығы мен «Агрокомплекс Кургансемена» ЖШҚ арасындағы меморандум, сондай-ақ «Кургандормаш» АҚ мен «Қызылжар» АЭА арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумдар болды. Коммуналдық және арнайы техника шығаратын «Кургандормаш» «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағында кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр.
Өндірістік әлеуетті тереңірек зерделеу мақсатында біздің делегация «Кургандормаш», «Курганстальмост», «Вездеходы Бурлак» кәсіпорындары мен индустриялық паркіне барып, өндіріс үдерістерімен танысты. Бұл нысандар өнеркәсіптік кооперация мен технология алмасу тұрғысынан практикалық қызығушылық тудырды.
Сонымен қатар облыс әкімі Ғауез Торсанұлы Қорғанда тұратын қазақ диаспорасымен жылы жүзді кездесу өткізді. Жүздесу барысында қолдау, білім беру және мәдени байланыстарды кеңейту мәселелері қозғалды.
Сапар барысында облыс әкімі Ресей Федерациясының Қорған облысының шекарасына дейінгі республикалық автожолды қайта жаңарту жұмыстарының барысын тексерді. «Қазавтожол» АҚ салып жатқан жолдың құрылысы белгіленген мерзімде аяқталмай, созылып кеткен еді. Ғ.Нұрмұхамбетов жұмысты қарқынды жүргізу үшін жаңа мердігермен қол қойылып, оның жөндеу жұмыстарына кіріскенін ескертті.
Жол «Жаңажол» шекаралық өткізу-тексеру пунктте апарады, оны да биыл ауқымды қайта жаңғырту жоспарланған. Жоба аясында жаңа құрылыстар салу, кіреберіс, шығу бағыттарын бөлу, жолды төрт жолақты етіп кеңейту, заманауи тексеру жүйелерін енгізу және жарақтар орнату көзделген. Мұның барлығы шекарадан өтетін азаматтарға қолайлы жағдай жасап, өту уақытын айтарлықтай қысқартуға бағытталған.
Солтүстік Қазақстан облысы