
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
4 маусым – тарих парағына алтын әріппен жазылған қасиетті күн. Себебі осыдан 33 жыл бұрын дәл осы маусым айының төртінші жұлдызында тәуелсіз қазақ жұртының Ту, Елтаңба һәм Әнұраны дүниеге келіп, егемен елдің басты рәміздері заңмен шегенделді. Бүгінгі таңда мемлекеттік рәміздер тәуелсіздіктің бас нышаны ғана емес, халқымыздың күнделікті өміріне біте қайнасып кеткен, құрмет тұтатын қасиетті жәдігері.
«Көк тудың желбірегені,
Жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен ту,
Жан емес маған керегі» деген әнді естігенде әр қазақтың жұдырықтай жүрегі тыпыршып, рухы шаттанады. Әнұранды естігенде орнынан қарғып тұрып, қолын жүрегіне қойып, шырқай жөнеледі. Шаңырақ пен қос пырақ бейнеленген Елтаңбаны көргенде арманы қанатты атқа мініп, қиялын қамшылайды. Бұл біз айтып отырған 33 жыл бедерінде мемлекеттік рәміздеріміз ел азаматтарының жүрегін толық жаулағанын көрсетеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қасиетті нышандарымызда қазақтың мыңжылдық арман-тілегі, мақсат-мұраты түгел тоғысқан. Ту халқымыз үшін қашанда ерлік пен елдіктің символы саналған. Көк түріктер заманында бабаларымыз бөрілі байрақтың төңірегіне топтасты. Қазақ хандығының туы бүкіл ұлтты ұйыстырды, ел бірлігін бекемдеді. Ал өткен ғасырда арыстарымыз «Алаш туы астында Күн сөнгенше сөнбейміз!» деп халыққа жігер берді. Көне дәуірден мирас болған осы дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнге жетті. Қазақ елінің көгінде Ұлы даланың айбынын асырған тәуелсіздік Туы желбіреді. Көк байрағымыз – мызғымас мемлекеттіліктің белгісі. Елтаңбамыз – азаттықтың айшықты көрінісі. Ал Әнұранымыз – еркіндік пен елдіктің үні. Тәуелсіздіктің осы үш символы халқымызға ерекше рух береді. Әрқайсысымыздың кеудемізге мақтаныш ұялатады. Өйткені бұл – бабаларымыздың орындалған арманы», деуі – осы сөзіміздің айғағы.
Рас, Президент айтқандай, халқымыздың мыңжылдық арман-тілегі де, мақсат-мұраты да азаттық болатын. Сол азаттыққа «мың өліп, мың тірілген» қазақтың нәсілі, бүгінгі біз жеттік. Ықылым заманда бөрілі байрақтың астында рухтанған қазақтың жаны бүгінде көгілдір көк пен ұлы даланың төсінде қыран болып қалықтап жүр. Сол қыранның қаққан қанатынан еркіндіктің лебі еседі. Әлемнің түрлі додаларында атой салған оғландарымыз жеңіске жеткенде Туымыз көкке көтеріліп, Әнұранымыз шырқалады. Осы отыз жылдықта сол рухты жырды кеудесін кере шаттана жырлайтын ұрпақ өсіп-жетілді.
Ресми дерекке қарағанда, 1992 жылдан бері қазақтың туы халықаралық және әлемдік деңгейдегі мәдени іс-шараларда 5 мыңға жуық мәрте көтеріліпті. 1994 жылы 1 шілдеде қазақтың туын Талғат Мұсабаев алғаш рет ғарышқа алып шықты, ал 2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетов жалауымызбен жұмыр жерді 150 рет айналып ұшты. Тіпті жуырда ғана жерлесіміз Анар Борашева Эверест шыңын бағындырып, қазақтың туын әлемнің ең биік нүктесінде желбіретті. Ол туды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тарту етті.
Осы жайттардан-ақ мемлекеттік рәміздер ел идеологиясының ажырамас бөлігіне айналып кеткенін анық аңғарамыз. Құдайға шүкір, бүгінде көк туымыз бірлік пен бейбітшіліктің байрағы ретінде танылды. Десе де, бүгінгі ұрпақ тәуелсіздіктің алғашқы жылында рәміздердің жобаларын дайындау мақсатында конкурс жарияланып, бәйгеге 600-ден аса үміткер қатысқанын біле бермейді. Сол тұста мемлекеттік ту эскиздерінің саны 1 200-ден асып, болашақ Елтаңбаға қатысты 245 сурет пен 67 жобалық сызба ұсынылыпты, Әнұранға 750 түрлі нұсқа әзірленіпті. 2006 жылы қазақ халқының ұлттық патриоттық рухын, туған жерге деген сүйіспеншілікті паш ететін әйгілі «Менің Қазақстаным» әні халықтың сұрауымен Әнұранға айналды. Ал Елтаңба мен Ту 33 жылдан бері халық кәдесіне жарап келеді.
Мемлекеттік рәміздерге қатысты идеологиялық жұмыстарды жандандыру қай кезеңде болсын өзекті екенін ұмытпағанымыз жөн. Ту, Елтаңба және Әнұранның мән-маңызын насихаттау тек 4 маусым күнімен шектеліп қалмауы қажет. Әлемнің көптеген елінде мемлекеттік рәміздер қоғам тарапынан күнделікті насихатталады. Мысалы, Түркияда асханаларда, көлік жөндейтін орындарда, тіпті жеке үйлердің маңдайшасында да ұлттық ту ілініп тұрады. Бұл, біріншіден, рәміздерге деген құрметтің белгісі, екіншіден, халықтың елдік рухының биік екенін көрсетеді. Сондықтан біз де, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті ұрпақ санасына сіңіруге тиіспіз.
Еуразия құрлығының төсін тұлпардың тұяғымен дүбірлетіп, азаттық жолында қоңыраулы найзасын қолға, жалаулы найзасын жанға алып, небір қанқұйлы майданға кірген Алаш баласы «ұлым – құл, қызым күң болмасын» деп, арпалысып жүріп, ақыры азаттыққа жетті. Сондықтан да, «Туырлықсыз қара үйге, Ту байламақ не керек?» дейтін заман емес екенін ұмытпасақ игі.