Елорда • Кеше

«Елорда жастары» – баспаналы болудың тиімді жобасы

50 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қала әкімдігінің ресми сайтының мәлімдеуінше осыдан 5 жыл бұрын басталған «Елорда жастары» бағдарламасы бүгінде жемісін беріп отыр. Жобаға қатысушылардың бірі Әнуар Набиев мемлекет бастамасының арқасында қалай баспаналы болғанын айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Елорда жастары» – баспаналы болудың тиімді жобасы

Фото: Астана қаласы әкімдігі

Әнуар Қорғанбайұлы айтуынша аталған бағдарламаның талаптары жастарға өте тиімді.

«2019 жылы жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін баспана бағдарламасына қатысып, 5 жыл бойы мемлекет берген пәтерде тұрдық. Ол кезде 2 баламыз болды. Ұлым 3-те, қызым 2-де. Бұл уақыт өз үйімізді сатып алуда маңызды рөл атқарды. Себебі біз жалдау мерзімі аяқталғанша, өз үйімізді сатып алуға бастапқы ақша жинап үлгердік», деді 33 жастағы елорда тұрғыны.

Ә.Набиев зайыбы екеуі медицина саласында қызмет етеді.

«5 жыл бойы біз пәтерге айына 7500 теңге төлейтінбіз. Ойымша, бұл – өте тиімді бағдарлама. Себебі табысымызды болашақ баспанамыздың алғашқы жарнасына жинауға мүмкіндік болды. Биыл наурыз айында 5 жыл тұрған пәтерді тапсырып, «Елорда жастары» бағдарламасымен Есілдің сол жағалауынан 3 бөлмелі пәтер сатып алдық. Бұл – әсіресе жұмыс істейтін жастарға берілген үлкен мүмкіндік. Сондықтан осындай бағдарлама үшін мемлекетке айтар алғысым шексіз», деді Ә.Қорғанбайұлы.

Айта кеткен жөн, аталған бағдарлама жастарға жеңілдікпен несие беруді ұсынады. Несиенің максималды сомасы – 20 миллион теңге, мөлшерлемесі – жылдық 5 пайыз, бастапқы жарнасы – 10 пайыз. Ал тұрғын үйді бастапқы және қайталама нарықта сатып алуға болады.