
Бұл қолдау елді экологиялық жаңғыртуға елеулі үлес қосып, жасыл экономика саласындағы өңірлік көшбасшы ретіндегі ұстанымымызды нығайтады. Жасыл жобаларды ілгерілету мақсатында былтыр БҰҰ қоры үшін арнайы елдік бағдарлама дайындалды. «Халықаралық ұйымдардың қолдауымен Қазақстанға осы Қор тарапынан шамамен 280 млн АҚШ долларына қаржыландыру қарастырылған. Аталған қаражат жаңартылатын энергия көздерін дамытуға, өнеркәсіп секторында төмен көміртекті технологияларды енгізуді ынталандыруға, сондай-ақ электромобильдерді дамытуды қолдауға бағытталды», деді Е. Нысанбаев.
Жасыл жобаларды ілгерілету үшін Readiness II жобасы аясында былтыр әзірленген Елдік бағдарламаға 7 жоба енгізілген. Жобалар энергетика секторындағы парниктік газдар шығарындыларын азайтуға, ауылды елді мекендердегі орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелерінің тұрақтылығын арттыруға, мал шаруашылығы фермаларын жаңғыртуға, сондай-ақ «жасыл» қаржыландыру саласындағы жеке сектордың бастамаларын қолдауға арналған. Бұл жобалардың құны шамамен 1 млрд долларды құраса, оның 630 миллионын аталған Қор қаржыландыруы мүмкін.
Сонымен қатар елімізде жаңартылатын энергия көздері бойынша Жасыл климаттық қор мен Еуропалық Қайта құру және Даму банкі бағдарламасы аясында жалпы қуаттылығы 330 МВт болатын жаңартылатын энергия көзі саласында 11 жобаның құрылысын қолдау көзделген. Қазіргі уақытта 9 жоба қаржыландырылды. Экологиялық жобалар үшін ауқымды халықаралық қаржыландыруды тарту Қазақстанның экономиканы декарбонизациялауға және көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге бағытталған стратегиялық бағытын көрсетеді. Бағдарламаны табысты іске асыру қоршаған ортаға экологиялық жүктемені едәуір төмендетуге, инфрақұрылымды жаңғыртуға және мыңдаған жаңа «жасыл» жұмыс орындарын құруға жағдай жасайды. Сарапшылар мұндай ауқымды инвестициялар жергілікті экологиялық міндеттерді шешуге ықпал етіп қана қоймай, климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі жаһандық бастамаларда еліміздің сенімді әріптес ретіндегі имиджін нығайтатынын атап өтеді.