
Кешке Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, өнертанушы, ғалым-ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Садыханұлы және шараның негізгі арқауына айналған саяси қайраткер, білікті ұстаз, талантты сазгер Қапез Байғабылұлы туралы деректі фильм түсіріп, жарыққа шығарған журналист Салтанат Бакеева мен Жалағаш ауылдық округінің әкімі Айгүл Садырова қатысты.
Аспантау аясындағы еске алу кеш – халқымыздың тарихындағы зобалаң жылдардың құрбанына айналып, қуғын-сүргінге ұшыраған миллиондаған жазықсық жандардың рухына бағышталды. Шара барысында «Ұлтын сүйген ұлы тұлға – Қапез» атты деректі фильмнің тұсауы кесіліп, көзіқарақ көрерменге жол тартты.
«Бұл – біртуар тұлға Қапез Байғабылұлының өміріне арналған алғашқы деректі фильм. Ол кісінің өмірі мен қайраткерлік жолы, тағдырлы кезеңі кеңінен көрсетіледі. Бүгінгі ұрпақ Қапез әндерін тұщына тыңдаймыз, бірақ сол әндердің шығу тарихы жайлы, кім жинақтап, зерттеп-зерделегені, нотаға түсіріп, қазынаны халыққа кім ұсынғаны жайлы біле бермейміз, сондықтан осы тақырыптар қамтылады. Фильмде тек тарихи деректер емес, Қапез атамыздың азаматтық бейнесі, ұрпаққа қалдырған өсиеті, мұрасы өнер зерттеушілерінің, ұрпақтарының дәлелді дәйегімен көрсетіледі. Бұл күнде Қапез Байғабылұлының 93 жастағы қызы Шөке апамыз, немере, шөберелері бар. Деректі фильмді түсіру барысында байқағаным, әлі де болса архив құжаттарының жеткіліксіздігі. Ұлтын сүйген ұлы тұлғаға қатысты деректер архив қойнауынан толық ашылмаған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін тарихшылардың ерен еңбектері қажет», дейді деректі фильм авторы Салтанат Бакеева.
Есімі елге кеңінен танымал қайраткер-ағартушы, халқының болашағына қызмет еткен Қапез Байғабылұлы өзі туып-өскен өңірдің білім-іліміне сүбелі үлес қосқан қайраткер. Сондай-ақ ол, ағартушы ғана емес, жыршы, ақын, сазгерлігімен танылған тұлға. Оның тереңнен толғайтын «Меркі», «Айхай», «Дүние-ау», «Қоштасу» әндері әр жүректің түкпірінде тербелуде.
Алматы облысы