Елорда • Кеше

Тазалық табалдырықтан басталады

40 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Астана ғаламдық мөлшер мерзімінде алсақ аз уақытта елдің басты ордасы болуымен қатар жаһандық жиын, мәдени майдан ошағына айналды. Сондықтан Қазақстанның келбеттік көрсеткішінің таза әрі жайлы болуы – мүдделі меже. Бас шаһар бұл тұрғыда қанатын қомдап, қарқынын үдетіп келеді. Алғашқы оң нәтижелер тайға таңба басқандай айқындалып, елорда тазалығы әлемдік рейтингтер ретіне іліге бастады. Мәселен, бұған дейін «The Telegraph» басылымы әлемдегі экологиялық ең таза қалалардың тізімін тізбектегенде Астана озық отыздың қатарынан табылды. Мұндай биік белестер қарапайым қадамдар мен жұмысшы мамандардың маңдай терімен байланысып жатқаны сөзсіз.

Тазалық табалдырықтан басталады

Фото: Толғанай Батырхан

Ұлттық статистика бюросының сан дерегіне сүйенсек, Астана тазалығын сақтауға 31 мекеме мен кәсіпорын жұмылады. Солардың ішінде қаланың 40 пайызға жуығында санитарлық талаптың тоқырамауын «Астана Тазалық» ЖШС қамтып отыр. 2008 жылы негізі қаланған серіктестікте ресми 1664 адам тер төгіп жүр. Бұл сан маусымдық жұмыс тұсында көбейе түседі. Мекеме мамандарының жұмыс күні де өзгеден ерек ерте басталады. Жаздың аптабы мен қыстың қаһарлы аязында, көктемнің өкпек желі мен күздің қара суығында қажымайтындар таңғы 3-те таңмен таласа оянады.  Мекеменің тасымалдаушы көлігімен жұмысқа жеткізіліп, 5: 40-та бөлінген учаскелерін қоқыстан арылтуға аттанады.

Жол жұмысшысы жеткізген тілек, шешімін күтеді

 «Еңбек ерлерінің» жұмыс барысымен танысуға барғанда қалыптасқан тәртіп 1 секундқа кешікпейтінін көріп таңдандық. Жұмысшыларды аймақтарға бөліп, міндеттерін жіктеп, үйлестіруші  Гүлнара Нұрмышеваның айтуынша,  «Сарыарқа» ауданында 90 маман үш ауысымда қоқыс жинап, көшелерді жуып-шаяды, шаң – тозаңнан тазартады. Бұл топқа жаз маусымында қала тұрғындары мен қонақтары жиі серуендейтін, содан болар қоқыс көлемі әдеттегіден көп жиналатын  Есіл жағалауының маңын айнадай ету міндеті тиесілі. Соған қарамастан көлденең қоқыс жатпаған учаскенің тазалығын үздіксіз сақтау сырын Гүлнара Қыдырбайқызы баяндап берді.

«Есіл жағалауы - мереке немесе жай ғана жаздың жайлы кешінде адамдар ең көп жиылатын орын болғандықтан сауда қатарлары мен көңіл сергітетін аймақ көп. Осы себептерді ескерсек, бұл орын ең қатты шашылып жататын аумақ болу керек. Десе де біздің қызметкерлер мұндайға жол бермейді. Өйткені біз аумақты ашық қалдырмаймыз. Таңғы 6-дан 16: 00-ге дейін осы топ тазалықты сақтайды, қоқыс жәшіктеріне дейін босатады. Бізден кейін екінші ауысым түнгі 12-ге дейін  жағалаудың жарқырап тұруына үлес қосады», деген Гүлнара Қыдырбайқызы тұрмыстық қалдықтармен, антисанитариялық жағдаятпен күнбе-күн бетпе-бет келетін жол жұмысшыларының қызметін денсаулыққа және өмірге зияны бар жұмыс қатарына қосу ұсынысын ортаға салды.

«Ұйқы режимі бұзылуының тән саулығына әсерін айтпағанның өзінде қоқысты қолмен ұстаймыз. Ал қоқыс жәшіктерінде қандай зиян, жағымсыз заттардың жиналатынын тәптіштеп айтып жатудың өзі артық. Күн сайын қоқыс айналасында тыныстайтынымызды қаперге алсақ, бұл өз кезегінде денсаулығымыздың сыр беруіне соқтырады. Түйінді тақырыпты көтеріп-ақ келеміз әлі де оң шешімін табатына тілектестік, сенім білдіреміз», деді ол.

рр

Мәселе мәніне үңілсек, үн қосатын үдеріс. Асылында қаланы тазарту миссиясы тұрғындардың денсаулығын сақтаумен үндесіп жатыр. Ал осы мақсатты жүзеге асырып жүргендердің саулығына қамқорлық таныту Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында шешімін күтеді.

  Қала тазалығы – сана тазалығы

 Тазалық сақшылары жазда көшелерді, жаяу жүргіншілер жолын жуып-тазалап, қоқыстарды жиып, шығарумен, аялдамаларды тазартумен айналысса, қысқы шаруалар да қауырт әрі қызу еңсеріледі. «Астана Тазалық» ЖШС бұл мезгілде қар тазалап, оны қала сыртына шығарып, көк тайғаққа қарсы реагент себеді. Түйіндей тарқатсақ тұрғындардың жайлы тіршілігіне жағдай жасайды.  Өмірінің 6 қыс – көктемінде осындай міндеттерді мүлтіксіз орындап жүргендердің бірі жол жұмысшысы – Надырбек Бақытнұр. Қоғамға пайдалы істен тіршілігін түлетіп отырған кейіпкеріміз тұрғындардың экологиялық тазалық тәртібін бұзбауы жұмыстарын едәуір жеңілдететінін тілге тиек етті.

оо

«Бес саусақ бірдей емес. Кей адамдар қалдық, қоқысты арнайы орындарға тастаса, кейбірі кез келген жерде қалдырады. Біздің міндетіміз осындай олқылықтарды түзету. Жұбайым екеуміз бірдей осы мекеме қызметкеріміз. Тасымалдау, мезгіл сайын арнайы киім, құрал-жабдық уақытылы беріліп тұрады. Мерекелік сыйлықақылар да жұмыс істеуге шабыттандырады», деген жол жұмысшысының негізгі мамандығы – дәнекерлеуші. Ал Астана тазалығына қосып жүрген үлесі жүрек қалауы.

Қала көшелеріне көз жүгіртсек қоқыс жәшіктері мен контейнерлер жеткілікті. Тек кей аумақтарда қоқыс контейнерлерін жаңалау, сұрыптап тастауға қолайлы жәшіктерді көбейту көңіл аударарлық мәселе. «Астана Тазалық» ЖШС осы мазмұндағы тұрғындардың талап-тілегіне құлақ асуды, оны шешуді оң жолға қойған.

«Астаналықтар қоқыс жинау, шығаруға қатысты ұсыныс-шағымын 109 iKomek қалалық қызметі немесе ресми сайт арқылы жолдай алады. Мекеме шағымды шешімсіз қалдырмауға ден қояды. Бұдан бөлек қоқыстарды бекітілген кесте бойынша таңертең, кешке арнайы полигондарға апарып тастаймыз», деді «Астана Тазалық» ЖШС Өндірістік-техникалық бөлімнің бас маманы  Әнуар Магалов.

Жұмыс кедергісіз дөңгелеу үшін мекеме құзырында 440-тан астам арнайы техника бар. Техника түгел заманауи GPS-навигациямен жабдықталған.

Адамның адал еңбегі, жұмысшылардың техника тілін жетік меңгеруінің арқасында Астананың тынысы ашылып, шырайы артып тұр. Мемлекетіміздің айнасы - бас қаланың мұнтаздай тазалағын шетелдіктер де аңғарған. Астана төрін аралай жүріп Португалия, Испания, Чех республикасынан келген құрбыларға кезігіп, Астана тазалағын бағалауды сұрадық.

«Астанаға келгенімізге алдымызға 4, кейінгілерімізге бір күн болды. Астана қаласы ұнап жатыр. Тазалығы - тамаша», деп бас бармақпен бағалады топ турист. Келесі осы сауалымызға Белгиядан келген жұп жауап берді. «Астанадағы алғашқы күніміз. Айналамыз таза. Көңілімізден шығып жатыр. Десе де қаланы түгел көріп үлгермегендіктен 5 баллдық жүйеден 4 балл береміз», деді олар. Ал Германиялық туристтің Астанада түнегеніне екі күн болған. Бұған дейін Қарағандыға да табан тіреп келген ол күрежол бойындағы тазалықты айрықша атап өтті. «Бірінші Қарағанды қаласына 5 күн сапарлап келдім. Қарағанды-Астана арасы жақын болғандықтан мұнда жеңіл көлікпен жеттім. Жол бойы таза, қоқыстар көзіме түспеді. Бұл мені қуантты. Ал Астана әдемі әрі таза қала екен», деп ой бөлісті шетелдік азамат.

Жергілікті астаналықтардың да пікірі осы мазмұнға саяды. Бізге пікір білдірген басым жұрт қала тазалығына жағымды баға қойса, бір тұрғын қала маңындағы ауыл-аймақтың да тазалығын бақылауда ұстауды ұсынды.

Өзіміз өмір сүріп отырған қаланың тазалығы «Астана Тазалық» ЖШС жұмысшыларының ғана емес әр тұрғынның қадамына қарайлайды. Тазалық табалдырықтан басталатынын қаперге алсақ, қала тазалығы - сана тазалығымен астасуы тиіс.