Қоғам • Кеше

Дертке де түсіністік керек

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада психикалық денсаулық мәселесіне арналған дөң­гелек үстел өтті. Дүниежүзілік шизофрения туралы ақпарат­тандыру күніне орай ұйымдастырылған басқосу «Стереотипсіз психикалық саулық: шизофрения туралы нені білу керек?» тақырыбына арналды.

Дертке де түсіністік керек

Дөңгелек үстелге елі­міздің жетекші меди­цина мамандары, мемлекеттік орган өкілдері, психи­калық денсаулық сала­сын­дағы сарапшылар мен қо­ғам белсенділері қатысты. Ке­лелі кеңесте Республикалық пси­хи­калық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Алтынай Есқалиева шизофренияны басқарудың жолдарын айтып берді.

«Шизофрения – күрделі, бірақ басқаруға болатын дерт. Егер ауруды ерте анықтап, уақ­тылы емдесе, науқастың өмір сапасы айтарлықтай жақсарады. Емнің негізі – антипсихотикалық препараттар. Сонымен қатар когнитивті-мінезқұлықтық терапия, психоәлеуметтік қолдау, жұмысқа орналасуға көмектесу, бейімдеу тренингтері мен отба­сының қатысуы науқастың толық­қанды өмірге оралуына сеп болады. Қоғам тарапы­нан түсіністік пен қолдау пациент­тердің бейімделуінде шешуші рөл атқарады», деді А.Есқалиева.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, шизофрения жаһанда 24 миллионнан астам адамда кездеседі. Яғни шамамен әрбір 300-адам, ересектер арасында әрбір 222-адам осы диагнозбен өмір сүреді. Елімізде шизофрениямен ауыратын 40 мыңнан астам адам бар. Ауру белгілері әдетте 20–29 жас аралығында байқалып, адамның ойлау жүйесіне, эмоциясына, әлеуметтік қарым-қатынасына, жалпы өмір сапасына кері әсерін тигізуі мүмкін. Ғалымдар шизофренияның пайда болуына генетикалық бейімділік, қоршаған орта әсері, психоәлеуметтік факторлар ықпал етуі мүмкін екенін айтады. Көпшілікке шизофрения  өмірді түбегейлі өзгертіп жіберетін ауыр үкім сияқты көрінуі мүмкін. Алайда медицинаның дамуы мен заманауи емдеу тәсілдерінің арқасында бұл дертпен өмір сүруге болатыны дәлелденді. Дұрыс ем мен тұрақты бақылау жүргізілген жағдайда науқастардың кемінде үштен бірі тұрақты ремиссияға жетіп, қалыпты өмір сүре алады.

«Стереотипсіз психикалық саулық» ұранымен өткен жиын – елімізде психикалық сау­лыққа деген көзқарасты өзгер­туге ба­ғытталған маңызды қадам­дар­дың бірі. Ашық әңгіме, сапалы медициналық көмек, қолжетімді ақпарат, қоғам тарапынан қолдау – бұл мәселеде басты құрал. Меди­циналық көмек сапасы жақ­сар­са, саланы ілгерілететін бастамаларды қоғам қолдаса ғана оң нәтижеге қол жеткізуге болады.

         

Кәмила ТАЙТӨЛЕУ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 3-курс студенті