
Тараптар кейінгі жылдары Қазақстан – Оман қатынастарының белсенді түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Серік Жұманғарин Қазақстан Оман Сұлтандығын Таяу Шығыстағы маңызды және сенімді әріптес ретінде қарастыратынын ерекше атап өтті.
Оман қаржы министрі өз кезегінде Оман 1992 жылы Каспий құбыр консорциумын (КҚК) құру жөніндегі жобаға қатысқан кезден бастап тәуелсіз Қазақстан экономикасындағы алғашқы инвестордың бірі болғанын еске алды. Ол өз елінің инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін мақұлдап, сондай-ақ Қазақстаннан инвестиция қабылдауға дайын екенін білдірді.
Келіссөзде көлік-логистикалық өзара іс-қимыл мәселесіне ерекше назар аударылды. Оманның стратегиялық географиялық жағдайын, оның Таяу Шығыстағы ірі логистикалық хабқа айналу жоспарын ескере отырып, Қазақстан тарапы Иран аумағы арқылы «Қазақстан – Оман» жаңа халықаралық көлік дәлізін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бастаманы егжей-тегжейлі пысықтау мақсатында Қазақстан, Оман және Иран сарапшыларының қатысуымен үш жақты жұмыс тобы құрылуға тиіс.
Бұдан басқа, транзиттік тасымал көлемін ұлғайту және «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің инфрақұрылымын бірлесіп дамыту жұмысының келешегі талқыланды.
Бүгінде Оманның Қазақстан экономикасына салған инвестициясының жиынтық көлемі – 253 млн доллар. Бұл ретте қос тарап екіжақты әріптестіктің болашағы бұл көрсеткіштен едәуір асып түсетінін атап өтті.
«Оман инвестициялық банкінің 500 млн доллар көлемінде қаржы салатын бірлескен инвестициялық қор құру жөніндегі бастамасы біздің зор қызығушылығымызды туғызды. Қазақстан Үкіметі салықтық преференцияларға, индустриялық аймақтарға қол жеткізумен инфрақұрылымдық қолдау көрсете отырып, жаңа инвесторларды тартуға жағдай жасауға дайын», деп атап өтті С.Жұманғарин.
Қазақстан тарапы да энергетика, тау-кен металлургия өнеркәсібі, АӨК, фармацевтика мен сауда сияқты келешегі зор салаларда ынтымақтастықты арттыруға мүдделі. Оман өз тарапынан логистикалық әріптестікке деген сенімі жоғары екенін атап көрсетіп, Сұлтандықтың инфрақұрылымы ірі жүк қабылдауға және ауыстырып тиеуге толық дайын екенін мәлімдеді. Қазақстан астығын жеткізуге мұқият назар аударылды. Оман сұлтандыққа астық жеткізуге қызығушылық білдіріп, Таяу Шығыстағы астық экспортын тарату хабы болуға дайын екенін мәлім-деді.
Кездесу соңында тараптар бастамаларды сараптамалық деңгейде талқылауға уағдаласты. Талқыланған салаларда шын мәніндегі ынтымақтастыққа әзір екенін жеткізді.